Экология • 02 Қазан, 2020

Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері жұртшылықпен талқыланды

340 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін конференция барысында Экология, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, депутаттық корпустың, Нұр-сұлтан қаласы әкімдігінің, Халықаралық эпизоотиялық бюроның, түрлі зоологиялық қорғау және заң ұйымдарының өкілдері жануарларға жауапкершілікпен және ізгілікті қарауды реттеу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Экология министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері жұртшылықпен талқыланды

"Соңғы уақытта біз бәріміз жануарларға өте қатал қарау фактілерінің куәсі болдық. Сондықтан, жеке заң жобасын жасау қажеттілігі пісіп-жетілді деп есептейміз. Біз барлық жағымсыз көріністерге нақты заңнамалық тосқауыл қоюымыз керек", деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде Экология министрлігінің Жауапты хатшысы Сәбит Нұрлыбай.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жануарлар проблемаларына аса көңіл бөлуде, сол себепті Үкіметке азаматтық сектормен бірлесіп "Жануарларды қорғау туралы" Заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Бүгінгі таңда Заң жобасы әзірленіп, Президент Әкімшілігінің қарауында жатыр. Бұл Қазақстандағы адамгершілік мәселелерін көтеретін алғашқы ресми заң жобасы. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастамашы болды.

"Заң жобасын іске асыру жануарларға жауапкершілікпен қарауды және оларға ізгілікті қарауды қалыптастыруды, әртүрлі санаттағы жануарларға қарау кезінде жалпы және арнайы талаптарды белгілеуді, қатыгез қараудан қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", деп атап өтті С.Нұрлыбай.

Бұл ретте, жануарларға қатыгездікпен қарау немесе кезкелген заң нормаларын бұзушылық үшін жауапкершілік "Жануарларға жауапты қарау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасында көзделетін болады. Атап айтқанда, әкімшілік-іс жүргізу және қылмыстық кодекстердегі нормаларды қатаңдату көзделетін болады.

Сондай-ақ, конференция барысында зоологиялық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері өз ұсыныстарын білдірді.

Үкіметтің қорытындысы Мәжіліске енгізілгеннен кейін Парламент алаңында жұртшылықпен талқылау басталады.