Алматы қалалық ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен “Арлан” арнаулы бөлімшесінің қызметкерлері үшін наурыз айының соңғы күнінің қиындығымен қоса, жетістігі мен қуанышы да мол болды. “Қазкоммерцбанктің” қауіпсіздік қызметі өкілдерінің хабарын алған бойда, шұғыл түрде банкке жеткен олар жеке кәсіпкер мен оның әпкесін бес жастағы қызымен бірге қарақшылар қолынан құтқарып алды.
Бұл оқиғадан бұрын да ауыр қылмыстарға барып, жауапқа тартылған қарақшыларды құрықтау, айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде, әрине, оңай соқпағаны сөзсіз. “Қылмыскерлер қайткенде де өздері көздеген арам ойлы мақсатына жетпек болып, барынша қарсылық көрсетті”, дейді ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы, полковник Козлов. Оқиғаның қауіпті жағдайға ұласуына тағы да аңғалдық себеп болған тәрізді. Электр құрылғыларын жөндеумен айналысатын жеке кәсіпкер мен оның жиырма бес жастағы әпкесі қарақшылар қолына байқаусызда түскен. Өздерін “клиентпіз” деп таныстырған қарақшылар мамандарды алдын-ала жалға алған үйге алдап шақырған. Пәтерге алғаш кірген Романды олар бірден соққыға жығып, сыртта жеңіл мәшинеде оны күтіп отырған апасы мен оның бес жастағы қызын үйге шақыруға бұйырады. Жас әйел мен оның қызын қозғалмайтындай етіп байлап тастаған бұзақылар, кәсіпкер жігітке өздерімен бірге банкке барып, оның өз есеп-шотынан 17 миллион теңге алуын бұйырады.
Біршама уақыттан бері оларды сырттай бақылап жүрген қарақшылар, олардың әкелерінің үйін сатып, ауқымды қаражатты иеленгендігінен хабардар болатын. Суық қару мен және әлдебір сұйық толтырылған шприцтері бар қылмыскерлер кәсіпкер жігітті “егер айтқанымызды орындамасаң, онда әпкеңе және оның кішкене қызына инъекция арқылы СПИД-қатерлі дертін жұқтырамыз” деп үрейін алып, қорқытқан. Бауырларының өмірі үшін қатты алаңдаған жігіттің олардың бұйрығына көнбеске амалы да қалмағандығы белгілі. Бір құптарлығы, Роман банкке келгеннен кейін өзін және бауырларын қылмыскерлер қолынан құтқарудың ең ұтымды амалын тапқандай болады.
Есеп-шоттан ақша алуға арналған қағазды толтырып тұрып, оның астына қарақшыларға байқатпай “мен қарақшылардың нысанасында тұрмын, туыстарыма да үлкен қатер төніп тұр” деп жазып береді. “Бұл орайда, әрине “Қазкоммерцбанктің” операциялық бөлімі қызметкерлерінің және бөлім бастығының, банктің қауіпсіздік қызметі өкілдерінің кәсіби шеберлігін, өз істеріне деген жоғары жауапкершілігін атап өту қажет” – дейді Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.
Сөйтіп, Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен “Арлан” арнаулы бөлімшесі өкілдерінің шұғыл да батыл қимылы нәтижесінде қылмыскердің бірі пәтерде, өзгелері банктің ішінде қолға түсті.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.