Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов академия магистранттары мен докторанттары және профессорлық оқытушылар құрамы алдында «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының басымдықтары» тақырыбында дәріс оқыды.
Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов академия магистранттары мен докторанттары және профессорлық оқытушылар құрамы алдында «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының басымдықтары» тақырыбында дәріс оқыды.
Кездесуді ашқан академия ректоры Болатбек Әбдірәсілов Сыртқы істер министрлігімен дипломатиялық кадрларды даярлау, тәжірибе алмасу, арнайы бағдарламалар негізінде біліктілікті арттыру ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі екенін атап өте келе, қос тарап арасындағы байланысқа тоқталды. Бұл күні әріптестік тетігін одан әрі нығайту мақсатында қол қойылған меморандум да осыны айғақтай түсті.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы өз сөзінде Қазақстанның сыртқы саясаттағы міндеттері, министрлік жүргізіп отырған негізгі іс-шаралар жайын тізбелеп берді. «Бізге, басқа да мемлекеттер секілді көрші елдермен қарым-қатынасымызды жандандыру маңызды ұстаным болып қала бермек. Қазақстан шекаралас мемлекеттермен өз қарым-қатынасын әрдайым бекіте түскенді қалайды. Бұл ретте Ресей Федерациясымен әріптестікті негізгі орынға қоюға болады. Біздің Орталық Азия елдерімен экономикалық ынтымақтастықты дамытуымыз өзекті Батыс, Еуропа, Азия елдерімен сыртқы саяси байланысқа да еліміз айрықша мән беріп келеді», деді Е.Ыдырысов. Оның айтуынша, Қазақстан сыртқы саясаттың басқа бағыттарын да назарда ұстап отыр. «Африка және Латын Америкасы елдерімен жүргізіліп келе жатқан ынтымақтастық қарқыны да осыны аңғарта алады», деді министр бұл орайда.
Дәріс аясында Ерлан Ыдырысов академия магистранттары мен докторанттарының Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Қазақстанның ұстанымы, трансшекаралық өзендер жайы, еліміздің Еуропалық Одақпен ынтымақтастығы секілді сан салалы мәселелер төңірегінде қойған сауалдарына жауап берді.
Кездесу соңында Болатбек Әбдірәсілов Сыртқы істер министріне дипломатия институтының дамуына және кәсіби кадрларды даярлауға қосқан үлесі үшін Мемлекеттік басқару академиясының құрметті профессоры атағын беру туралы дипломды табыс етті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».