Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2020

Шағын ауылдардың үлкен мәселесі ­

433 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мал сүмесімен күн көретін ауыл тұрғындарының алға басқан қадамын кері кетіріп тұрған соқталдай мәселенің бірі – жайылымдық жердің аздығы. Төрт түлік малын жаяр өрісі, мал азығын дайындайтын егістігі мен шабындығы болмаған соң берекенің кетіп тұрғаны.

Шағын ауылдардың үлкен мәселесі  ­

Қанатын кеңге жайған ірі ауыл шаруашылығы құры­лым­дары жер телімдерін молынан иеленгенімен, кәдеге аспай, бос жатқан жерлері де аз емес. Түгін тартса майы шығатын құнарлы жердің толық игерілмей, табыс бермей жатқаны өз алдына, бір кездегі берекелі алқаптар көрер көзге арамшөп басып, тозып барады. Ал дәл іргесінде ауыл шаруашылығымен айналысамын деп алға ұмтылған ағайынға тоқымдай жер тимей, дымы құрып отыр. Облыс­та мыңдаған гектардың бос жат­қаны туралы таяуда да жаз­ған болатынбыз. Әзірге осы іске жауапты аудандық әкім­діктерде бар мәселе тап-тұй­нақтай етіліп оң жолға қойылды деп айта алмаймыз. Оңтайлы есеп, орнықты жос­пар болмаған соң бағымындағы бірлі-екілі тұя­ғымен ел қатарлы елбесіп-сел­бесіп күн көріп келе жатқан ауыл тұрғындарына жер жарық­тық жалынан ұстатар емес.

– Зеренді ауданының көп жеріне «Зеренді астық» шаруа­шылығы иелік етеді. Тусырап жатқан жер телімдері аз емес, – дейді Көктерек ауылының тұрғыны Марат Молдахметов, – ал, кейбір фермерлер малын жаярға жер таппай, дымы құрып отыр. Жайылымдық жер ғана емес, қысқы мал азығын дайын­дайтын шабындық та жоқ. Қазір фермерлердің өндірген сүті мардымсыз деген уәж де айтылады. Иә, шынында да шағын фермерлердің сауын сиырлары ірі шаруашылықтармен салыстарғанда сүтті үш есе аз береді. Себебі мал азығы тапшы. Ірі шаруашылықтар мал азы­­ғы­­ның түр-түрін өнді­ре алады. Өйткені құнар­лы жері көп. Ал жері көп шаруа­шы­лық­тар­дың арасында қысы­лып-қым­т­ы­рылған шағын шаруа­шылықтың жан айқайын естір жан жоқ.

Күсеп ауылдық округіне қарас­ты Өркен ауылындағы пай иелері өз несібелерінен құр қалу­да. Ауылдың 76 отбасы бір­неше жылдан бері  пай үлесі ти­ме­гендіктен, жүдеп отыр.

– Ауыл тұрғындарының заң та­лаптарын жақсы білмеуі сал­­­дарынан төрт жылдан бері үле­сі­мізден құр қалып келеміз, – дейді Өркен ауылының тұр­ғыны Виталий Шкаруба, – нә­ти­жесінде бізге тиесілі жер телімдері банктің кепілдігінде тұр. Қазір ауыл адамдары жерсіз қалды, болашақта не болары белгісіз.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қазір ауыл шаруа­шылығында жұмыс істегісі келе­тін адамдардың ын­тасы бол­ғанымен, қолайлы жағ­­дай жасалмай отыр. Алаң­дат­­қан жайдың бірі – кадр жетіс­пеу­шілігі. Әсіресе ветеринар мамандар өте қат. Бұл мәселені шешу үшін шалғайдағы ша­ғын ауылдарға жас мамандарды бағыттау қажет. Егер ауыл­дық жерде жақсы жағдай, жала­қысы толымды болса, мамандар неге келмесін? Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқы­лы оңтүстіктен солтүстікке ат ба­сын бұрған ұлы көштің бір тар­мағы ірге көтерудің аз-ақ алдында тұрған шағын ауылдарға қарай бағытталса, оң болар еді.

Мал бағуға мүмкіндіктің аз болып отырғаны туралы Ақкөл ауданындағы Домбыралы ауылының тұрғыны Ұлан Бек­қожин да мәселе көтеріп отыр. Оның айтуына қарағанда, бар­маған жері, қақпаған есігі жоқ. Бірақ «баяғы жартас, бір жартас» дегендей, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келеді. Жазған өтініштеріне «мал жа­йы­­­лымына арналған жер жоқ» деген жаттанды жауап келеді.

– Мен банктен қомақты несие алып, мал басын көбейтуге бел будым. Әйтсе де, жайылымның жоқтығынан шаруамды алға бастыра алмай отырмын, – дейді Ұлан Тілектесұлы, – былай алып қарағанда, мемлекет тарапы­нан қолдау бар, несиесін беріп отыр. Ал жергілікті жерден еш қайыр жоқ. Осыны қалай түсінуге болады?!

Әрине, өңірде сулы, нулы жер аз емес, бар гәп әділдіктің салта­нат құруында ғана.

 

Ақмола облысы