Шыңға өрмелеу тақырыбы өзіңізге тым таңсық болғанына қарамастан, осы спорт түрімен шұғылданып, өзіңізді сынап көргіңіз келсе, еліміздің жасанды құз-жартастармен жабдықталған спорт кешендеріне барып, аталған саламен танысуға болады. Шыңға өрмелеуден спорт шебері атағына үміткер, алматылық клубтардың бірінде бағдарларды құрушы, жаттықтырушы Валерий Алексеев осы салада 10 жылға жуық еңбек етіп, сүйікті ісін көпшілікке насихаттап жүрген азамат.
– «Еуропалықтар көбінесе өз бетінше «жабайы» саяхатты таңдағанды жөн көреді. Осы тұста, еліміздегі инфрақұрылымның дамуы енді-енді алға басып, жақсарып жатқанын ескерсек, туристерге жартастар мен шыңдардың жағдайы, көлікпен қамтылуы және демалыс орындары жайындағы бар ақпаратты алдын ала жинауға кеңес береміз. Егер саяхат жан-жақты әрі сауатты жоспарланатын болса, жоғарыда аталғанның ешбірі қиындық туғызбайды. Керісінше, табиғат аясында тынығып, қаптаған қарбаластан бой жазуға керемет жағдай жасайды, – дейді ол.
Қазақстандағы ең танымал әрі қолжетімді шыңды аймақтар Алматы маңына шоғырланған. Іле Алатауында өрмелеуге арналған үш ірі сектор бар. Олар: Бутаков сарқырамасы, Тұйықсудағы Мектеп жартасы және Октябренок шыңы.
Бұрындары Бутаков сарқырамасының шыңына тек жоғары сақтандыру арқылы өрмелеген. Валерий Алексеевтің арқасында соңғы жеті жыл бойы төменгі сақтандыруға бейімделген (қиындығына қарай) 12 бағдар ұйымдастырылды. Жолдар айтарлықтай күрделі, 6b+ және одан да жоғары санаттарға жіктеліп, тәжірибесі аз спортшыларға арналмаған. Валерийдің айтуы бойынша аймақтың әлеуеті жақсы және уақыт өте келе бұл жерде жаңа жолдар пайда болуы әбден мүмкін. Тұйықсудағы Мектеп жартасына ресейлік шыңға өрмелеуші Александр Кленов он жылдық қажырлы еңбегін арнаған. Соның нәтижесінде күрделілігі 5с-дан басталып 6с-ға жететін бес жол салынды. Олар шыңға өрмелеу спортына жаңадан қадам басқан жандар үшін керемет жаттығу алаңына айналды. Бұл жолдар өрмелеу техникасын үйреніп, жетілдіруге өте ыңғайлы.
Мектеп жартасының оң жағында әртүрлі күрделілік санатына жіктелетін жеті бағдары бар Октябренок шыңы орналасқан. Ең қарапайымы – 5с болса, ең қиыны – 8а. Соңғысы Қазақстандағы ең жоғарғы күрделілік көрсеткішіне ие. Мұндағы тау жыныстары өрмелеуге өте қолайлы – мұз да, қар да жоқ.
Шыңға өрмелеу үшін ең оңтайлы кезең шілде-тамыз айларына тұспа-тұс келеді. Бар Қазақ даласын аптап ыстық жайлаған уақытта, бұл жер салқын самалы мен сая болар көлеңкесімен еліктіреді. Қыркүйек-қазан айларында саяхат мерзімін ауа райына қарай икемдеуге болады.
Үлкен Алматы көліндегі боулдеринг (санаулы тосқауылдар арқылы шыңға өрмелеп жету) жайлы ерекше айта кету керек. Бұл жердің сұлулығы сонша, көз тоймас табиғат пен альпілік шалғындар қос алақаныңызға сыйып кеткендей ғажап күйге бөленесіз. Бұл бағдарлар негізінен тәжірибелі спортшыларға арналған.
Іледегі Тамғалы тас жартасы
Шыңға өрмелеудің ең танымал орындарының бірі – Алматыдан 110 шақырым қашықта, Іле өзенінің шатқалында орналасқан Тамғалы тас жартастары – отандық шыңға өрмелеу спортының тарихы басталған ең көне нысандардың бірі. Өткен ғасырдың 70-жылдарының өзінде Тамғалы тас альпинистер мен шыңға өрмелеушілердің назарына іліккен. Бұған дейін шыңға өрмелеу жеке спорт түрі ретінде қабылданбай, альпинистер дайындығының міндетті бөлігі ғана болатын. Спортшылар шыңдарға тек жоғары сақтандырумен шыққан. Бірақ заман өзгерді. Соңғы онжылдықта төменгі сақтандырумен өрмелеу өріс алып келеді. Қазірде осы өңірде ең жаңа заманауи құралдарды қолдану арқылы 50-ге жуық бағдар салынған. Бұл жолдарды альпинист Кирилл Белоцерковский ашқан. 2013 жылдан бері спортшы жыл сайын жаңа жол құрып, аталмыш спорттың ауқымын кеңейтіп жүр. Бағдарлар ең қарапайымнан бастап, 7с, 7с+ күрделілік деңгейіне дейін түрленеді. Таңдау өз еркіңізде!
Шалғайда жатқан аймаққа тек автокөлікпен жетуге мүмкіндік бар. Дүкен мен аурухана 40 шақырым қашықтағы Қапшағайдан ғана табылады. Шатыр құрудың қыр-сырын ертерек меңгеріп алған дұрыс, себебі басқа орналасу орнын табуыңыз екіталай. Ұялы байланыс тек жол бойында ғана қолжетімді, басқа жерде өркениеттің осы игілігінен де құр қалуыңыз ғажап емес. Тамғалы таста шыңға өрмелеуге ең қолайлы уақыт – наурыз-мамыр және қыркүйек-қазан аралығында.
Бектау ата – үздік боулдеринг алаңы
Бектау ата – Қазақ жазығының қақ ортасындағы таулы аймақ. Қарағанды облысында, Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 70 шақырымда орналасқан. Осынау «сарғылт табақ» ғарыштан да айқын көрінеді деседі. Толқынды түрде қалыптасқан тау жыныстары боулдерингпен айналысуға таптырмас орын. Биіктігі де өте қолайлы – 5 метрге дейін. Алаңдары жазық.
– «Шатырларды қай жерге тіксеңіз де, жартастарға өте жақын болады. Бағдарға жету үшін бар болғаны 5 минут шығындайсыз. Ең алыс дегендердің өзіне 40 минутта жетуге болады. Бектаудағы өрмелеу бағдарлары жыл сайын көбеюде. Қазіргі таңда біз өзіміз ашып, тазартып, сынап көрген 50-ден астам боулдерингтік жол бар. Аумақ өте үлкен. Боулдерингті де, хайкингті (белгіленіп дайындалған сүрлеуді бойлап жаяу өту) де, crack өрмелеуді (шыңдағы жарықтар арқылы өрмелеу) де жоғары деңгейде ұйымдастырып, өркендету үшін бәрі бар. Мүмкіндіктер де жетерлік! Белсенді кезең сәуірде басталып, маусымның басына дейін жалғасады. Кейін маса бұлттай төніп, күн райы да шыдатпастай ыстыққа ұласып кетуі ықтимал. Қыркүйектің ортасы мен қарашаның соңына дейін «Алтын маусымның» құрметіне Бектау атаға қайта келсеңіз, еш өкінбейсіз», дейді Валерий Алексеев.
Түйіндейтін болсақ, Қазақстанда шыңға өрмелеу маусымы айтарлықтай ұзақ жалғасады. Жаздың күні аптап пен қапырықтан бой тасалап, таудан пана таба аласыз. Күзде еш алаңсыз демалыс орталықтарын қайта далалы өлкеге «көшіруге» болады.
Жоғарыда сөз болған орындарға қоса, Ақмола облысындағы онға жуық өрмелеу бағдары бар Щучье-Бурабай курорттық аймағын, Түркістан облысындағы Машат шатқалы мен Сайрам-Өгем жотасын атап өтуге болады. Шыңға өрмелеу спортына қажетті бағдарлар мен сақтандыру жағдайы қажет дәрежеге жете қоймағанымен, бұл аудандардың да даму әлеуеті өте жоғары деп бағаланады.
...Маусымаралық кезеңде спортшылар да, әуесқойлар да арнайы машықтану орталықтарындағы жасанды құз-жартастарда өз дайындықтарын ұштап, біліктіліктерін арттыра алады. Мұндай спорттық орталықтар Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Қарағандыда жұмыс істейді. Басқа қалаларда түрлі мемлекеттік мекемелерге қарасты арнайы залдар жабдықталған. Сол себепті шың басына жеткізер жаттығу «жолы» маусым да, орын да талғамайды деуге толық негіз бар. Уақыты келгенде бірден табиғи «жанды» шыңдар мен жартастарға қарай бет бұрған жөн. Шыңға өрмелеу – табиғатпен сыр бөлісер сұхбат, ортақ ойлы жандармен жолықтырып, күш-жігерді байқатар сынақ.