Жалпы, Алматы облысының Жаркент өңірін отандық жүгері шаруашылығының отаны деуге болады. Биыл Панфилов ауданында 26 мың гектардан астам алқапқа жүгері себілген-ді. Бүгінде диқандар «дала аруы» атанған дәнді дақылды орып, қамбаға құюда.
Жылдағыдай емес, биыл Жаркент өңірінде жаңбыр аз болды. Кей ауылдардың алқаптары құрғақшылыққа ұшырады. Шаруалардың 70 гектар жерге еккен дәні күйіп кетіпті. Соған қарамастан аудан бойынша 167,3 мың тонна жүгері жинау мақсаты тұр. Болжам бойынша әр гектарға шаққандағы орташа түсім 64,1 центнерден айналуы тиіс.
Биылғы өнім жиналатын алқап саны жылдағыдан ұлғайғанын айта кетейік. Жүгерісі жайқалған егістік көлемі 124 гектарға жетеді.
– Көктемгі егіс науқаны пандемияның шектеу шараларымен тұспа-тұс келіп қалды. Алайда қатаң шаралар диқандардың жұмысына кері әсерін тигізбеді. Өйткені ауыл шаруашылығымен айналысатын саланың еңбеккерлерін қолдау мен жеңілдіктер жеткілікті деңгейде жасалды. Сақтық шарасы да жоғары деңгейде жүрді. Әсіресе шаруа қожалықтарына мемлекет жақсы қолдау көрсетті. Тұқым, жанар-жағармай, техникамен қамтуда кедергі болмады. Аудан бойынша арзан бағамен алынған 380 тонна дизель отыны дер кезінде шаруаларға жетті, – дейді Панфилов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жұмағазы Наймантаев.
Жыл басынан бері ауданның ауылшаруашылық саласына 1 млрд 20 млн теңге инвестиция тартылғанын атап өткен ләзім. Оған 48 дана техника сатып алынды. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 5 шаруа қожалығы 305 млн 955 мың теңгенің жеңілдетілген несиесін алса, 44 жеке серіктестікке 142,4 млн теңге мөлшерінде қосымша қаржылай қолдау көрсетілді.
Айтпақшы, облыста 81,8 мың гектарды қамтитын суару желілерін қайта жаңарту, қайта салу, апатты жағдайда тұрған суқоймалар мен тоғандарды қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асып жатыр. Бұл өз кезегінде өңірдегі егіс алқаптарының көлемін арттырып, суармалы алқаптан мол өнім алуға жол ашады.
Осы жобаның қатарында Балқаш ауданындағы 7 мың 481 гектар аумақты сумен жабдықтауға мүмкіндік беретін Ақдала массивін қалпына келтіру жұмысы да бар екен. Қуаныштысы, жоба жүзеге асқаннан кейін Балқаш өңірінде күріш атыздарының аумағы қазіргіден анағұрлым ұлғаюға тиіс. Өйткені өңірдегі ақ маржан өсіретін бірегей аудан – осы Балқаш. Ал қазір аудан диқандары күріш орып жатыр.
– Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, еңбекші қауым күн-түн демей қызу еңбектің көрігін қыздырып, жұдырықтай жұмыла білуде. Ерте көктемде аудан бойынша 8 861 гектар алқапқа күріш егілген болса, бүгінгі таңда оның 2 184 гектары орылып, 1 061 гектардың өнімі бастырылды. Күріш оруда озық тұрған бірқатар шаруашылықты атап өтсек, «Өтес», «Бірлік» агрофирмалары, «Динара» өндірістік кооперативі және «Өтес-Ақдала» серіктестігі жоғары өнім алып, табысқа қол жеткізіп отыр, – дейді Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқанов.
Алматы облысы