Аймақтар • 02 Қазан, 2020

Қызылорда облысының әкімі үздік ұстаздарды марапаттады

865 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ұстаздар күні мерекесіне арналған "Ұстазым - ұлағатты өнегем" атты арнайы жиынға қатысып, үздік ұстаздарды марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қызылорда облысының әкімі үздік ұстаздарды марапаттады

Салтанатты шарада аймақ басшысы педагогтарға мемлекеттік қолдау шараларының қарқынды жүргізіліп жатқанын, ұстаздардың білім беру саласында табысты жетістіктерін атап өтіп, кәсіби мерекемен құттықтайды.

"Бұл мереке шын мәнінде барша халыққа ортақ. Өйткені, кез келген мамандық, кез келген лауазым иесі ұстаздан білім, тәрбие алады. Жаңа дәуір талабына сай озық тұрған мұғалім ғана шәкірт алдында беделі биік болары сөзсіз. Елімізде "Педагог мәртебесі туралы" Заң қабылданды, білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Нәтижесінде, биылдан бастап педагог және оларға теңестірілген қызметкерлердің еңбекақысы өсуде. Бұл – аймақ педагогтарына мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдау", - деді облыс әкімі.

2021 жылдың қаңтарынан мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейтіледі. Осы бағытта алдағы үш жылда 1,2 триллион теңге бөлінетін болады. Биылғы жылдың өзінде бұл мақсатта републикалық бюджеттен облысқа 27,4 млрд теңге қаржы бөлінді.

Облыс әкімі салтанатты жиында еңбегімен танылып, құрметке бөленген бірқатар ұстаздарды ең жоғары марапат – Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі мен "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісін табыстады. Құрметке ие болғандар қатарында Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназия мұғалімі Клара Есмағанбетова, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің оқытушысы Әсия Борақұлова мен Қазалы ауданы, №225 орта мектебінің мұғалімі Роза Сексенбаева бар.

Сондай-ақ үлгілі ұстаздарды Құрмет грамотасымен марапаттады. Ал, білім беру саласына үлес қосқан 30 ұстазға ноутбук табыс етті.

Шарада онлайн режимінде бейне конференц байланыс арқылы аудандардан үздік педагогтар қатысып, мерекелік лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, биыл алғаш рет Сыр елінде тәуелсіздік күні қарсаңында білім саласына үлес қосқан педагогтарға ерекше төсбелгі табысталады. Сонымен бірге 10 ұстазға 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни әр ұстазға 833 мың теңге қаржылай сыйақы беріледі. Ұстаздарды қолдау шаралары қарқынды жүргізіледі.