- Азаматтар қандай жағдайларда бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емхананы ауыстыра алады?
- тұрақты немесе уақытша тұратын мекенжайын, оқу орнын немесе жұмыс орнын (басқа әкімшілік-бірлік аумағына) ауыстырғанда;
- емхана қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылғанда;
- еркін таңдау құқығы бойынша жылына бір рет;
- жыл сайынғы тіркеу науқаны кезінде.
- 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өткізілетін тіркеу науқаны шеңберінде емханаға тіркелу тәртібі қандай?
Азаматтар бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына Egov порталы арқылы тіркеле алады. Ол үшін не істеу керек?
- Алдымен Egov порталына тіркелу қажет;
- «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медицина ұйымына тіркеу» санатын таңдаңыз;
- Тұратын өңірді, тіркелгіңіз келетін медицина ұйымын көрсетесіз, мекенжайыңыз бен байланыс телефондарын қалдырыңыз;
- «Тіркелу себебі» бөлімінде «тіркеу науқанын» белгілеңіз;
Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады, жауабы жеке кабинетіңізге келеді.
- Емханаға тіркелудің басқа қандай жолдары бар?
Азаматтардың кейбір санаттарына емхананың тіркеу бөліміне барып, өтініш жазу арқылы тіркелуге мүмкіндік берілген. Ол үшін жеке куәлік болса жеткілікті. Бұл мүмкіндікті:
- зейнеткерлер мен мүгедектер;
- студенттер;
- балалардың заңды өкілдері мен балалық шақтан мүгедек азаматтардың қамқоршылары;
- шетелде туған балалар;
- түрмеде жазасын өтеп жатқандар;
- әскери борышын өтеп жатқан жауынгерлер;
- балалар мен бөбектер үйінің, қарттар үйінің тұрғындары;
- ресми сенімхат негізінде тіркелгісі келетін азаматтар пайдалана алады.
- Пациент тіркеу науқаны кезінде таңдаған емхана қызметін қай кезден бастап пайдалана алады?
Дәстүрлі науқан кезінде емхана ауыстырған азаматтар аталған медицина ұйымының қызметін келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады. Ал жыл соңына дейін бұрын тіркелген емдеу мекемесінің қызметіне жүгінеді.
- Емхана қандай жағдайда сізді тіркеуден бас тартуы мүмкін?
1) пациент жіберген құжаттардағы мәліметтің қате болуы;
2) пациенттің мекенжайының таңдап алынған емдеу мекемесі орналасқан бірлік аумағынан алыстығы;
3) бір дәрігерге тіркелген адам санының 1700 адамнан, учаскелік терапевке тіркелгендер санының 2200-ден, учаскелік педиатрға тіркелген 0-6 жасқа дейінгі балалар санының 500-ден, 0-14 жасқа дейінгі бала санының 1400-ден асып кетуі;
4) баланың немесе жоғарыда көрсетілген тұлғалардың заңды өкілі екенін растайтын құжаттың жоқтығы.
- Емдеу мекемесі тіркеуден негізсіз бас тартса, не істеу керек?
Ондай жағдайда пациент Қордың 1406 байланыс орталығы арқылы немесе Qoldau 24/7 қосымша арқылы шағым қалдыра алады.
- Жекеменшік медицина ұйымдарына тіркелуге бола ма?
Азаматтар мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникаларға да тіркеле алады. Бастысы, сіз таңдаған клиниканың Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарты болса болды. Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емхана саны – 73, оның жартысына жуығы – жекеменшік.
- Егер тіркелген емханаңыз сізге қажетті қызметті көрсетпесе не істеу керек? Басқасына ауысу қажет пе?
Сізге қажетті қызметтердің кейбірі (консультативтік-диагностикалық қызмет, салалық мамандар қызметі) тіркелген емханада көрсетілмейтін болса, басқасына ауысудың қажет жоқ. Мұндай жағдайда емхана сізге басқа емдеу мекемесіне жолдама беруі тиіс. Жолдама қосымша келісімшарт негізінде беріледі.
- Сақтандырылмаған азаматтар емханаға тіркеле ала ма?
Емханаға тіркеу кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде жүргізіледі. Сондықтан тіркелу үшін сақтандыру статусы болуы шарт емес.
- Тіркеу науқанына қатысып жатқан емханалар тізімін қайдан алуға болады?
Тіркеу науқанына қатысатын емдеу мекемелерінің тізімімен Қордың fms.kz сайты арқылы танысуға болады (https://fms.kz/kk/content/tmkkk-zhne-mms-zhetkizushilerinin-tizilimi). Тізімде филиалмен жұмыс істейтін барлық емдеу ұйымдары (стационарлар да, емханалар да) көрсетілген. Тіркелу үшін емханаларды таңдау қажет.