Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов 17 қыркүйекте «Барыс» хоккей командасының 11 адамында COVID-19-дың бар-жоғын анықтау үшін тапсырған тест оң нәтиже көрсеткенін хабарлады. Кейіннен 22 қыркүйекте байланыста болған 29 адамды тексеру кезінде команданың тағы 8 мүшесінде инфекция анықталды. Сөйтіп барлығы 19 адамнан коронавирус табылғаны белгілі болды. Олардың ішінде тек ойыншылар ғана емес, бапкерлік құрамның өкілдері де бар. Барлығы қазір амбулаториялық жағдайда ем қабылдап жатыр екен.
ҚХЛ басшылығы осы мәселеге байланысты «Барыстың» ойындарын кейінге шегеру туралы шешім қабылдады. Елорда командасы жарысты «Номад» клубының ойыншыларымен де жалғастыра беруге болар еді, алайда негізгі құрамның бапкерлері де індетке шалдыққан соң матчты кейінге шегеруге мәжбүр болған. Бірақ ҚХЛ «Барысқа» 1 қазаннан кейін мұзайдынға шығуы тиіс екенін ескерткен. Қазақстандық команда карантинге байланысты тұрақты біріншілікті уақытша жалғастыра алмайтын болса, техникалық жеңіліс берілетінін де қадап айтқан.
Ал «Барыс» клубының баспасөз қызметінің жетекшісі Евгений Акманов 4 қазанда тұрақты біріншіліктің бекіткен кестесіне сәйкес СКА командасымен мұзайдынға шығуға дайындалып жатқанын жеткізді. Бірақ ресейлік команданың да бірқатар ойыншысы коронавирусқа шалдыққан. СКА да матчтарын фарм-клубындағы жас хоккейшілерімен өткізіп жүр. Осылайша, «Барыс» ойын жоспарланған мерзімде өтеді деп үміттенгенімен, матчтың өтпей қалуы да мүмкін. Оның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, екі клубтың бірінде ойынға дейін вирус белең алса, матч кейінге шегерілуі әбден мүмкін. Екіншіден, СКА командасы Қазақстанға келуден бас тартуы немесе түрлі себептермен келмей қалуы да ғажап емес. Үшіншіден, «Барыс» дәлелді себептермен командалық карантинді ұзартып, матчты ойнаудан бас тартып, техникалық жеңіліске келісім беруі ықтимал. Өйткені «Барыста» күнтізбенің тығыздығына байланысты, қалған кездесулерді кейінге шегеруге енді мүмкіндік жоқ. Осы және басқа да себептермен елорда командасына белгіленген мерзімде мұзайдынға оралмау қаупі туындап тұр.
Айта кетейік бұған дейін «Барыстың» кейінге шегерілген алты матчының төртеуінің уақыты белгілі болды. Яғни «Сочимен» кездесу 28 қазанға, «Кунлуньмен» болатын ойын 19 желтоқсанға жəне «Металлурпен» матч 2021 жылдың 3 ақпанына жоспарланған. Ал 3 қарашада «Барыс» елордада Риганың «Динамосын» қабылдауы тиіс.
«Барыс» командасы ҚХЛ-дің биылғы маусымында карантинге дейін алты кездесу өткізіп, 7 ұпаймен «Шығыс» конференциясында тоғызыншы орында, Чернышов дивизионында төртінші орында келе жатыр. Қазіргі таңда жерлестеріміздің еншісінде екі жеңіс және төрт жеңіліс бар. Оның үшеуінде овертайм және буллит сериясында қарсыластарына есе жіберген. Тұрақты лиганың биылғы тұсаукесер кездесуінде «Барыс» хоккейшілері Риганың «Динамосынан» және төртінші турда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубынан 3:2 есебімен айласын асырған болатын. Елорда ұжымы алты кездесуде қарсыластар қақпасына жалпы саны 16 шайба соғып, өз қақпасына 19 гол өткізіп алған.