Оқиға • 04 Қазан, 2020

Оралда үш бала көлікпен бірге суға батып кетті

470 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылында кәмелеттік жасқа толмаған үш бала жеңіл автокөлікпен бірге Шаған өзеніне батып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz

Оралда үш бала көлікпен бірге суға батып кетті

Өкінішке қарай, балаларды құтқару мүмкін болмаған.

Оқыс оқиға туралы 3 қазан күні кешкі сағат 17.00. шамасында полиция мен төтеншеліктерге белгісіз әйел хабарлапты.

"Полицияның кезекші бөліміне хабар сағат 16.55.-те түскен. Суыт хабарды алысымен оқиға орнына ең жақын жүрген полиция патрулі жедел аттанды. Полиция қызметкерлері барған мезетте өзенге секіріп, түгел суға батып кеткен көліктің артқы әйнегін қолымен ұрып сындырған. Алайда бәрі кеш болды", дейді Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібеков.

Төтенше жағдайлар басқармасы жедел құтқару жасағы судан алып шыққан көлікте 2011, 2013 және 2014 жылы туған балалардың денесі табылды.

Әзірге белгілісі балалардың екеуі бір үйдің балалары болып шықты. Ата-аналары балаларын алып, табиғат аясына демалуға шыққан. Қазір полиция қызметкерлері оқиғаның қалай болғанын тергеп, тексеріп жатыр.

"Осы оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 140 бабы, 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейін 119 баптың 4 тармағына ауыстырылды", деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, мұндағы 140 бап – кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау немесе тиісінше орындамау болса, 119 бапта – өзiн өзі сақтап қалатын мүмкiндiгi жоқ адамды көрiнеу көмексiз қалдыруға қатысты қылмыстар қарастырылады.