Жұмыс отырысына әлеуметтанушы, «Стратегия» әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығы» ҚҚ директоры Гүлмира Илеуова, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының жетекшісі Арман Қашқынбеков, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының президенті, Nur Оtаn партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Рахым Ошақбаев, саясаттанушы, BTS Digital ғылыми жобасының жетекшісі Саясат Нұрбек, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Аскеров, Еуропалық құқық және адам құқығы сараптамалық институтының директоры Марат Башимов, журналист Максим Рожин, саясаттанушы Айдос Сарым, «Акселератор добра» республикалық волонтерлер қозғалысының жетекшісі Айнұр Сәбитова, журналист және қоғам қайраткері Ляззат Қожахмет қатысты.
ҰҚСК хатшысы Ерлан Карин атап өткендей, бұл кеңес мүшелерінің министрлермен бесінші кездесуі. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен жүздескен.
Басқосуға қатысушылар министрге қазіргі өзекті сауалдарды қойып, жан-жақты жауаптарын алды. Саясаттанушы, BTS Digital білім беру жобасының жетекшісі Саясат Нұрбек елімізде қызметкерлердің еркін уақытта және қашықтан жұмыс істеуіне арналған заңнамалық шектеулер әлі сақталып отырғанын атап өтті.
«Бұл – реттеу шараларын қажет ететін шаруа, өйткені карантинге қатысты жағдай және оның салдары ұзаққа созылатын сияқты», деді C.Нұрбек.
«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев тұрғындарға зейнетақы қаражатын баспана мәселесін шешуге ғана емес, өздері немесе балаларының білім алуына жұмсауына мүмкіндік беру туралы ұсыныс жасады.
«Президент алғашында зейнетақы қаражатын білім алуға жұмсау туралы айтты, бірақ біз оны жұмыс тобында талқылаған кезде көпшілік бүгінде Қазақстанда білім алуға қажетті құралдар жеткілікті деген тоқтамға келді. Олар одан гөрі ақысы қымбатқа түсетін емдеу шараларына бөлу жолдарын қарастыруды жөн көрді. Қазір заң жобасы Парламент қарауында жатыр. Біз Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде білім алудың жеңіл жолдары бар деген шешімге келдік – егер біз қандай да бір азаматқа зейнетақы қаражатының белгілі бір мөлшерін алуға мүмкіндік берсек, егер ол оны білім алуға жұмсаса, онда тұрған ештеңе жоқ. Егер сіз ҰҚСК мүшесі ретінде қолдау көрсетсеңіз, депутаттар да осындай пікірде болса, мұны Парламентте шешуге болады», деп жауап берді Біржан Нұрымбетов.
«Акселератор добра» республикалық волонтерлер қозғалысының жетекшісі Айнұр Сәбитова министрге волонтерлік жұмысты негізгі жұмыс тәжірибесіне қосуды ұсынды.
Отырыстың соңында кездесу барысында айтылған ұсыныстар министрлік тарапынан қабылдайтындығы айтылды. Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов бірқатар мәселелерді пысықтауға ведомство жанындағы жұмыс тобына ҰҚСК мүшелерін де шақырды.