Аймақтар • 02 Қазан, 2020

Зейнеткерді құтқаруға көмектескендер полициядан алғыс алды

339 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан екі апта бұрын Петропавл қаласындағы «Мечта» дүкенінде жұмыс істейтін Денис Григорьев пен Иван Барановский терезеден құлай жаздаған кейуананы құтқаруға көмектескенін бұрын жазған болатынбыз. Кеше СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев осы екі азаматқа қырағылығы үшін Алғыс хат тапсырды.

Зейнеткерді құтқаруға көмектескендер полициядан алғыс алды

Азаматты ажалдан құтқаруға көмектескен батыл петропавлдықтарды марапаттау рәсімі қалалық полиция басқармасының жеке құрамының қатысуымен өтті. «Қызметтік міндеттен басқа кезде де қиындыққа тап болған адамға қол ұшын созуды азаматтық борыш деп білетін әр түрлі жағдайлармен полиция қызметкерлері ұшырасып жатады. Әрине, бізді өз қалауларымен полицейлерге көмектескендер, адам жанына араша болғандар қатты қуантады», - деді қаланың бас полицейі.

Еске сала кететін болсақ, 14 қыркүйек күні дүкен қызметкерлері патрульдік полицейлермен бірге терезеден құлап кете жаздаған 81 жасар зейнеткерге дүкеннің шатырынан түсуге көмектескен болатын. Әжей ауруханаға жеткізілген. «Адам өмірі қыл үстінде тұрғанда менің орнымдағы кез-келген жан ойланбастан дәл іздей әрекет жасар еді деп ойлаймын. Біздің шағын еңбегімізді бағалаған Полиция департаменті бастығына ризашылығымды білдіремін», - деді алғыс алғандардың бірі Иван Барановский.

 

ПЕТРОПАВЛ