09 Қараша, 2013

Монополистер қашанғы басына береді?

283 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кәсіпкерліктің, мемлекеттік-жекеменшік серік­тес­тік жобаларының қатаң сынға ұшырауының бір ұшығы мемлекеттік қызметтегі жаңаша басқару­шы­лық талап­тарды жете меңгеруден, терең ойластырудан, та­бан­дылықпен шешуден гөрі, бюрократтық-алпауыттық қы­лық­тарға әлі де бой алдыруда.

01-Монополия

 

Кәсіпкерліктің, мемлекеттік-жекеменшік серік­тес­тік жобаларының қатаң сынға ұшырауының бір ұшығы мемлекеттік қызметтегі жаңаша басқару­шы­лық талап­тарды жете меңгеруден, терең ойластырудан, та­бан­дылықпен шешуден гөрі, бюрократтық-алпауыттық қы­лық­тарға әлі де бой алдыруда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөздерінде шағын және орта бизнесті дамытуға үнемі ба­сымдық беріп, жан-жақты қолдау көр­сетіп келеді. Сол себепті осы салаға тікелей қатысты ше­тін мәселелерге Үкіметтің кеңей­тілген отырысында назар аударылуы тектен тек емес. Онда сөй­леген сөзінде Президент кәсіп­керлікті қолдау тақырыбына арнайы тоқталып, оны өрістетуде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тиімді тетікке ай­налғанымен, әлі де қадау-қа­дау проблемалардың кезігіп отыр­ғанын жасырмады. Оның ішін­де мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жайына бөле-жара тоқталды. Өміршең тәсілді тиім­ді пайдалана алмай отырған өңір­лер арасында Солтүстік Қа­зақстан облысы да аталып, 2008 жылдан бері сараптамаға бір­де-бір концессиялық ұсы­ныс­тың жасалмағаны, даму инс­ти­туттарының осы бағыттағы жо­баларға белсене қатыспайтыны қатты сынға алынды.

Иә, қарап отырсақ, бизнесті үй­лесімді өркендету қарқынды қа­дамдар мен маңызды ынта­лан­дыру шараларынан кенде емес. Алайда, осындай қолайлы мүмкіндіктер бола тұра, ша­ғын және орта бизнесті эконо­ми­калық, әлеуметтік жаңғырту үдерісіне тарту үлесі неге жеткі­лік­сіз деген сауал төңірегінде әңгімелейтін болсақ, бірінші кезекте аса маңызды стратегиялық міндеттерді шешуде жергілікті басқару буынындағы түрлі ора­лымсыздықтар атойлап қоя береді. Біздің бұлай ой түюі­міз­ге аймақ басшысы Самат Ескен­діровтің төрағалығымен жуыр­да өткен әкімдік отырысын­да өзекті мәселелердің талқылануы тамызық болды.

01-Монополия

Елбасы тапсырмаларын орындауды бас­ты арқау еткен алқалы жиын­да халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасының тө­мен­дігі, билік тұтқасындағы лауа­зым­ды тұлғалардың тиісті бағ­дар­ла­маларды жүзеге асыру­да­ғы кәсіби оралымсыздығы, жоба­ларды біліктілікпен жүзеге асы­рудың орнына бюрократтық пен сөзбұйдалыққа, түрлі заң­сыз­дықтарға салынып, кәсіп­кер­лерді ығыр ететін жайттар көл­денең тартылды. Әсіресе, ауылдық аумақтарды дамыту бағ­дарламаларын орындау қана­ғаттандырмайтыны баса айтылды. Оның ақыры экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы шенеуніктің қызметінен босатылуына әкелді.

Демек, Н.Назарбаев шағын және орта бизнес өңірлік құры­лымдарда жаппай дамытудың шешуші ма­ңызға ие болғанын бірнеше мәрте еске салғанымен, жергілікті лауа­зым иелері кәсіп­кер­лік пен мем­лекет арасында өзара тиімді байланысты ор­нықтырумен жет­кі­ліксіз айналысып келген деген қорытынды жасауға болады. Бұл – бір. Екін­ші­ден, өзге сала жетек­шілеріне тағылым боларлық облыс­тық жиында шағын және орта биз­нес кәсіпорындарының екінші дең­гейдегі банктерден несие алу көр­сеткішінің азайғаны, оның бір ұшы­ғы ауылдағы кәсіп­керлерді қар­жыландыру құлық­сыздығында жатқаны айтылды. Мұның мем­лекет­тік-жеке­мен­шік серіктестікке де тікелей қатысы бар. Тұтастай алған­да, өткен жылға қарағанда, не­сие беру мөлшері 18 пайыз­ға өс­ке­німен, кәсіпкерлік субъек­ті­ле­рін қаржыландыру 28 пайызға тө­мендеген. Осыдан-ақ отандық биз­нестің, оның ішінде мемлекеттік және жекеменшік екітараптық қарым-қатынастардың жаңа сер­пі­ні­не ие болмай отырғанын көрсетсе керек. Өкініштісі сол,­ банктердің, ең алдымен, өзі­не ғана пайдалы жа­ғына ұмты­ла­тыны, сұранысты желеу етіп, пайыздық өсім көлемін қолдан өсіретіні жасырын емес. Көбіне жеке бизнесті дамыту, қор­ғау тетіктері кейінге ысырылып жатады. Демек, банктердің ұлт­тық экономиканың тұрақты өсімі мақсатындағы ортақ жауап­кер­ші­лі­гін қатаңдататын мезгіл жетті деген сөз.

Біздің ойымызға Қазақстан рыногында 20 жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан «Жылдам тұрғызылатын материалдар зауы­ты» ЖШС-нің директоры Арыстанбек Бекқожиновтің жергілікті шенеуніктер мен банк­терге деген қара қазандай өкпесі оралды. Оның айтуынша, жылына 3,5-4 мың тонна металл құрылғыларын жасап шығарып, 1 миллиард теңгенің өнімін игеретін кәсіпорын тұрақты мемлекеттік тапсырыс пен құрылыс жүргізу тендерлеріне ие бола алмай келеді. Әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол зауыт конкурстарға қанша қатысса да, қосалқы мердігерліктен аса алмай қалады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға деген ұмтылысы мен мемлекеттік-жекеменшік серік­тестікке қосылу, жеке тапсырыс арқылы жұмыс атқару тала­бы еш негізсіз қолдау таппай, шетқақпай қалып келеді. Өздерінен әлдеқайда әлсіз өндіріс орындарының жолдарын кесіп кететініне күйінеді. «Банктен қара­жат алып, инвесторлық бағ­дарламаны өрістету жөніндегі ұсынысымыз да аяқсыз қалды. Алпауыт-монополистер бизнес-ахуалды жақсартып, отан­дық кәсіпкерліктің бәсекеге қабілеттігін қайраудың орнына, шырмауықша шырматылған тірлігі әбден діңкелетті. Жылу, жарық жүйелері кәсіпорындары мен түрлі ведомстволар басқарып отырған лауазым иелері тарапынан да осындай кедергілер жиі кездеседі. Оларды да алпауыттар тізіміне енгізіп қою артықтық етпейді», деген еді Арыстанбек Имантайұлы күйінішін жасыра алмай.

Бүгінде облыста 14 балабақша мем­лекеттік-жекеменшік серік­тес­тік бойынша жұмыс істеп, 1218 бүлдіршінді қамтыса, 9 ме­морандум негізінде қолға алын­ған жобаның 4-уі ғана қар­жыландырылған. Тек әкімдіктің отырысында «Балапан» бағ­дар­ламасының атқарылу барысы қаралып, жергілікті бизнес әлеуетін тиімді пайдалану талаптарынан кейін сең қозғалған сықылды. Қазір балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту 3 пен 6 жас аралығы бойынша 88,6 пайызды құрайды. Геннадий Зенченко, Еркебұлан Мәмбетов, Анатолий Рафальский жетекшілік ететін агроқұрылымдар иесіз қалған ғимараттарды бала­бақ­шаларға айналдырып, ком­муналдық меншікке өткізген. Облыс орталығында бұрынғы үш балабақша қайтарылып, жекеменшік иелерін тарту көзделген. Десек те, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде 1 мың орындық 8 мектепке дейінгі білім беру мекемесін ашу жос­па­рының үлкен қиындықтарға кезігіп отырған жайы бар. Басты кедергі – қаражат тапшылығы. Жеке кәсіпкер Балдырған Ілия­сов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясын­да «Баларман» жекеменшік бала­бақшасын ұйымдастыру үшін банк есігін әбден тоздырған. Ал басқа кәсіпкерлер қолжетімділік болмағаннан кейін бизнес-жос­парларын қайтарып алуға мәж­бүр болған.

Үшіншіден, Елбасының сы­нынан кейін арада бір айға жуық уақыт өтсе де, өңірде әлі күнге дейін мемлекеттік-же­кеменшік серіктестікке қатысты ортақ жоспар-тұжырымның жасалмағанына қарап, тиісті басқармалар нақты проблемаларға жақындай түсудің орнына жұмыстың кабинеттік стилінен әлі арылмаған екен-ау деген тоқтамға келесің. Әупірімдеп жүріп, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы инвестициялық саясат және инфрақұрылым бөлімінің басшысы Татьяна Долгихтан мем­лекеттік-жекеменшік се­ріктестікті дамыту жөніндегі іс-ша­ралар бойынша бір ғана факт таптық. Ол Петропавл қа­ла­сында бір ауысымда 500 науқасты қабылдауға арналған кешенді емхананың құрылысы болды. Жалпы құны 2 миллиард теңге тұратын денсаулық сақ­тау нысаны жалпы тізбеге енгізіліп, ұсыныс Экономика және бюджетті жос­парлау ми­нистрлігінен қолдау тауып­ты. Бірлескен жобаның одан арғы тағдыры белгісіз. Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшылығы мәселеге тікелей қатысы жоқтығын айтумен шектелді.

Сонда дейміз-ау, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын ұсыну, сараптамадан өткізу, инвесторлар табу мәселелерінің басқармалардағы лауазымды тұлғаларға еш қатысы болмағаны ма?

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.

__________________________

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС.

Соңғы жаңалықтар