Қатысушылар министрмен бірге дәрі-дәрмекті сатып алуды жетілдіру, жоспарлау және логистика, фармацевтика нарығының даму мәселелерін талқылады. Қоғамдық жұмыс тобының ұсынысы бойынша «СҚ-Фармацияда» компания қызметінің стратегиялық бағыттарын жобалау топтары ашылады, олар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге көмектеседі. Дәрі-дәрмек сатып алу менлогистиканы жетілдіру, жоспарлау, таңбалау, отандық фармацевтикалық өндірісті, Big Pharma бағдарламасын (ТОП-30 Халықаралық фармацевтикалық брендтерінің тәжірибесі), IT дамытуға ықпал етеді.
Кездесу барысында министрге компания жұмысының барынша ашық болуына әсер ететін тетіктер ұсынылды. Мәселен, жақында «СҚ-Фармацияда» «Проблемалық мәселелер кітабы» ашылды. Жұмыс тобының отырысында көтерілген барлық мәселе «Проблемалық мәселелер кітабына» енгізіледі, қаралады және жедел шешім қабылданады. Атап айтқанда, «Проблемалық мәселелер кітабы» аясында 44 жүйелі мәселе көтерілді.
«СҚ-Фармация» жұмыс тобының мүшелері бірыңғай дистрибьютор жүргізетін пандемияға қарсы күрес жөніндегі жұмысқа азаматтық қоғамның белсенді қатысуын қамтамасыз еуді ұсынды. Отырыста әлеуметтік маңызы бар орфандық препараттарды қоса алғанда, дәрі-дәрмектердің мерзімі мен оны тіркеу мәселелері көтерілді.
Өз кезегінде, министр әлемде кез келген препарат міндетті тіркеуден өтетінін, өйткені өнімнің қауіпсіздігі пен тиімділігіне қатысты мәселе туған жағдайда мемлекеттік орган тиісті тексеру жүргізу үшін құжат қажет екенін атап өтті. Себебі сирек кездесетін ауруы бар науқастардың өмірі кейде белгілі бір препаратқа тәуелді болады.
Сонымен қатар қоғам белсенділері фармакологиялық қадағалауды күшейтуге назар аударды. Өйткені сары карталар жеткіліксіз және дәрілік заттарды пайдаланудың тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалауда жүйелі тәсіл қажет.
Қоғам белсенділері Қазақстан аумағында тіркелмеген ДДҰ негізгі дәрілік заттар тізіміне кіретін дәрі-дәрмекті қолжетімді ету туралы ұсыныс жасады. Жұмыс тобы мүшелерінің пікірінше, бұл халықты базалық дәрілік заттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыс тобы әр өңір деңгейінде мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін дәрілік заттарды тұтынуды бағалау мәселесін қарастыруға жеке тоқталды. Сонымен қатар тараптар пандемия жағдайында денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеу модельдерін талқылады, халықты үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдірудің жалпы тәсілдерін белгіледі.
«Компанияда енгізілетін барлық жаңалықты, үздіксіз дәрі-дәрмек жеткізуді жолға қою және бірыңғай дистрибьютордың жұмысын жақсарту үшін қажетті шаралар қабылдау жоспарланып отыр», деді «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев.
Кездесу қорытындысы бойынша А.Цой министрліктің қоғам белсенділерімен ынтымақтастықта өзара іс-қимылға дайын екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, «СК-Фармация» ЖШС-де қоғамдық жұмыс тобы құрылды. Оған азаматтық қоғам мен бизнес-қауымдастық өкілдері, депутаттар мен салалық сарапшылар кірді. Жұмыс тобы қоғамдық маңызды мәселелерді шешу үшін азаматтық қоғаммен өзара қатынасты жақсарту мақсатында құрылған. Бүгінге дейін 2 отырыс өткізді. Жұмыс тобының жиыны «СҚ-Фармация» ЖШС фейсбуктегі ресми парақшасында тікелей таратылады.