Руханият • 02 Қазан, 2020

Көкшетау мен Қараөткелдегі кісілік

230 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қасиетіңнен айналайын, туған жер әр перзентінің көкірегін қоламтаның шоғындай қыздырып, сағынышымен әлдилеп жүрсе дейсің, шіркін! Ат жалын тартып мінген әр азамат туған жеріне титімдей болса да шарапатын тигізсе, өтпелі кезеңнің өкпек желінен тоңазыңқыраған шалғайдағы шағын ауылдардың шырайы кіріп қалар еді.

Көкшетау мен Қараөткелдегі кісілік

kaz.zakon.kz

Ел ішінде жақсы жаңалық, әдемі жоралғы аз емес. Өткен жылы ғана «Туған жер» бағ­дар­­­ламасы аясында жалпы құны 5,5 млрд теңге болатын 69 жанашырлық жоба жүзе­­ге асырылды. Бұл әуел баста жо­балаған жоспардан алты есе асып түскен көрсеткіш. Тара­­тып айтатын болсақ, 86 ны­­сан жаңадан салынған. Үшеуі балалар бақшасы, 25-і спорт алаңы, 8-і тұрғын үй, 7-еуі балалар алаңы, 11-і мәде­ниет нысаны, 3-еуі медици­на мекемесі. Міне, осылайша қал­талы азаматтардың ізгі ниетінің арқасында ел олжалы болып отыр. Жоғарыда айтылған шаруаға қоса облыста 68 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілгенін ауыз толтырып айта кетуге болар. Ізгі ниеттің ізетін көрген, ілкімді істің шарапаты шарпыған нысандардың 32-сі мектеп, 2-еуі балалар бақшасы, қалғандары мәдениет, спорт мекемелері.

Облыс орталығындағы спорт­сүйер қауымның назарын аудар­ған жарқын жобаның бірі – «Ивеко» ЖШС-нің 200 млн теңге қаражатына салынған спорт залы. Қазір игілігін ел көріп отыр. Бұрын шығыс жекпе-жегі­мен айналысатын спортшылар жатт­ығатын жер таба алмай, жертө­лелерді жалға алып, тар қапаста тұншығып жүрсе, енді міне, кең де жарық спорт залға ие болып отыр.

– Бұл жеке спортшыларға ғана емес, тұтас елге жасалған жана­шырлық деп ұғуымыз керек, – дейді Қазақстан Республикасының спорт шебері, қара белбеулі каратэші Әлімжан Молдағалиев, – еліміздің әр азаматы, балдырған баласы, жасөспірім жеткіншегі мықты болуы керек. Жұмысқа да, ел қорғауға да жарамды. Серіктестіктің өз қаржысын аямай, қалың елдің қажетіне жарайтын спорт залын салып беруі асқақ адамгершіліктің әдемі үлгісі деп есептеймін.

Шынында да қазір аталған спорт залы жастардың жиі шоғырланатын жері. Жалғыз шығыс жекпе-жегімен айналысатындар ғана емес, облыс орталығындағы футболқұмарлар да осында. Жаман тұмау жайламай тұрған уақытта күн құрғатпай жарыс өткізілетін. Елді думанды доданың қызығымен еліктіретін орынға айналған.

Степногор қаласында «BBNURA» серіктестігі жалпы құны 75 млн теңге тұратын диализ амбулатория орталығына жөн­деу жұмыстарын жүргізді, жаңа заманғы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Шалғайдағы шағын қала серік­тестіктің шынайы жанашыр­лығы­ның нәтижесінде сапалы ме­дициналық қызметке қол жет­кізіп, бір тоғайып қалды. Осын­дай жан жадыратар жақсы­лық Ақкөл ауданында да орын алды. Мұнда «Хлебороб» ЖШС Наумов ауылдық округінің елді мекен­дерін мұнтаздай етіп тазалап, абаттандырды. Тозығы жет­кен ауыл ішіндегі жолдар тегіс­теліп, жөнге келтірілді. Округ­тегі әлеуметтік-тұрмыстық жағ­ы­нан аз қамтамасыз етілген отбасы­ларға көмек көрсетілді. Осы қам­қ­орлыққа 20,4 млн теңге қаражат жұмсады. Жанашыр жандардың көмегіне ел разылығын айтып отыр. Аршалы ауданында жеке кәсіпкер Ольга Гутяр балалар бақшасының жауынмен бірге жауып тұрған, әбден көнерген шатырын жаңартып, бөбектер киініп-шешінетін жылы орынды салып берді. Оған қоса хоккей кортын орнатты. Бір адамның қолымен осыншама қамқорлық жасалып жатқаны кімді болсын разы етеді емес пе? Егер ел­дің бәрі Ольга Васильевна тә­різ­ді ортақ іске білек сыбанып кіріссе, талай елді мекеннің өңі кіріп, еңсесі көтеріле түспес пе еді. Бұланды ауданында Вла­димир Кужлев Новобратский елді мекеніндегі орта мектептің төбесін жаңартып берді. Кәсіпкер бұл жұмысқа 4 млн теңге қара­жатын жұмсап отыр. Бурабай ауданындағы Оқжетпес ауылында жеке кәсіпкерлер З.Велиев пен Ж.Сүлейменов интернационалист жауынгерлерге жалпы құны 9,4 млн теңге болатын тамаша ескерткіш орнатты. Жауынгерлік борышын атқару мақсатында опат болған азаматтардың аруағы разы. Сонадайдан көз тартатын ажарлы, айбынды ескерткіш кейінгі ұрпаққа алдыңғы толқын ағалардың ерлігі мен өрлігін мең­зеп тұрғандай. Адам аяғы көп жүретін курортты аймақтағы пара­сат тұғыры келімді-кетімді кісілердің де көзіне жиі түседі. Ерлікпен қоса құтты елдіктің белгісіндей болып тұр.

Егіндікөл ауданында спорт­­құмар­ларды серпілткен әдемі жаңалық орын алды. «Сарым­сақты» ЖШС жалпы 17,1 млн тең­ге болатын ангар типтес ат шап­тырым спорт залын салып берді. Шағын ауданның жастары үшін ақ түйенің қарны жарылған оқиға. Бұрын бос уақытында барар жер таба алмай жүретін бозбалалар мен бойжеткендер енді әсірелеп айтқанда, спорт залдан шықпайды десе болғандай.

Имандылық ұясы, Алланың жердегі үйі – мешітті салып беріп, жамағатты жақсы іске бас­тап, ұйыт­қы боламыз дейтіндер де аз емес. Мәселен, Ерейментау ауда­­­нында Х.Япас, Б.Ахмету­лин, К.Му­ка­бак, К.Капас тәрізді азамат­тар жалпы құны 21 млн теңге болатын жаңа мешіт салып берді.

Ел тарихында елеулі оқиға болып саналатын тың игеру дәуірі де ұмыт қалмаған. Мәселен, Жақсы ауданындағы «Труд» ЖШС алғашқы тың игеруші Василий Рагузовтың өнегелі өмірі мен тың даланың төсіндегі тындырымды еңбегін баяндайтын музейді жаңғыртты. Бір жақсысы кейінгі жасты еңбекке тәрбиелеуде ықпалы мол.

Жарқайың ауданында «Жар­­қайың» ЖШС Костычево ауылындағы спорт залына 35 млн теңгеге күрделі жөндеу жұ­мыс­­­тарын жүргізді. Қазір спорт зал­­дың іші құрылысшының қала­­­­ғы­нан жаңа шыққандай сың­­ғырлап тұр. Ауыл жастары бос уақыттарын осында өт­кізе­ді. Араларында аудандық, об­лыс­­тық спорт сайыстарында жүл­де алып жүргендері аз емес. Ауыл спортының өркендеуіне ат­са­лыс­қан серіктестік басшылары­на тұр­ғындар да дән разы. Дәл осын­­дай жанашырлық ізгі қадам Қор­ғалжын ауданында да көрініс берді. Кәсіпкер А.Балтабеков аудан­­дағы орталық стадионды 20 млн теңгеге жөндеп беріп, ел алғы­сына ие болып отыр.

Өңірдегі өнегелі іс Сан­дық­тау ауданында қанат жайған. Осындағы ағайынды Ора­залин­дер жетекшілік ететін «Бай­далы» ЖШС көппәтерлі үйге күр­делі жөндеу жасап, алты жас маманға пәтер беріп отыр. Оған қоса Веселое орта мектебінің күрделі жөндеу жұмысына 30 млн теңге қаражат бөлген.

Осы тақырыпты қаузағанда қыз-келіншектердің де ердің ерінің ғана қолынан келетін өне­гелі іс атқарып жүргендігін ек­пін түсіріп айтпай тұра алмас едіңіз. Целиноград ауданындағы Қосшы ауылында «Қазына СР» компаниясының бас директоры Сайра Матайбаева құны 350 млн теңге болатын 200 орындық сыңғырлаған су жаңа мектеп салып бергендігін айтсаңыз, жан­а­шыр істің жоралғысына көңіліңіз гүлдейді.

Аудандағы Мәншүк ауылында белгілі меценат Тимур Пішеновтің салып берген жаңа балалар бақшасы сәбилердің шат күлкісіне толған. Кәсіпкер бұл нысанды мемлекетке тегін беріп отыр. Жанашыр жанның жақсы ісі жалғыз бұл ғана емес, кішкентай ғана елді мекенге элиталық дүкен салды, ауылдық клубты күрделі жөндеуден өткізді.

Көкшетау мен Қараөткелдің бойын жайлаған жалпақ жұрт­тың ішінде кісілігімен таныл­ған атымтай жомарттар аз емес. Соның ішінде екі меценат рес­публикалық «Жомарт жү­рек» сыйлығына ие болды. Олар – Жарқайың ауданындағы «Жар­қайың» серіктестігінің басшысы Виталий Камышанский мен «Шуйское 21» серіктестігінің директоры Алтынбек Құрманқұлов.

Туған жердің төсін түлеткен, ауылдардың ажарын кіргізген аза­маттарға мың алғыс! Елдің елді­гін көрсететін, бірлігін бай­қа­татын берекелі іс биыл да жалғасуда.

 

Ақмола облысы