Мектепке дейінгі ұйымдарда барлық санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Кезекші топтағы балалар саны 15-тен аспайды. Ұйымдардағы балалар мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына, оларға қауіпсіз жағдай жасау үшін жауапкершілік мекеме басшысына жүктелген.
Қызметкерлер мен келушілер үшін қолжетімді орындарға антисептиктер орналастырылған. Тәрбиешілер балалардың қолдарын әрбір тамақтанудың алдында, далада серуендеп келгеннен кейін де жуып отырады. Бөлмелерге күніне екі рет дезинфекциялық тазалау жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Сонымен қатар Шымқалада карантиндік шектеулерге өзгерістер енгізілді. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық ор-
талықта өткен брифингте Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өкілдері мәлімдеді.
Баспасөз мəжілісінде спикер Болат Бахтиярұлы қаладағы қазіргі эпидемиялық жағдай туралы жеткізді. Сондай-ақ жаңа қаулыда енгізілген өзгерістер жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, Шымкент қаласында 2020 жылдың
24 наурыз бен 20 қыркүйек аралығында 5186 коронавирус індетін жұқтыру жағдайы тіркелді. Жалпы қарым-қатынаста болған 9649 адам анықталып, медициналық бақылауға алынған. Бүгінде карантиннен алынғаны – 8700. Оның 4581-і сауығып шыққан. Ал 539 науқас ем алуда.
Бұл орайда Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №38 қаулысы жайына тоқталсақ, кейбір нысандардың жұмысына жеңілдету шаралары енгізілді. Атап айтқанда, спорт нысандарындағы жұмыстар бір келушіге 5 шаршы метрге дейін, сыйымдылығы 50 пайыздан аспайтын, алдын ала жазылу бойынша сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері ұйымдастырылды.
СПА-орталықтары, әсемдік салондары, шаштараз, косметикалық және косметологиялық қызметтер көрсететін орталықтар алдын ала жазылу бойынша бір келушіге 4 шаршы метрден, жұмыс уақытын шектеу арқылы сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істейді.
Моншалардың сыйымдылығы 50 пайыздан аспайтын және бір келушіге 4 шаршы метрден, жұмыс уақытын шектеу арқылы сағат 21:00-ге дейін істейді. Бір адамға су бетінің 5 шаршы метр есебімен, алдын ала жазылу бойынша сағат 23:00-ге дейін бассейндердің қызметіне рұқсат етілді.
Сыйымдылығы 30 пайыздан аспайтын және бір келушіге 4 шаршы метрді сақтаумен сауда-ойын орталықтарының, сауда үйлерінің (дүңгіршіктер), сауда желілерінің жұмысы шектеліп, сағат 21:00-ге дейін ашық болады. Гүл сататын нысандар қызметі қалыпты режімде жұмыс істейді.
Жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері қоғамдық көлік қозғалысының уақыты сағат 07:00-ден 21:00-ге дейін белгіленіп, маска тағу, шектеулі орын саны қадағаланады.
Кейбір нысандардың жұмысына жеңілдету шаралары енгізілгеніне қарамастан, тыйымдар сақталып отыр. Мəселен, жеткізу және шығару режімінде қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысын қоспағанда 50-ден аса отыратын орны бар қоғамдық тамақтану нысандарының жұмыс істеуіне тыйым салынды. Кинотеатрлардың, сауда ойын-сауық кешендері мен орталықтардың, балалар ойын алаңдарының, мұз алаңдарының, батуттар мен фудкорттардың, жәрмеңкелердің жұмысы шектелді. Маска тағу, әлеуметтік қашықтық сақталған жағдайда ашық кинотеатрлардың жұмысына рұқсат етілді. Сондай-ақ өңіраралық автобус пен шағын автобустардың жүруіне тыйым салынды.
Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің әкімшілік-құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімі басшысының айтуынша, қалада өткен тәулікте коронавирус инфекциясымен ешқандай жағдай тіркелмеген.
ШЫМКЕНТ