– Маңғыстау облысының бүгінге дейінгі қайғылы статистикасын негізге алсақ, індетке қарсы күресте 400-ден астам медицина қызметкері коронавирус инфекциясы мен пневмонияны жұқтырған. Ал қайтыс болған медицина қызметкерлерінің саны – 8. Қауіпсіз еңбек жағдайы және қиын жағдайға тап болғандарға көмек көрсету мәселелері біздің кәсіподақтың әрқашан басты назарында болды. Бірақ бүгінде бұл жайт ерекше өзекті. Кәсіподақ үшін өз денсаулығына қауіп төніп тұрса да, басқаларға көмектесетін медицина қызметкерлерін қолдаудың маңызы арта түсті, – дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұрбол Оқуов.
Оның айтуынша, жұмыс орнында Covid-19 жұқтырған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу жүйесін реттейтін құқықтық механизм белгілі бір нормалар мен санаттарды белгілейді. Оған барлық медицина қызметкері кіре бермейді. Осыған байланысты «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ төрағасының басшылығымен кәсіби борышын атқару кезінде қаза тапқан медицина қызметкерлерінің отбасыларына материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылданды.
Қазіргі таңда «SENIM» кәсіподағының Маңғыстау облыстық филиалы індет кезінде қаза тапқан 3 медицина қызметкерінің отбасына 1 млн теңгеден қаржылай көмек көрсетті. Олардың арасында Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының қайтыс болған дәрігері мен медбикесінің отбасы, сондай-ақ Жаңаөзен қаласының №2 емханасы дәрігерінің отбасы бар.
– Жалпы, індет себебінен қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасына 3 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Біз алдағы уақытта басқа да зардап шеккен дәрігерлерге қаржылай ғана емес, моральдық көмек көрсететін боламыз, – дейді олар.
Маңғыстау облысы