09 Қараша, 2013

50 рет өзгеріс енгізілген кодекс

221 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

20120702205034«Қазмедиа орталығында» Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары мен айтқан сын-ескертпелері туралы өз ойын сенатор Владимир Бобров ортаға салды.

 

«Қазмедиа орталығында» Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары мен айтқан сын-ескертпелері туралы өз ойын сенатор Владимир Бобров ортаға салды.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Владимир Бобров Үкімет пен Парламент арасындағы заң шығару жұмыстарына байланыс­ты көптеген олқылықтардың бетін ашып, Елбасының сындарын жандандыра түсті. Елбасы өзінің сөздерінде, жолдауларында Парламент пен Үкіметке еліміздің заңнамасын жетілдіру туралы үнемі нақты тапсырмалар береді, деп бастады ол өзінің сөзін. «Нұр Отан» партиясының ХV съезіндегі сөзінде де, Үкіметтің кеңейтілген отырысында да Президент осы мәселелерге қатты көңіл аударып, көптеген олқылықтар туралы айтты.

– Енді мен сіздерге Үкімет пен Парламенттің осы, заң шығару саласындағы бірлескен жұмыстары туралы айтып берейін, деп жалғады сөзін депутат. – Үстіміздегі жылға біздің қарауымызға Үкіметтен 49 заң жобасы түсуі керек еді, бүгінгі күнге дейін соның 29-ы ғана түсті. Тек 4-ақ жоба өзінің уақытында, ал біреуі мерзімінен бұрын келді. Бұлар енді қаражатқа байланысты (бюджет, Ұлттық қор кепілдігі, салық және т.б.) заң жобалары. Ал қалған заң жобаларының бәрі де көрсетілген мерзімінен көп уақыт кешігіп түседі. Біздің ең басты міндетіміз – қабылданатын заңдардың сапалылығын жоғары дәрежеге жеткізу ғой. Біз осы міндетті орындауға барымызды салып-ақ бағамыз. Алайда, сапалы заң қабылдауға мүмкіндік бермейтін проблемалар туралы айтайын. Біріншіден, қабылданатын заң жобаларының мазмұндық базалары тұрақты түрде жетілдірілмеген күйде жеткізіледі. Осының өзі заң қабылданған бо­йында толып жатқан өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге мәжбүр етеді. Бізде осы уақытқа дейін 313 заң қабылданса, соның 210-ына Үкімет өзгерістер мен толықтырулар енгізген. Мәселен, Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға – 15, Жеке кәсіпкерлік туралы заңға 22 рет толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Ал Әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар рекордты жағдайға жетті. Бұл заңнамаға 50 рет (!) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Ал, бізде кәсіпкерлік қайдан тұрақты жүргізілсін, егер олардың басшылыққа алатын заңнамасына 20 рет өзгеріс енгізілсе, деді сенатор одан әрі күйінгенін жасыра алмай. Парламент заң жобасын тұтасымен кері қайтаратын мысалдар да болды. Мәселен, Мемлекеттік бюджеттің орындалуын бақылайтын есеп комитеті туралы заң жобасы еліміздің Конституциясы мен Президент туралы заңға қайшы келетін болғандықтан, кері қайтарылды. Біздегі екінші тұрақты проблема: заң жобаларына лайықты ғылыми сараптың жасалмауы. Бұл мәселе де талай рет көтерілді, Парламент депутаттары сауал да жасады, алайда, жыл сайын сарапшыларға бірнеше млрд. теңге бөлінгеніне қарамастан, ғылыми сараптаманың сапасы өте төмен. Тіпті, сараптаманың нақты адамдардың мүддесі үшін жасалатын фактілері де кездесіп қалады. Мәселен, Парламентке мұнай өнімдеріне байланысты операцияларды жүргізу туралы негізгі заңға жасалған өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасына қатты сындар айтылған ғылыми сараптама түсті. Екі аптадан кейін дәл сол жобаға екінші түрлі ғылыми сараптама сап ете қалды. Мұнда, алғашқыда айтылған сындардың бірі де жоқ. Ал екеуіне де қол қойған бір адамдар?! Міне, өкінішке қарай, бізде осындайлар да болады. Кейбір ғылыми сараптамалар 1-2-ақ күнде жасалады. Әрине, ондай сараптаманың сапасы туралы сөз айтуға да болмайды.

Одан әрі сенатор заңдардың іске асырылуы туралы Үкімет қабылдайтын заңнамалық актілер туралы айтты. Оларды қабылдауға да өте көп уақыт кетеді екен. Мәселен, Үкімет жеке кәсіпкерлік туралы заңды іске асыру жөніндегі заңнамалық құжатты дайындауға төрт ай уақыт жұмсапты. 2009 жылы халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау туралы кодекс қабылданған, оны да іске асыру үшін көптеген нормалар қабылдануы керек еді. Алайда, әлі күнге соның көбі қабылданбапты, демек, заң жұмыс істемейді деген сөз. Ал заң бойынша осы нормативтік-құқықтық актілер Парламентке заң жобасымен бірге түсуі керек көрінеді. «Бірақ бізде ол жасалмайды», деді сенатор сөзінің соңында.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».