Руханият • 17 Наурыз, 2015

Мәңгілік Елдің мұраты

951 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Аласапыран кезде ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқын арайлы азаттыққа бастады. Сол арқылы арқауы үзіліп қалған елдік дәстүр жалғанып, төрт құбыласы түгел мемлекеттің негіздері орнықты. Күн астында алтын қыраны қалықтаған аспан түсті көк байрақ ас­қақ желбіреді. Ұлт ұйысып, қаймағы бұзылмаған берекелі бірлік орнады.

Мәңгілік Елдің мұраты

Өміршең өркениет өзегі

Тарих - шындыққа айналған тағдыр. Әрқилы тағдырдың тоғысып, адамзаттың тұтас ғұмырын құрайтыны сияқты, түрлі ұлттың шежіресі де әлемнің ортақ тарихына айналады. Сондықтан дүние тегершігі айналған сайын тарлан тарихтың қатпары арта түседі. Бұл тұрғыдан алғанда, адамзат тағдыры мен өркениет тамырын түркілер тарихынсыз елестету мүмкін емес.

Бағзы тарихқа көз жүгіртсек, қуатты империялар құрған түркілер ғасырлар бойы ұлан-ғайыр аймаққа билік жүргізіп, арғымақтың тұяғы жеткен жерге - Байкалдан Балканға дейінгі орасан зор аймаққа иелік етті. Алтайдан тарайтын айбынды ел тілі жақын, танымы мен талғамы ұқсас бір әлемді - ортақ өркениетті құрады. Алтын тақта отырып билік жүргізген айбарлы қағандар мен айбынды абыздар «Мәңгілік Ел» орнатуды армандады.

Көне Қытай, Үндістан, Иран, Мысыр­мен­ иық тіресіп, өзіндік мәдениетімен олар­­ға балама өркениет құрған Түркі әле­мі Шығыс пен Батыстың, түстік пен те­ріскейдің арасын жалғаған «Ұлы Жібек жолы» арқылы әлемдік сау­даның күретамырына, дүниежүзілік дипломатияның дәнекеріне айналды. Жаһанды жақындастыруда жылқының жалында туған жауынгер­ жұрттың үлесі айрықша болды. Сондықтан ғалымдар түркілерді «жаулаушы ғана емес, өркениетті жасаушы һәм оны жалғаушы ұлт» ретінде бағалауда.

Өркениеттің бір өлшемі - әліппе екені белгілі. Әрбір әліппе пайым мен танымнан, талғам мен түсініктен, дәстүр мен сенімнен туындайды. Ол алтын арқау, сиқырлы сандық іспетті ұлттың жадындағы асыл аманаттар мен қастерлі құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жалғайды, мәдениетті орнықтырады. Бұл тұрғыдан алғанда, жады мен жазуға айрықша мән берген түркілер бүгінгі батыс елдері әлі әліппенің не екенін білмей тұрған тұста төлтума таңбасын қалыптастырды. Асыл арқауы қадымнан бақиға үзілмей жеткен асқақ мұраттарын болашақ ұрпаққа табыстап, аманаттарын мұқалмас мәңгі тастарға қашап жазды.

Ұлы дала өзінің толқымалы тарихында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай заманды да, «боз тайлағы бос келетін» аласапыран уақыттарды да бастан өткерді. «Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» түркілер тағдыры талқыға түсіп, жүректі ұланынан, жерінің құнарынан айырылды. Күңіренген Күлтегін жазбаларына көз салсақ, соның барлығы ағайынның азғанынан, береке-бірліктің аздығынан болды.

Дегенмен түркі жұрты өз әлемін сақтап қала білді. Дүниені нұрландырған ислам діні Түркістан топырағында Бұхари, Матуриди, Рази, Марғинани, әл-Фараби, Ибн Сина, Хорезми, Баласағұни, Ясауи сынды ғұламалардың білігімен жаһұттай жарқырап, жүйеленіп, іргелі ілімге, өміршең өркениетке айналды. Осы қайнардан нәр алған данышпандар философия, математика, алгебра, геометрия, астрономия, медицина сияқты ғылым салаларында бұрын-соңды болмаған төңкеріс жасап, адамзат өркениетіне зор жаңалықтар енгізді, Еуропадағы Ренессансқа түрткі болды.

Өзегінде тектілік пен кісілік, ілім мен парасат жатқан бұл өркениет толе­ранттықтың да тамаша үлгісін көрсетті. «Адамзаттың бәрін сүюді» уағыздаған Ұлы даланың сан алуан тұрғындары бейбіт ғұмыр кешті. Түркілер құрған алып империяларда тең дәрежеде тату-тәтті өмір сүрген түрлі ұлт өкілдері өз тілдері мен діндерін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын одан әрі дамытып отырды.

Алтай мен Ақтеңіздің арасындағы алып аумақты мекен еткен түркілер байтақ территорияға қарамастан тұтастықтарын сақтай білді. Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын шексіз кеңістікте ғұмыр кешкен баһадүр бабалар атамекенін ардақтап, оны алтын таққа балады. Дүниенің төрт тарапына үңіліп, тоқпақ жалды тарпаңды ерттеп мінген олар туған жерді тұғыр етті. Қазір дүниенің түркілер мекендеген қай бұрышына барсаңыз да, Ұлытау мен Қа­ра­тау, Алтай мен Талас, Ақсу мен Қа­ра­су, Сейхұн мен Жейхұн сияқты жер-су аттарын кездестіретініміз сондықтан. Бұл - ғұмыры жорықта өткен жаужүрек ұландардың жеріне деген сағынышы болса керек. Тіпті, Үндістанды тұтас билеп, өз дәуірінің ең құдіретті патшаларының бірі болған Бабырдың да жазбаларынан жеріне деген осы сағынышты сезесіз.

Байтақ түркі тарихының терең тамырлары байырғы тайпаларға барып тірелетіні белгілі. Дүниеге тарыдай шашыраған туыс жұрттың өзегін құрайтын бұл іргелі ру-тайпалар барған жерлерінде көбіне жұтылып кеткенімен, түпкі қазықтары қазақ жерінде қағылғандықтан, олардың атаулары да қарашаңырақта қаз-қалпында сақталып қалған. Сондықтан алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабайұлы жыр­лағандай, қазақ жері - бүгінде тү­гел түркінің құтты қарашаңырағы һәм алтын бесігі екенін ұмытпаған абзал.

Құтты қуат қайнарлары

Қоғамтану мен тарих фило­со­фия­сының атасы саналатын Абдрахман Ибн Халдун бұдан алты ғасыр бұрын жазылған «Мұқаддима» атты атақты еңбегінде «асабийе» деген ұғым қолданған екен. Ол - жақындық, жәрдемдесу, ортақ мүдде, күш біріктіру, құлшыну, сыртқы жауларға бірге тойтарыс беру сияқты мағыналарға келеді. Ибн Халдунның жазуынша, қанның тартуы мен жанның жақындығы шежіре арқылы тайпалық бірлестікке немесе мемлекетке айналады. Ал мүдде бірлігі мен ардың үндесуі - мәдениет пен өркениетті құрайды. Ол «өркениет ағашының тамыры - көшпенділікте, кеудесі - мемлекет пен қала тұрмысында, дәні де мүдде бірлігінде» деп есептейді. Сондықтан Ибн Халдун «бүкіл өркениеттердің бастауында көшпенділер тұр» деген тоқтам жасайды. Бұл ретте ғұлама «көшпенділер» деп түркілерді де меңзеп тұрса керек.

Дөңгеленген дүние бір орнында тұрмайды. Ал темірқазықтың төңірегінде жылжыған жұлдыздар сияқты қозғалған ғасырлар керуені Ұлы даладан бастау алады. Себебі, көшпенділер әркез әрекетте болады. Ал ұдайы қозғалыстан қуат туатыны белгілі. Сонымен қатар, табиғатпен етене байланыста өмір кешетін олар «малым - жанымның, жаным - арымның садағасы» деген ұстанымда болып, ар тазалығы мен абырой биігін әрқашан жоғары қояды. Осыған байланысты ынтымақ пен қоғамның бірлігі басты құндылық болып саналады.

Мәдениеттердің тағдырын адам­заттың ғұмырына теңеп, оның да «балалық шағы, ержетіп, есею кезеңі, кемелденуі және тоқырап, құлдырауы болады» деп жазған Ибн Халдун өркениеттердің құлдырауын қала тұрғындарының тоғы­шар әрекеттері мен ысырапшылдыққа байланысты қарастырады. Әйгілі Әмір Темірге кездесіп, кеңес берген ғалымның ойлары кейін ХХ ғасырда Арнольд Тойнбидің мәдениет туралы пайымдарына негіз қалады. Ал өз кезегінде бұл Л.Н.Гумилевтің баршаға белгілі «пас­сионарлық» туралы теориясына түрткі болды.

Расында, ұлы ойшыл айтқан ұлттар мен мәдениеттердің даму кезеңдеріне дәуірлердің алмасуы мен құтты қуаттардың дүмпулері ерекше серпін береді. Күллі адамзаттың тағдырына тікелей әсер етіп, тұтас құрлықтың картасы мен жағрапияны өзгертуге апаратын мұндай тектоникалық өзгерістер дүркін-дүркін айналып келеді. Бұлардың қатарына Қиыр Шығыстан Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Сібірден Солтүстік Үндістанға дейінгі ұлан-ғайыр аймақты бағындырған ғұндар мен көк түріктер дәуірі, Шығыс Түркістаннан Таяу Шығысқа дейін созылып жатқан Ұлы Салжұқ және Алтай мен Шығыс Еуропа арасындағы шексіз кеңістікке билік жүргізген Алтын Орда дәуірі сияқты аса ірі тарихи кезеңдерді жатқызуға болады. Ұлы даладан бастау алған бұл ауқымды оқиғалардың барлығы да Еуразия кеңістігіндегі орасан зор өзгерістерге түрткі болды. Дәуір алмасып, жаңа мемлекеттер, ұлттар мен ұлыстар тарих сахнасына шықты.

Байқап отырсақ, мұндай текто­ни­калық өзгерістерге негіз болған дәуір­лік дүмпулердің барлығына ортақ сипаттар бар. Біріншіден, Алтайдан бастау алған бұл мемлекеттер қазіргі қазақ даласында қуаттанып, содан кейін ықпал ету аймағын кеңейте түскен. Екіншіден, Шығыс пен Батыстың арасын жалғаған құдіретті державалар «Ұлы Жібек жолы» сияқты әлемдік сауда-экономикалық жолдардың дамуына баса мән беріп, оны өз бақылауларында ұстаған. Үшіншіден, батысқа қарай бағыт алған империялардың бәрінде ұлы мұрат, асыл аңсар болған. Олар әр кезеңде «Өтүкен», «Ергенеқон», «Жерұйық», «Жиделібайсын», «Қызыл алма», «Дәулет әбәд мүддет» деген сияқты түрлі атаулармен көрініс берсе де, түпкі қазықтары «Беңгу ел - Мәңгі ел мұратымен» ұштасып жатқан. Төртіншіден, бүкіл ұлы істер мен тарихи оқиғалардың басында Тәңіріден қуат алған тегеурінді тұлғалар - құдіретті қағандар мен данышпан әміршілер тұрған. Қилы кезеңнің қиын шарттарын жеңе отырып, сын сағатта елін бастап, ғаламат ерліктер жасаған Аттила, Бумын, Естеми, Алпарслан, Бабыр сынды ұлы әміршілер мен даңқты қолбасылар әлем картасының қалыптасуына ықпал еткен. Сондықтан, құтты мекен, экономикалық қуат, ұлы мұрат және тегеурінді тұлға Ұлы Даланың тұрғындарын ұлы өзгерістерге бастап отырған.

Қазақ хандығының қасиетті Қозы­басы тауында ту көтеріп, жеке мемле­кет болып шыққан ХV ғасырда да әлем­дік өзгерістерге жалғасатын осын­­дай дәуір алмасуына тұспа-тұс кел­ген еді.

Алмағайып өзгерістер заманы

Расында, Ибн Халдун айтқандай, әр нәрсенің басы болатыны сияқты, оның соңы да келуі тиіс. Сол сияқты мәдениеттер мен өркениеттер де шыңның шарықтау шегіне шыққаннан кейін, егер өзін жаңалай алмаса, ертелі-кеш тоқырау және құлдырауды бастан кешеді.

Түріктер үшін де бұл қағидат өзгер­меді. Жүздеген жылдар бойы Еуразия кеңістігіне жеке билігін жүргізіп, адамзат тарихына ықпал етіп келген ұлыстың абыройлы алтын ғасыры ұзаққа созылған тоқырау кезеңінің басына айналды. Алтын ғасыр дейтініміз, он бесінші ғасырда Османлы мемлекеті әбден кемеліне келіп, Ыстамбұлды бағындырды. Осылайша, Рим империясының жалғасы болып келген Византияны тізе бүктіріп, оның үстіне Қособада (Косово) батыстың біріккен қолына күйрете соққы беріп, Балкан түбегіне біржола орнықты. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада Мысыр мәмлүктерінің дәуірі жүріп тұрды. Олар қасиетті Мекке-Мединеге иелік етіп, Иерусалим мен Шамға билік жүргізді. Үндістанда Бабыр таққа шығып, Ұлы Моғол империясы құрылды. Иран мен Кавказда Қарақойлы, Аққойлы, Сәфәуи (Севефи) әулеттерінің билігіне жалғасты. Осылайша Еуропа, Азия және Африкаға үстемдік еткен түркілер тұтастықтарын сақтай білді. Халықаралық Түркі ака­демиясының түркі елдеріне арналған «Ортақ түркі тарихы» оқулығын осы кезеңмен аяқтауды ұсынуы да сондықтан.

Дәл осы тұста Ренессанс дәуірінде ұйқыдан оянған Еуропа құрлығында да үлкен өзгерістер басталды. Габсбургтер әулетінің басшылығымен батыс біріге түсті. Ғылымның бұқаралық сипат алуына негіз қалаған дәуір басталып, Иоганн Гутенбергтің баспаханасы іске қосылды. Өнеркәсіп пен сауданың қарқынды дамуы соны мүмкіндіктердің жолын ашты. Португал теңізшілерінің ізденістері мен алыс сапарлары ұлы жағрапиялық ашылулардың басы болды. Колумбтың Америка құрлығына жетуі, Васко-да-Гаманың Африканы айналып өтіп, Үндістанға баруы - жаңа дәуірге жол ашты. Осы кезеңде Чжэн Хэ бастаған Қытай теңізшілері де Үндіқытай арқылы Парсы шығанағына және Шығыс Африкаға аяқ басты. Бұлардың барлығы жаңа сауда жолдарының ашылуына және «Ұлы Жібек жолының» өз маңызын жоюына апарып соқты. Ал бұл өз кезегінде Орталық Азияның және түркілер үстемдік құрған аймақтардың экономикалық тұрғыда құлдырауына, қалалардың күйзелуіне себеп болды. Сауда арқылы түсетін табыс көздері күрт азайып, әлеуеті әлсірей бастаған хандар олжаға таласқандай, бір-бірлерімен аяу­сыз қырқысқа түсті. Осылайша, жұтқа жаугершілік қосылып, бір кездері гүлзар баққа оранған, кітапханалары бай түркі қалалары қаңырап бос қала бастады.

Әуелі өндірістен кері қалу, теңіз және мұхиттарға шыға алмау, ірі сауда жолдарынан айырылу, экономикалық мешеулікке ұшырау арқылы басталған тоқырау дәуірі көп ұзамай басыбайлы бодандыққа апарып соқты. Әрине, оның басқа да себептері болды. Бұл ретте, алдымен желмен жарысқан жылқы дәуірі аяқталғанын айтуға тиіспіз. Кеме және одан кейін шыққан түрлі тасымал көліктері жылқының орнын алмас­тырды. Үшіншіден, жауынгер жұрттың жігерін жасытқан отты қару шықты. Төртіншіден, түркілер ғылым-білімнің жаңа жетістіктерін жүзеге асыра алмады. Оның үстіне ілім мен діннің ара-жігі алшақтап кетті. Бесіншіден, Абай айтқандай, «алты бақан алауыздық» пен «бас-басына би болған өңшең қи­қым» елдің сиқын кетірді. Ағайынның азғанынан, бірліктің аздығынан береке озды, ел тозды.

«Дүние - кезек» деген. Шыңнан төмен сырғудың алғашқы нышандары айбарлы Алтын Орданың іргесі сөгілумен басталды. Осы кезде дербес шіркеуге ие болып, дін тұтастығына қол жеткізген солтүстік-батыс көрші Византияның мұрагері екенін жария етті. Ұлы империяның құлдырауы оның кішігірім хандықтарға бөлінуіне әкеліп соқтырды. Міне, осындай дәуірлер алмасқан алмағайып заманда Қазақ хандығы дүниеге келді.

Бір айта кетерлік жайт, осы кезеңде және одан кейінгі ғасырларда пайда болған хандықтар арасында тек Қазақ хандығы ғана өміршеңдігін көрсетіп, тұтас ұлтқа атын беріп, бүгінгі күнге дейін жалғасып жетті. Әулеттің, аймақтың немесе қаланың атымен аталған өзге хандықтардың барлығы да кейін тарих сахнасынан сырғып кетті. Сондықтан, қазақ хандығының тарихын, Елбасы айтқандай, Орталық Азиядағы ұлттық тарихтың бастауы деуге де болады.

Алаш аңсары - Мәңгі Ел мұраты

Қазақ хандығының құрылуын Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханға өкпелеп кетуіне ғана байланыстырып қарайтындар да табылады. Біздіңше, жүз мыңдаған халқы бар іргелі мемлекеттің құрылуына мұндай «өкпе» негізгі себеп бола алмайды. Оның көптеген тарихи, әлеуметтік, экономикалық және саяси астары болса керек.

Алып империяның құлауы айбарлы жұртты есеңгіретіп кетті. Халық қайырсыз хандар мен әлсіз әміршілерден мезі болды. Ұлы мақсат пен ұйыстыратын ортақ мүдденің жоқтығы елді күйзелтті. Дегенмен, әлі бодандықтың қамытын киіп көрмеген бұла жұрт текті мінезінен айырыла қоймаған еді. Олар «еңку-еңку жер шалған» есіл күндерді аңсады. Ел айырылған осындай алмағайып заманда бұқараның тамырын тап басқан Жиренше шешен елді ынтымаққа шақырды, абыз ақын Асан Қайғы желмаяға мініп, құтты қоныс Жерұйық-Жиделібайсынды іздеді. Сондықтан, біздіңше, Қазақ хандығы құрылуының түпкі астарында да Ибн Халдун айтқандай, мүдде бірлігі жатты. Оны «Алаш аңсары», «Мәңгі Ел мұраты» деп атауға болатын шығар.

Керей мен Жәнібек хандардың құрған жаңа мемлекеттің тұғыры ретінде Шу өңірін таңдауында да осы асыл аңсар жатыр деп ойлаймыз. Бұл орайда, орта ғасырлық дерек көздері Шу өңірінің түріктер үшін қасиетті жер болып саналатынын жазады. Мәселен, Гардизи «Суябқа жақын жерде түріктердің қасиетті тауы бар, олар осы тауға табынып, соған серт береді. Олар «бұл Тәңірдің тұрағы» дейді» деп атап көрсеткен. Қытай деректері де Суяб қаласының солтүстігінде қасиетті тауы түрік қағандарының тағына отыратынын айтады. Демек, Шу өңіріне бет бұрған Қазақ хандығы тарихи жадыны жаңғыртып, байырғы Батыс түрік қағанатының мемлекеттік дәстүрін қайта жалғап отыр.

Бұл орайда Елбасының Ұлытаудағы ұлағатты сөзінде қазақ халқының тарихи тамырларын сонау ғұн, көк түрік және Алтын Орда дәуірімен сабақтастыра қарауында үлкен мән бар деп ойлаймыз.

Көк түріктердің айбынды рухы дүркірей көтеріліп, Ұлы Даланың арда ұлдары ағайынның араздығына қарамай, түгел атқа қонды. Осы құтты қуатты бағалай, бағыттай білген алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақ даласын тұтас билеуді, сол арқылы Жошы ұлысын - Алтын Орданы қайта қалпына келтіруді көздеді. Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи Рашиди» еңбегінде: «Қасым хан күллі Дешті Қыпшақты бағындырып, Жошы ханнан соңғы уақытта ешкім қол жеткізе алмаған табыстарға жетті. Оның әскерінің саны миллионға ұласты» деп жазған. Сондықтан, Қазақ хандығын Алтын Орданың мұрагері деп атауға толық негіз бар. Бұған көптеген себептер бар.

Біріншіден, Қазақ хандығы Алтын Орда мемлекетінің аумағын қамтыды. Екіншіден, хандықтың негізін қалаған әулет Жошының кіндігінен тарады, осыған байланысты хандық «Жошы ұлысы» деп те аталып жүрді. Үшіншіден, Жошы мен оның айбынды ұрпақтары мәңгілікке тыныстаған Ұлытау мен Сарайшық Қазақстан территориясында орналасқан. Төртіншіден, Алтын Орда құрамындағы ру-тайпалар Қазақ хандығының ұйыт­қысына айналды. Ұлысқа қараған тай­палардың, мәселен ноғайлардың лек-легімен Қазақ хандығына келіп қосылуы, қазақ хандарының да теріскейдегі туыстарымен ірі қақтығыстарға бармай, оларды қорғауға тырысуы, мәселен башқұрттарды бауырға тартуы да бекер емес деп ойлаймыз. Бесіншіден, шаңырақ көтерген хандық құдіретті империяның дәстүрлерін жаңғыртуға ұмтылды. Қазақ елінің толерантты мінезі Алтын Ордадан қалған қасиеттің бірі болса керек. Міне, осындай себептерге байланысты Шоқан Уәлиханов кезінде «қазақтар өздерін Ал­тын Орданың ұрпақтары ретінде есептейді» деп жазған.

Құрылғанына көп уақыт өтпесе де құдіретті күшке айналып, Сығанақ пен Сауранды, Отырар мен Сайрамды қайтарып алып, Түркістанды астана еткен жас мемлекет кейінірек Самарқан мен Бұхараға, тіпті, Қашғар мен Ауған­станға дейінгі аймақтарға жорық жасап, Орталық Азияға билік жүргізуге ұмтылды. Хандықтың айбынын асырып, абыройын тасытқан қаһарлы хандардың бірінің Астрахан маңайында мәңгі тыныстауы, енді бірінің Бұхара түбінде опат болуы да ұлан-ғайыр аймақты құраған ұлы мұраттың айғағы болса керек. Бұл - қазақ хандығының Ұлы далада салтанат құрған көшпелі империялардың соңғы жұрнағы екенін көрсетеді.

Қазақ хандығының Шу мен Сыр бойын тұғыр етуінің тағы бір себебі - Еуразия кеңістігіндегі сауда жолдарына бақылау орнатып, экономикалық қатынастарға ықпал етуге ұмтылудан туған еді. Дегенмен, жаңа балама сауда жолдарының ашылуы Жібек жолын қайта қалпына келтіруге кедергі болды. Сондықтан уақыт өте келе әлеуеті кеміп, тұйықтала түскен хандық 1569 жылы Османлы бас уәзірі Соколлу Мехметтің әйгілі Волга-Дон каналы жобасының іске аспай қалуымен бірге батыстан мүлде қол үзді.

Осы ретте айрықша айта кетерлік жайт, кез келген іргелі мемлекеттің құ­рылуына тегеурінді тұлғалардың ерекше серпін беретіні белгілі. Біздіңше, Қазақ хандығының тұғырлы тұлғасы - Қасым хан! Алмағайып заманда дүниеге келген Абылай - есеңгіреген елдің есін жиған хан болса, Қазақ хандығының территориясын айқындап, оны ұлы мақсаттарға бастаған - Қасым хан! Осыны ұрпақ санасына сіңірген кезде ғана біз сол дәуірдің даңқты күндері мен асыл аңсарына қол жеткізе аламыз.

Араға бес жүз жыл салып барып есе­сі кеткен елдің еңсесі қайта тіктелді. Қасым ханның қасқа жолы нұрлы жолға ұласты.

Түркі әлемінің тегеурінді тұлғасы

Мыңжылдықтар тоғысқан тұста дәуір қайта айналды. Қуатты дүмпулер тағы да ұлы өзгерістерге алып келді. Нәтижесінде ХХ ғасырдың империясы құлап, тәуелсіз жас мемлекеттер пайда болды. Солардың арасында абыройлы атын кешегі айбарлы хандықтан алған Қазақ елі де бар еді.

Өткеннің өнегесі - бүгінгінің баға жетпес байлығы. Жеткенін бағамдап, барын бағалаған жан қашанда жүрісінен жаңылмайды. Сондықтан тағылым түйгендер ғана тарихқа бағыт бере алады. Бұл ретте Бродель айтқандай, тарих тұлғаларды тудырады, сол си­­­яқ­ты тарихты да тұлғалар жасай­ды. Аласапыран кезде ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқын арайлы азаттыққа бастады. Сол арқылы арқауы үзіліп қалған елдік дәстүр жалғанып, төрт құбыласы түгел мемлекеттің негіздері орнықты. Күн астында алтын қыраны қалықтаған аспан түсті көк байрақ ас­қақ желбіреді. Ұлт ұйысып, қаймағы бұзылмаған берекелі бірлік орнады. Әлем жұртшылығына өркениеттер қақтығысы емес, мәде­ниеттер келісімінің кілтін ұсынған Назарбаев пен Қазақстан деген ұғымдар балама сөзге айналды.

Қашанда ізгілікті мұрат еткен қазақ жұрты жаңа ғасырда Жерұйығын тауып, парасатты қаласын орнатты. Арқа төсінде құтты қуаттың символы іспеттес асқақ Астана бой көтерді. Еуразияның жүрегіне орналасқан жаңа елорда Қазақстанның бойына қан жүгіртті, ұлттық санаға жаңа мазмұн берді. Күлтегіннің мұрасы келіп, көк түріктің рухын тірілткен, алтын самұрығы аспан тіреп, Бәйтерегі көкпен таласқан елордада «Мәңгілік Ел» мұраты қайта оянды. Кенесарының рухы атойлап, Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштері Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың арасындағы алып аймақта дүркірей көтерілген жасампаздық рухы Ұлы Далаға серпін берді. Елбасының қолтаңбасына айналған әсем Астана түркі өркениетін қайта жаңғыртып, түркі әлемінің алғашқы мәдениет орталығы аталды.

Елбасы кезінде Еуразияның күре­тамыры болған Ұлы Жібек жолын қайта жандандырып, Орталық Азиядағы ық­палын арттыра түсті. Қазақстан ай­мақ­тағы іргелі интеграциялық үде­ріс­тердің белсенді қозғаушысына айналып,­ мәдениеттер мен өркениеттерді жақын­дастырған дәнекер көпірге айналды, мегажобалардың мекені атала бастады.

Бұл тұрғыдан алғанда Роберт Кап­ланның «Маккиндердің Хартланды - ол қазіргі Қазақстан. Батыс Сібірден Каспийге дейін созылып, Орталық Азияның басым бөлігін алып жатқан қазақ даласы Еуразияның дәл ортасына орналасқан» деген сөзі еріксіз ойға оралады.

Көк түріктің атажұртында жас мем­лекеттің іргесін қалаған Қазақстан Пре­зиденті тамыры бір туыс жұртты тү­гендеп, үзіліп қалған алтын арқауды қай­та жалғады. Түркі әлемінің ынты­мақтастығына айрықша мән берген Н.Ә.Назарбаев 1991 жылдың қыркүйек айында түрік еліне ресми сапармен барды. Бұл - кеңестік республика басшылары арасында Түркияға алғаш келген президент ретінде тарихқа енген Н.Ә.Назарбаевтың тарихи таңдауы болатын. Қазақстан мен түркі елдерінің тығыз қарым-қатынастары жыл сайын арта түсті. Елбасы іргедегі бауырлас елдермен достық байланыстарды арттыруға баса назар аударып, Орталық Азия ынтымақтастығын құру жөнінде бас­тама көтерді. Осы мақсатта Өзбекстан мен Қырғызстанның мемлекет басшыларын тарихи Ордабасыда табыстырған Нұрсұлтан Әбішұлы аймақтық ынтымақтастықты арттыру жолында нақты қадамдар жасады. Алтай мен Анадолының арасын қосқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев түбі бір туыс елдер түгел мойындаған тегеурінді тұлғаға айналды.

Анкара қаласында Қазақстан Прези­дентінің, Астанада Түркияның тұңғыш президенті Ататүріктің ескерткіші орна­тылғаны белгілі. Жаңа мемлекеттің не­гізін қалаған ұлы тұлғаларға арналған бұл тұғыр - тегі бір, тарихы ортақ, тілі ұқсас, тағдыры жақын тамырлас түркі жұртының бауырластығына қойылған белгі сияқты. Бұл - аласапыран заманда ұлттық мемлекеттерінің негізін қалап, елдерінің тәуелсіздігі мен бірлігін нығайтуға күш-жігерін сарп еткен және түркі жұртының болашағына қызмет еткен Ататүрік пен Назарбаев арасындағы тарихи сабақтастықты көрсетеді.

Сондықтан болса керек, Түркістан қаласында өткен жиында Түркия Пре­зиденті Абдолла Гүл Қазақстан бас­шы­сының иығына ақ шапан жауып, қолына аса таяқ ұстатып, оны «Түркі әлемінің көшбасшысы» деп бағалады. Ол «Мәртебелі Назарбаев түркі әлемінің ең көреген мемлекет басшысы, шын мәніндегі тұғырлы тұлғасы», деп баға берді. Реджеп Тайып Ердоған 2012 жылы Назарбаевты «күллі түркі әлемінің дуайені» деп атады. Татар халқының даңқты перзенті М.Шәймиев «Түркі әлемінің қайта бірігіп, шаңырақ көтеруі Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегінің арқасы» деп бағаласа, Өзбекстан Президенті И.Кәрімов Ел­басының көрегендігін атап өтті. Мұның барлығы түркі әлемінің Елбасына берген әділ бағасы ретінде бағаланады.

Жалпы, түркі жұртының мемлекет басшылары тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардан бері жиі кездесіп, келелі мәселелер жөнінде пікір алмасып келеді. Жиырма жылдан астам уақыттан бері өткізіліп келе жатқан саммиттерге тұрақты қатысып келе жатқан жалғыз Президент - Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл - Елбасының түркі әлеміндегі көшбасшылығын айқындайтын маңызды жайттың бірі.

Түркі жұртының тағдыры талқыға түс­кен келелі кездесулерге ұйытқы бол­ған Қазақстан Президенті 2006 жылы Анталияда өткен жиында Түркі Ақсақалдар кеңесі, ТүркПА және Тұрақты хатшылық құру туралы бастама көтерді. Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 2009 жылы қазан айында Нахчыванда өткен ІХ Саммитінде түбі бір халықтардың ынтымақтастығын нығайту жолында аса маңызды тарихи қадам жасалды. Түркі Кеңесін құру жөніндегі келісімге Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан президенттері қол қойды. Бұл - аса ірі бетбұрыс кезеңнің басына айналды. Осы орайда Астанада Елбасының бастамасымен ашылған Халықаралық Түркі академиясы - Қазақстанның түркі әлеміндегі жетекші рөлін бекемдей түсуге бағытталған көреген шешім болды.

Түркі әлемі дәуірлер алмасқан ХХІ ғасырда жүгін жинақтап, жаңа белеске беттеп барады. Бұл ретте оның бағыт алар темірқазығы - Мәңгі Ел мұраты екені анық. Ендеше, тамырлас елдер түгел мойындаған тұғырлы тұлға бастаған көш көлікті болсын...