09 Қараша, 2013

Жол емес, жолақ ашылды

281 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл салада қолға алатын іс қыруар

Қазан айының 11-і күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі көлік жолдары да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмаған-ды. Құрылыс саласында жаңа технологияларды енгізу арқылы күрделі шығындарды азайту және сапаны арттыру жұмысы нашар жүргізіліп жатқаны айтылды. Нәтижесінде жаңадан салынған автомобиль жолдарын пайдалануға берген бір жылдан кейін қайта жөндеу керек болады.

01-Бургандинов дорога

 

Бұл салада қолға алатын іс қыруар

Қазан айының 11-і күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі көлік жолдары да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмаған-ды. Құрылыс саласында жаңа технологияларды енгізу арқылы күрделі шығындарды азайту және сапаны арттыру жұмысы нашар жүргізіліп жатқаны айтылды. Нәтижесінде жаңадан салынған автомобиль жолдарын пайдалануға берген бір жылдан кейін қайта жөндеу керек болады.

01-Бургандинов дорога

Қазақстанда жолдарды жөндеуге жеткілікті қаржы жыл сайын бөлініп жатыр. Десе де, әлемдік рейтингте жол сапасы жөнінен Қазақстан 140 елдің ішінде 117-орын­да тұр. Неге бұлай? Оның түрлі себептері бар. Сол себептердің сетінетер тұсын тап баспаған Үкімет баяғы мимырт жүрісінен әлі танбай келеді. Жолды халықаралық стандарттарға жақындату мақса­тын­да әрекеттер жоқ емес, бар. Құжатты бағдарламаларға зер сал­саң жолды реформалау шаруасы да тап-тұйнақтай жүргізіліп жат­қан сықылды. Сол үшін арнайы құрылған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-тың да іс тындырып жүрген кейпі бар. Әттең-айы ілбіп ілгерілеген іс сын көтермей тұр.

Айтқанымыздай ағымдағы жыл­дың шілдесінде Астана–Теміртау, Астана–Павлодар және Алматы–Қапшағай ба­ғыт­тарындағы автожолдарды қайта жаңғырту басталды.

Аталған жолдарды кеңейтіп, бірінші техникалық санатқа ауыс­тыру көзделгені белгілі. Бұл қайта жаңғырту аталған тас жолдардың көліктерді өткізу қабілетін арттырып, апатты оқиғалардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Жақсы жоспар. Бірақ, қазір осы телімдердегі жұмыс екпіні көңіл қуантпайды.

Таяуда Астана–Теміртау авто­жолының оң жақ қозғалыс жолағының 6,5 шақырымы пай­да­лануға беріліп, көлік қозғалысы ашылды. Осы жалпақ әлемге жариялайтын жаңалық па? Жолдың әр 5-6 шақырымының бір жақ жолағын жасаған сайын бөркімізді аспанға ата беру жөн бе? Бос мақ­танды қойып, жөн істе жүретін кез келмеді ме?

Жарайды, барды айталық. Жолдың бұған дейінгі ені 8 метр болатын. Ал, қазіргі салынып жатқан жолдың 6,5 шақырымының жүріп өтетін бөлігінің ені 11 метр. Бұйыртса, Астана–Теміртау автожолын қайта салып біткенде оның екі бағыттағы жалпы ені 22 метрге жететін болады. Негізі бұл жолдың жалпы ұзындығы 169 шақырым. Ол алты телімге бөлінген. Қазір құрылыс жұмыстары Ақмола және Қарағанды облыстарының екі телімінде жүргізіліп жатыр екен. Бұған қоса, ұзындығы 21 шақырым болатын тағы бір телім үшін жобалық-сметалық құжат (ЖСҚ) әзірленуде. Дәл осы уақытта мердігер таңдау конкурсы жария­ланып, оны өткеру шаралары ұйымдастырылып жатыр. Қалған үш телімнің де жобалық-сметалық құжаты дайындалу үстінде екен. Жобалау-зерттеу жұмыстарын аяқтау қараша айына белгіленіп, құрылысты бас­тау 2014 жылға жос­парланып отырған көрінеді.

Сонымен, келесі жылы құрылыс жұмыстары бүкіл тасжол бойында қызу жүргізіледі. Астана–Теміртау жолын қайта салуды аяқтағанда жол төрт жолақты болып, бірінші техникалық санатқа жатқызылатын болады. Жобаны іске асыру аясында телімді қайта салу жұмыстарына 160 жол-құрылыс техникасы тартылып, жаңадан 230 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде, Аршалы ауданының орталығы мен елді мекендерінен 60 адам жұмысқа орналастырылыпты.

Астана–Теміртау авто­жо­лы­ның 6,5 шақырымының оң жақ жолағында жол қозғалысы ашылар алдында құрылыс барысымен Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев танысып қайтты. Министр дайын болған телімдердің құрылысы аяқталысымен жол қозғалысын ашып отыру қажеттігін айтқан. Ведомствоның жоспарына сәйкес, ең алдымен жолға екі қосымша жолақ салынып, олардың бойымен қозғалыс ашқаннан кейін ғана қолданыстағы жолды қайта салу басталуға тиіс. Яғни, осы шаралар арқылы машиналар айналма жолмен жүрмейтін болады.

Жолдың бұл телімі Мемлекет басшысының Орталық–Оңтүстік, Орталық–Шығыс және Орталық–Батыс автожолдар бағыттарын дамыту туралы тапсырмаларының аясында салынып жатқандығы белгілі. Ал енді елдегі автокөлік жолдарының жағдайына тағы тоқталар болсақ, әзірше көңілге демеу болар шаралар тым аз. Кейбір нақты мәліметтерге қарасақ, өткен 10 жыл көлемінде жол апаттарынан 32 мың адам көз жұмыпты. Тағы да сол жол апаттарынан айтылған уақыт аралығында 160 мың адам түрлі деңгейде дене жарақаттарын алған. Мұның бәрі қазіргі бейбіт заманда, орын алған оғаш оқиғалар. 30 мың азаматтан айырылып қанша отбасы қара жамылып қалды. 11 қазандағы кеңейтілген Үкімет отырысында Елбасы биылғы жылдың 9 айының өзінде 2 273 рет жол апаты болғаны туралы дерек келтірді. Осы сұмдық деректерге қарап отырып, Ауған соғысына қатысқан боздақтар да мұншалық қазаға ұшырамаған еді деген ой келеді.

«Жол азабын жүрген біледі» дейді дана халық. Автокөлік түгілі адамның өзі әрең айналып жүретін жолдармен жер басуға ерінетін шенеуніктерімізді айында, жылында бір рет болса да жүргізіп тұрса ғой шіркін.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

___________________

Суретті түсірген Игорь БУРГАНДИНОВ.