Өрт сөндіруге №3-ші өртсөндіру бөлімінің бөлімшесі мен қаланың №1-ші арнаулы өртсөндіру бөлімінен 8 дана техника мен 26 адам қатысты. Кәсіби шеберліктерінің арқасында өртсөндірушілер тілсіз жауды 12 минөтте құрықтап үлгерді. Осы аз ғана уақыттың ішінде биік үйден 78 адам эвакуацияланды, оның 18 жас балалар. Өрттің ішінде тікелей қалған екі адам құтқарылды. Соның ішінде 1973 жылы туған 2-ші топтағы мүгедек өздігінен жүре алмайтын болғандықтан өртсөндірушілер оны зембілмен алып шықты. Бірақ жігіттің жағдайы ауыр, оның денесінің 75 пайызын өрт шалған. Қазір ол ауруханада ауыр халде жатыр.
Ал өрттің кезінде өшірілген жарықтың кесірінен лифте тұтқындалып қалған азамат кіреберістегі түтінге тұншығып, әлсіреп қалған екен. Өртсөндірушілер оны 7-ші және 8-ші қабаттардың арасында тоқтап қалған лифтен есігін бұзып, зорға алып шықты. Алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін жігіт есін жинап, ауруханаға барудан өзі бас тартты. «Түтін кіреберіске толып кеткендіктен оның жағдайы ауыр халге жеткен. Сондықтан өртсөндірушілер лифтің есігін сүйменмен бұзуға мәжбүр болды. Есік ашылған бойда біздің жігіттер оның басына ауа беретін құтқарушы капюшон кигізіп, есін жинатты. Сонымен бірге психологиялық көмек те жасалды. Өз өзіне келген соң азамат өз аяғымен жүріп, ауруханаға барғысы келмеді», деді бірінші өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, осы өртті сөндіруге бағыныштыларын жұмылдырған азаматтық қорғаныс майоры Марат Нұрғалиев.
Сонымен бірге ол өртсөндіру машинасының үйге жақын келуінде қиыншылық болғанын жеткізді. Өйткені, үйдің маңындағы аулада жекеменшік жеңіл машиналар толып тұрған. «Сол себепті автосатыны да қоюға мүмкіншілік болмады», деді ол.
Кіреберістің іші түтінге толып кеткен жағдайда жұмыс істеген өртсөндірушілер өздерін нағыз кәсіби мамандар ретінде көрсетті. Басқа адам бұл кіреберіске бас та сұға алмас еді. Өртсөндірушілер келген бойында аймақты жіппен қоршап, өзге адамдардың зардап шегуіне болмайтындай етті. Бұл уақытта басқа қызметкерлер өрт шыққан үйде қалған адамдарды шығарумен айналысты. Ал өрттің негізгі ошағын сөндіруге қалған өртсөндірушілер жұмылдырылды. Осындай ыңғайсыз жағдайдағы үлкен өрттің 12 минөтте сөндірілгендігінің өзі – нағыз кәсіби шеберлікті көрсетіп тұр.
Қазір өрттің шығу себептері анықталуда. Алдын ала жасалған болжамға қарағанда ол мүгедек адамның төсекте темекі тартқандығынан болуы мүмкін.
ПЕТРОПАВЛ