Білім • 30 Қыркүйек, 2020

Студенттерге арналған конкурс жарияланды

858 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан студенттерінің альянсы еліміздің үздік студенттерін анықтау мақсатында алғаш рет конкурс ұйымдастырып отыр. «Қазақстанның алтын жастары» сыйлығына ел студенттері бірнеше бағыт бойынша қатыса алады.

Студенттерге арналған конкурс жарияланды

Альянс төрағасы Ілияс Түстікбаев атал­­­ған шара биыл бірінші рет өткізі­ліп жатқа­нын алға тартады. «Жыл соңын­да Қазақстан студенттер альянсының ша­қы­­рылымында үз­дік студенттерді марапаттауды жоспар­лап отырмыз. Бұл жыл сайын өткізілетін дәстүр­ге айналса деген де ойымыз жоқ емес», ­дей­ді ұйым бас­­шысы.

Ұйымдастырушылар «Жастардың өзін-өзі басқару жүйесін дамыту» жобасы аясында өткізілетін сыйлық келешекте еліміздегі жастарды және жастардың өзін-өзі басқару ұйымдарын қолдау және дамытуға үлес қосады деген үмітте. Жыл соңына қарай тә­мам­далатын жарыста үздік студент, кол­ледж­дің үздік студенті, үздік волонтер, ЖОО-ның ең үздік өзін-өзі басқару ұйы­мы, колледждің ең үздік өзін-өзі басқару ұйы­­мы, өзін-өзі басқару ұйымының ең үздік көшбасшысы, Қазақстан студенттері альян­сының үздік штабы мен Қазақстан студент­тері Альянсының үздік белсендісі анықталмақ.

Жоғарыда аталған аталымдар бойынша үздіктер қатарынан табылғысы келетін сту­денттер өтінімдерін [email protected] элек­­­тронды мекенжайына 20 қазанға дейін жі­бе­руі керек.

Сонымен қатар студенттер альянсы биыл­дың үздік өзін-өзі басқару ұйымына да конкурс жариялап отыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ қол­дауымен өтіп жатқан байқауға еліміз­дегі жоғары оқу орындарындағы жас­тар ұйымдары қатыса алады. Үздік деп таныл­ған ұйымдарға 200 мың теңге көлемінде грант бар. 1 және 2-орынға лайық көрінген жастар қауымдастығы 100 000, 150 000 теңгелік сертификатқа ие болмақ.

«Бұл конкурсты ұйымдастырудағы не­гізгі мақсатымыз – әр облыстағы жас­тар мәселе­сін көтеріп, жастардың әлеу­­мет­тенуіне жағдай жасап жүрген ұйым­­дарды республикаға танытып, олар­дың еңбектерін дәріптеу. Қаржылай сый­лық тағайындау арқылы да оларға қол­дау көрсетіп, одан әрі жұмыс істеуін жігер­лендірмек ойымыз бар. Жас­тар мем­лекет тарапынан қолдау көрсе, еңбек­­терінің баға­ланғанын түсінсе бұдан да үл­­кен қадам­дар жасап, алып асуларды еңсереді деген ой бар. Әлбетте, жастар­дың мәселесін жас­тардың шешуі орынды әрі қалыпты. Алай­да мемлекеттің қол­дауынсыз біз күт­кен нәтижеге қол жет­кізу кей кезде мүм­кін болмайды. Ел жас­тарын аталған конкурс­тарға белсене қаты­суға шақырамыз. басқа өңірлердегі әріп­тестерімен танысып, ой бөлісіп, серік­тестік түзеуге де жақсы орай туып тұр. Сондықтан бұл конкурстар келешекте өз жемісін береді деген сенімдеміз», дейді Ілияс Түстікбаев.

Конкурс талаптарына сәйкес, әр университеттен 1 жастар ұйымы қатыса алады екен. Сонымен бірге жеңімпаздар саны да шектеулі екені мәлім болды. Ілияс Түс­тік­­баевтың айтуынша, республикалық ке­зеңге әр облыстан 1 ұйымнан, ал ел аста­­­насы мен Шымкенттен 2, Алматы қала­­сынан 3 ұйымнан жіберіледі. Яғни сайыс­тың республикалық кезеңінде 21 жас­тар қауымдастығы бақ сынасады.