Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2020

Жаңа мектептер жан сүйсіндіреді

264 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылжар ауданының орталығы Бескөл селосы өңір орталығынан 10 шақырым жерде ғана орналасқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа мектептер жан сүйсіндіреді

Биік үйлері жоқ, есесіне инфрақұрылымдары жақсы, табиғатпен етене болып, жер үйлерде отыруға және облыс орталығындағы барлық қызметтерді алуға, соның ішінде ауруханаларға қолжетімді болғандықтан қолы жеткен көп адам осында коттедждер тұрғызған.  Алайда, бір кезде ондағы қазақтар 40-50 түтіннен аспайтын, сондықтан қазақ мектебі керек деген сөз ауызға да алынған емес.

Қазір ондағы тұрғындар сапасы өзгерген. Көптеген жақын ауылдардан халық көшіп келген. Оралмандар мен оңтүстіктен қоныс аударғандар да аз емес. Тәуелсіздіктің арқасында осы халықтың бәрі балаларын ана тілінде оқытуға қол жеткізіп жатыр.

Кезінде бұл ауыл бір ғана Бескөл ауданының орталығы еді, кейін оған қысқарған Соколов ауданының аумағы да қосылып, ірілене түскен. Әсіресе соңғы жылдары бұл ауылдың халқы көшіп келушілердің есебінен күрт артып кетті. Алайдабалаларын ана тілінде оқытқысы келетін көптеген тұрғындардың балалары көлік ағылып жататын «Петропавл-Нұр-Сұлтан» трассасын кесіп өтуге мәжбүр болып келді. Өйткені, жаңа құрылыстың көбі осы ауданға салынған. Бұл оқушылардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп, балаларын мектепке жіберетін ата-аналар үнемі алаңдаушылық білдіріп жүретін. Осыдан екі жыл бұрын тұрғындар облыс әкімінің есепті кездесуіне келгенде де осы мәселені көтеріп, Бескөлдің оңтүстік-шығысына мемлекеттік тілде оқытатын мектеп салып беруді өтінген еді.Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл өтінішті орындауға уәде берген.

Биыл 300 орындық сол мектеп құрылысы аяқталып, тұрғындардың көзайымына айналып отыр. Соңғы талаптарды ескеріп, оқушыларға барлық жағдайды жасайтын жұтынған жаңа мектеп кімнің болса да көзін қызықтырады. Ең бастысы балалар енді қауіпті жолмен алысқа сабылмай, үйлерінің жанындағы мектепке кіре қояды.

Кеше облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзі салдырған осы мектепті аралап көрді. Жаман індеттің кесірінен карантин болып, оқушылар қашықтан оқымаса бұл күндері мектептің ашылу салтанаты дүрілдеп жатар еді. Журналистерге арнаған өзінің сөзінде облыс бысшысы былай деді: "Ауылдың оңтүстік-шығыс бөлігінде 3,5 мың адам тұрады. Мектеп болмаған соң балалар аудан орталығындағы 3 білім ордасында оқып жүрді. Олар республикалық жолдың басқа жағында орналасқан. Бұл жерде балалардың қауіпсіздігі мәселесі тұрды. Бастауыш сыныптардың балалары автобуспен тасымалданды. Енді мәселені оң шешіп, жаңа мектеп есігін ашып отырмыз", деді ол.

Биыл Қызылжар қаласында да 600 орындық мектеп ғимараты ашылған еді. Оған 1935 жылы қаланған ескі ғимаратта отырған қаладағы Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебі көшті. Мемлекеттік тілде оқытатын мектептер санының көбейгені халықтың көңіл хошын арттыруда.


Солтүстік Қазақстан облысы