Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2020

Биыл Жамбыл облысындағы 11 ауыл кең жолақты интернетпен қамтылады

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жобалық басқару және цифрландыру орталығының директоры Дамир Егізбаев баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл Жамбыл облысындағы 11 ауыл кең жолақты интернетпен қамтылады

Биылғы жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық саны 250-ден асатын әр ауылға интернет тартуды тапсырды.

Бүгінде 250-ден астам тұрғыны бар облыстағы 308 ауылдың 166-сы интернет желісіне кең жолақты кабельдік қолжетімділікпен қосылған десек, ағымдағы жылдың соңына дейін қосымша тағы 11 елді мекен қамтамасыз етілетін болады.

308 елді мекеннің 234-і жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен (3G және 4G) қамтамасыз етілген. 23 ауылда ұялы байланыс операторлары мобильді интернеттің жылдамдығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізуде. 50 ауылдық елді мекенде оның жылдамдығы тұтынушыларды қанағаттандырмайды.

Халық саны 250 адамнан аз 63 ауылдың 20-сы жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін тағы бір ауыл интернет байланысқа қосылады.

Талас, Жамбыл, Қордай аудандарында ұялы байланыс операторлары ұялы байланыс антенналарын орнатуда қиындықтарға тап болуда. Бейнеконференцбайланыс режимінде қатысқан аудан әкімдеріне мәселелерді шешу тапсырылды.

"Мемлекет басшысы цифрлық теңсіздікті жоюды, интернетке барынша қолжетімділікті және барлық азаматтардың сапалы байланысын қамтамасыз етуді тапсырды. Қазіргі уақытта қашықтан білім беру сапасы мен электронды сауданың дамуы осыған байланысты болып отыр", - деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы әр ауылдағы жағдайды талдап, қай елді мекендерде интернет жоқ екенін анықтау керектігін ескертті. Төмен жылдамдықпен тұрғындар бейнежазбаларды былай қойғанда, әлеуметтік желілер арқылы хабарлама жібере алмайды. Сонымен бірге ұялы байланыста да кедергілер туындайды. Жергілікті жерлердегі нақты жағдайды түсіну маңызды. Облыс әкімінің шешімімен интернетке қол жетімділік мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылатын болды. Оның құрамына ұялы байланыс операторларының өкілдері де енеді.

"Жаһандық желі шалғай аймақтарға да жетуі тиіс", - деді облыс әкімі.

Жақын күндері жұмыс тобы шалғай ауылдарда интернет жылдамдығын арттыру және көрші мемлекеттің ұялы байланыс операторларының байланысын пайдаланатын шекара маңындағы ауылдық округ тұрғындарының  мәселелерін шешу жөнінде ұсыныстар әзірлеуі тиіс.