Басқарма төрағасы Бағлан Құлтаевтың айтуынша, корпорация инвестициялық жобаларды қаржыландыруға ерекше көңіл бөледі. Бүгінде компания қоржынында жалпы құны 73 млрд теңгені құрайтын 154 инвестициялық жоба бар.
«ҚазАгро» ҰБХ, Аграрлық несие корпорациясының инвестициялық бағытының бірі – үздіксіз өнім беретін жеміс бақтары. Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының климатының жұмсақтығы мен ауа райының қолайлығы аймақ кәсіпкерлерінің белсенділігіне мүмкіндік береді. Осы өңірлерде жеңілдетілген несие арқылы алма, жаңғақ, жүзім және де басқа да шекілдеуікті, сүйекті жеміс дақылдарын өсіру жобалары қаржыландырылды. Бақтардың жылдық жеміс беру қуаттылығы –72 тонна.
«Жеміс бақтарын дамыту бағытында жүзеге асқан жобалардың жалпы құны – 30 млрд-тан астам теңге. Үздіксіз жеміс беретін бақтарды дамыту мақсатында ұйым 21 млрд теңгеден астам несие берді. Биыл елімізде жеңілдетілген несиені оңай алу жолдарының нәтижесінде бау-бақшаның жаңа 8 жобасы іске қосылады», деді Б.Құлтаев.
Қаржыландырылған жобаның бірі – Түркістан өңірінде. «Қазығұрт бақтары» ауыл шаруашылығы кооперативі 140 гектар шаршы ауданда бірнеше сұрыпты, атап айтқанда, Грении Смит, Айдаред, Голден Делишес, Гала т.б. жалпы саны 265 алма көшетін екті. Бағбан Ержан Мәдібеков несие қаржысына көшеттер сатып алып, бақты толықтай израилдік технологияға сүйенген тамшылатып суару жүйесімен жабдықтады. Одан бөлек, алма ағаштарын қолайсыз ауа райынан қорғайтын торлар, екпе көшеттерді қатарлап отырғызуға мүмкіндік беретін құрылғы сатып алды. Сондай-ақ тиімді пайыздық мөлшерлемемен, бауға қажетті ауылшаруашылық техникаларының қызметіне жүгінді.
«Алма көшеттерін отырғызу барысы ғылымға сүйенген жұмыс жобасы негізінде жүргізілді. Бұл өз кезегінде, баудың өнеркәсіптік түрі мен жоғары сұрыпты жеміс өсірудің прогрессивті агротехнологиясына сүйене отырып құрылған», дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ елімізді азық-түлікпен қамту бағытындағы тағы да бір маңызды сала – сүт өндірісі. Тауарлы сүт өндіру фермаларына да жеңілдетілген несиені беруде басымдық беріледі. Тек соңғы 10 жылда Аграрлық несие корпорациясы өнімнің жалпы қуаты 134 мың тонна сүт өндіруге жететін 45 жобаға қолдау білдірді.
«Бөрте Милка» ЖШС отандық нарыққа, 4,3 тоннадан астам сүт шығарады. Кәсіпорын Түркістан облысының Ордабасы ауданында 80 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер Аграрлық несие корпорациясы арқылы алынған қаражатқа малды байлап бағу жабдығын, Еуропада жасалған жемді тегістеу құрылғыларын сатып алды. Кәсіпті кеңейту де ойда бар.
«Біздің тауарлы сүт фермасы 2018 жылы іске қосылған. Қазір фермада сауын сүт өндіріледі. Дайын өнімді қайта өңдеу және оны нарыққа шығару жұмыстары жолға қойылған», деп атап өтті кәсіпорын директоры Нұралы Әбішов.
Аграрлық несие корпорациясы жаңа технологияның дамуына, бәсекеге қабілетті өнімдерге, ауылшаруашылық қызмет түрінің жақсаруына, отандық өнімнің қарқын алуына әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі көрсеткіштерге сәйкес, агроөнеркәсіп кешеніне, ауыл шаруашылығына инвестиция құюдан көш басында келеді.