Жалпы, Ленин данышпан ғой. Бұл арада оның бір империяны құлатып, екіншісін құрғанын айтып жату артық шығар. Бір ғана «Дін – апиын» деген сөзі данышпандықтың белгісі. Дұрыс түсінгейсіз. Ол елді дінсіздендіріп, өзінің коммунистік көзқарасына адал адамдарды тәрбиеледі. Онысын меңзеп отырған жоқпыз. Сирияға мылтық асынып кеткен, тау бөктерінде адамдарды қойша қырған, Тараздың қақ ортасында лаң салған адамдар есімізге түскен сайын «діннің апиындығына» көзіміз жететіндей. «Не үшін, кім үшін?» деген сұрақтар алдымыздан көлбеңдей береді. Сосын діннің әлдебір тармақтарына ессіз және көзсіз беріліп кеткен адам екені, апиынға арбалғаны жауап болып алдымыздан шығады.
Жалпы, Ленин данышпан ғой. Бұл арада оның бір империяны құлатып, екіншісін құрғанын айтып жату артық шығар. Бір ғана «Дін – апиын» деген сөзі данышпандықтың белгісі. Дұрыс түсінгейсіз. Ол елді дінсіздендіріп, өзінің коммунистік көзқарасына адал адамдарды тәрбиеледі. Онысын меңзеп отырған жоқпыз. Сирияға мылтық асынып кеткен, тау бөктерінде адамдарды қойша қырған, Тараздың қақ ортасында лаң салған адамдар есімізге түскен сайын «діннің апиындығына» көзіміз жететіндей. «Не үшін, кім үшін?» деген сұрақтар алдымыздан көлбеңдей береді. Сосын діннің әлдебір тармақтарына ессіз және көзсіз беріліп кеткен адам екені, апиынға арбалғаны жауап болып алдымыздан шығады.
Қазақстандағы тұрақтылықтың негізі толеранттылықта жатыр. Діни ұстаным болсын, ұлт арасындағы татулықты айтыңыз, саяси көзқарастардың алуандығын алыңыз, барлығы толеранттылыққа келіп тіреледі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясаты қандайда бір көзқарас пен ұстанымға төзімділікпен қарауға бағытталды. Ол нәтижесіз де емес. Бүгінгі 130 ұлт пен ұлыстың тату-тәтті тіршілігі мен діндер арасындағы тұрақтылық сөзіміздің дәлелі болады-дүр. Бұл тарапта Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан ісі орасан зор. Елбасының тікелей атсалысуымен құрылған ұйым өз жемісін беріп отыр. Ассамблея тек Астана мен Алматыда ғана емес, еліміздің әр түкпірінде түрлі шаралар ұйымдастырып, халықты бірлестіретін, ұлттар арасындағы татулықты нығайта түсетін, діндердің өзара ықпалдасып өмір сүруіне жол салатын басқосулар ұйымдастырып отырады.
Сондай жиынның бірі Қызылорда қаласында «Өңірлердегі этноәлеуметтік және этноконфессиялық қатынастарды реттеу» тақырыбында үш күндік семинар-тренинг ұйымдастырды. Аталған семинарға Парламент депутаттары А.Башмаков пен Е.Каппель, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының өкілі Н.Шанаи, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары А.Әлназарова, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері қатысты. Бұл өзі мемлекеттік маңызы бар мәселе ғой. Өйткені, ел арасындағы тұрақтылық – басты құндылық. Ал ондай құндылықтың тұрақтылығын жергілікті жерлердегі идеологияға жауапты адамдар атқарады. Сондықтан семинар-тренингке Қызылорда облысының этносаралық және конфессияаралық қатынастар мәселесімен айналысатын облыс, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту басқармалары мен бөлімдерінің басшылары, бас мамандары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жетекшілері, этномәдени, жастар және қоғамдық бірлестіктердің көшбасшылары қатысып, тыңдаушы болды.
Семинар-тренингтің басты мақсаты Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында және Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында берген жаңа міндеттері мен тапсырмалары аясында өңірлердегі этноәлеуметтік және этноконфессиялық қатынастарды реттеу, олардың жұмысын жүйелеп, қоғамға пайдасын арттыру еді. Жиын кезінде Сенат депутаты А.Башмаков ұлттар арасындағы татулық жайында кеңінен толғап, баяндама жасады. Ал Мәжіліс депутаты Е.Каппель Елбасы саясатының басты бағыты халықтар арасындағы достық екенін және оның осы күнде жемісті жұмыс істеп тұрғаны жайында айтты. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді ұйым бұрын-соңды әлемде болмаған ғой. Бұл – Қазақстанның бастамасы. Бүгінде біздің осы бастаманы әлемнің кейбір елдері өздерінде қолданып жатыр. Осының өзі Отанымыздың дұрыс жолмен дамып келе жатқанын көрсетсе керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Н.Шанаи да осы тұрғыда сөз қозғады. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары А.Әлназарова мен әлеуметтану ғылымдарының докторы А.Сәдуақасованың сөздері де тұшымды шықты.
Жоғарыда айттық, Ассамблея мұндай жиындарды әр жерде өткізеді. Сөзіміздің дәлелі болсын, осындай басқосу наурызда Қостанай қаласында өтті. Ол жерде Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарынан делегаттар келді. Ал мамыр айында Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының белсенділері Семей қаласында бас қосты. Бұдан кейін маусым айында Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының келелі кеңесі Ақтау қаласында өтті. Қыркүйекте Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласынан келген делегаттар Меркіде жиналды. Былтыр мен биылды қоса алғанда, соңғы уақытта осындай 20-дан аса жиын өткен екен.
Өткізілген іс-шаралар барысында этносаралық қатынастар жағдайына байланысты кең көлемді мәселелер талқыланып, сындарлы пікір аламасулар өтеді. Ең бірінші айтқан пікірімізге оралайық. Осындай жиындар Қазақстан халқын белгілі бір көзқарастарға, діни ұстанымдарға көзсіз беріліп, олардың апиынына арбалудан сақтайды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.