Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша өткен тәулікте індет 1039 үндістандықтың өмірін жалмады. Пандемия басталғалы
95 542 азаматынан айрылған бұл ел ауру жұқтырудан АҚШ-тан кейінгі орында тұр.
Үндістан билігі КВИ-мен күреске барын салғанымен, тыныш заманның өзінде кедейі көп, санитарлық нормалар сақтала бермейтін ел аурудан көз ашар емес. Осы күнге дейін жалпы 6 074 702 адам індет жұқтырған.
* * *
Аргентинаның денсаулық сақтау министрлігі бір тәулікте 8 мыңнан аса адамның ауру жұқтырғанын хабарлады.
Дәлірек айтқанда, 8 841 адам дімкәс. Осылайша, елде індеттің ілмегіне іліккендердің жалпы саны 711 325 жанды құрап отыр. Бір тәулікте 206 пациенттің демі таусылып, құрбандар саны 15 479 адамға жетті. Бұрын Аргентинада бір күнде 11 мың вирус жұқтыру жағдайы тіркелген күн де болған.
Жалпы, Латын Америкасында COVID-19 қарқыны өте қатты. Бірнеше айдың жүзінде пандемия көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында келген Бразилияның да осы құрлықтан екенін еске сала кетейік.
* * *
Колумбия COVID-19-бен күресте дің жасушаларын қолданбақшы.
Елдің денсаулық сақтау министрлігі КВИ-мен күреске дің жасушаларын пайдалану тәжірибесін қолға алғанын жазды. Эпидемиолог Сантьяго Салдарриаги «Пациенттер арасынан 40 науқасты іріктеп алып, олардың 20-сына дің жасушаларын қолдану арқылы ем жүргізіліп, қалған 20-сында әдеттегі терапия қолданылды. Екеуін салыстыра келе, дің жасушаларының ажалмен айқаста қандай күші барлығын білетін боламыз», деді.
Колумбияда бір күнде 7 018 адам вирус жұқтырған. Індет басталғалы 813 056 колумбиялықтан коронавирус инфекциясы анықталды. Кеше 192 адам көз жұмып, жалпы құрбандар саны 25 488 жанды құрады.
* * *
Мәскеу мэрі Сергей Собянин мен Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьев соңғы уақытта вирустың өршуіне байланысты азаматтарға шектеу шараларының маңыздылығын мәлімдеді.
Мәскеуде дүйсенбіден бастап метро стансаларында ауыз-мұрынды жауып жүру режімін қадағалау басталған. Енді жолаушылар міндетті түрде қызуын өлшеуге қарсылық танытпауы тиіс. 65 жастан асқан және созылмалы аурулары бар адамдарға үйлерінде қалып, бөлек тұратын туысқандармен де араласуды шектеуге кеңес берілді. Алайда таза ауаға шығып тұруға ешқандай тыйым жоқтығы айтылған. Ал азық-түлік, қажетті тауарлар алуды отбасының жасы кіші мүшесі атқарғаны жөн. Дәрі-дәрмекті, қажеттілік туғанда азық-түлікті де «Қауырт желілер» арқылы тапсырыспен алуға болады.
Собянин жұмыс берушілерге мүмкіндігінше азаматтарды қашықтан жұмыс істейтін етіп, ал олай ете алмаған күнде барлық сақтық шараларын мұқият қадағалау қажеттігін қадап айтқан. Мэр соңғы тәуліктерде аурудың өршуіне алаңдап, жексенбі күні жаңадан 2 016 ауру тіркелгенін, мұндай жағдайдың 2 маусымнан кейін болмағанын жеткізген.
* * *
Le Monde газеті француздарды католиктік Рождество мейрамы уақытында аурудан сақтау үшін билік шектеу енгізуі тиіс деп жазды.
Баспасөздегі бағанда 2019 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Эстер Дюфло мен үнді-америкалық зерттеуші Абхиджит Банерджи осындай пайымдарын жазған. Әсіресе бұл шектеу жасы ұлғайған жандар үшін қатаң сақталуы тиіс, мұны биліктің ескергені жөн деген.