09 Қараша, 2013

Жамбылда жол-көлік оқиғасы неге көп?

476 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

авария-8«Жол-көлік оқиғасынан бірнеше адам қаза болыпты» деген «жаңалыққа» да құлақ үйренді. «Бірнеше адам» дегеніміз сөздің сыпайылығы үшін айтылған әңгіме, ал шын мәнінде кей жағдайларда 7-8, тіпті, бір автобустағы 30-ға жуық адамның бір мезгілде көз жұмғаны туралы да кезінде тиісті министрлік пен министрге қайғыра жеткізгенбіз.

авария-8

«Жол-көлік оқиғасынан бірнеше адам қаза болыпты» деген «жаңалыққа» да құлақ үйренді. «Бірнеше адам» дегеніміз сөздің сыпайылығы үшін айтылған әңгіме, ал шын мәнінде кей жағдайларда 7-8, тіпті, бір автобустағы 30-ға жуық адамның бір мезгілде көз жұмғаны туралы да кезінде тиісті министрлік пен министрге қайғыра жеткізгенбіз.

Өйткені, осы жантүршігерлік апаттың көбі Жамбыл облысы арқылы өтетін Алматы – Ташкент автожолының бойында болады. Бірде Қордай, Меркі, енді бірде Тұрар Рысқұлов, Жуалы аудандарының аумағынан өтетін жолда көлік соқтығысып, «бәленбай адам шығын болды» деген хабар дүңк ете түссе «тағы да ма?» деп, аза бойың қаза болып қоя береді екен, тіпті.

Ел-жұртты «аһ» ұрғызып отырған да осы жайт. Алматы – Ташкент жолы адам өмірі үшін өте қауіпті жолдар­­­дың бірі болып қалып отыр. Бұл төтенше жағдай – жамбылдық жол полицейлерінен үнемі жұмыс режімінде болуды талап етсе керек. Басқа жұмыстың бәрін қоя тұрса да, күндіз-түні осы «қыл көпірдің» ең қауіпті-ау деген тұстарында жол сақшылары көлік жылдамдығын, жүргізуші «мінез-құлқын» бақылап тұрар болса, әлгі апта сайын болып жататын кісі өлімі туралы хабарды естімес пе едік деп те ойлайсың. Бірақ, өкінішке қарай, жамбылдық ІІД жол полицейлері болған апатты ғана тіркеп, «бәленше адам қаза тапты» деген жаға ұстатар ақпарат беруді ғана міндет санайтын сияқты.

Жамбыл облыстық ІІД бастығы Б.Аймағамбетов, мысалы, «Жыл басынан бері «Автобус», «Абайлаңдар – балалар!», «Қарсы жолақ», «Біз – жол бойындағы қауіпсіздік үшін», «Той керуені», «Жаяу жүргінші қауіпсіздігі», «Қауіпсіз жол», «Экосақшы», «Қауіпсіздік белдігі» деп аталатын бірқатар рейдтер мен іс-шара өткіздік. Олар бойынша жол ережесін бұзған көптеген жүргізушілер анықталды. Әсіресе, мас жүргізушілерді ұстауға көбірек көңіл бөлдік. Мысалы, жыл басынан бері 1384 жүргізуші көлігіне спиртті ішімдік ішіп алып отырыпты. Соның салдарынан 10 айдың ішінде 12 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10 адам қаза тапса, 17 адам әртүрлі деңгейдегі жарақат алған» деуі мүмкін.

Бірақ іс осымен бітті ме? Әлгі арақ пен шарапқа «тойып» алып көше­дегі жүргіншінің өміріне қауіп төндір­ген жүргізушілерге қандай жаза қолда­нылды? Облыстық ІІД жол полициясы сот орындарына осы бойынша қанша іс жіберді? Әлде қаттама жыртылып, іс «қысқарып» кетті ме? Қылмыстық іс сот орындарына жетсе, ондағы судья қандай үкім шығарды? Жыл басынан бері қанша жүргізуші куәлігінен айырылды? Әлде мәселеге «көкелері» араласып, «бір жолға» кешірім жасатты ма? Міне, облыстық ІІД беретін ақпараттың осы жағы елге жұмбақ. Көлік жүргізу құқынан айырылған жүргізушілер, бәлкім, әлі де ішіп алып, әлі де автокөлік айдап, өзіне де, өзгеге де қауіп төндіріп, сайрандап жүрген шығар.

Қатаң тәртіп жоқ жерде жүргізуші де еркінсіп кетеді. Мысалы, шілде айында Алматыдан Тараз қаласына қонаққа келген жүргізуші қыз бір дәмханада құрбы-құрдастарымен спиртті ішімдік ішіп, шу шығарады. Онымен қоймай оқиға орнына келген полиция сержантына соқтығып, оның погонын жұлып алады. Міне, жұрт осы оқиғаның болғанын ғана естіді. Соңы немен аяқталды? ҚР ҚК 321-бабының 1-бөлігімен бұзақы қызға қылмыстық іс қозғалып, 200-ден 500 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынды ма? Әлде 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды ма немесе бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарылды ма? Бұл – белгісіз. Бәлкім, ол Алматысына барып, түк болмағандай әлі де көлік жүргізіп жүрген шығар...

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Рөлге мас күйінде отырған жүргізуші – көпе-көрінеу қылмыскер. Ондайларды заңның ең қатаң бабы бойынша жазалау керек. Әйтпесе, заңды күшейту қажет. Өйткені, Қазақстан жүрек-қан тамырлары ауруы бойынша бірінші орында тұрса, жол-көлік оқиғасы жөнінен екінші екен. Мен кеше Қасымовпен сөйлестім, өткен жылы жолда 2145 адам қаза болса, биылғы тоғыз айда 2273 адам қайтыс болыпты. 22 мың адам жарақат алған. Адамдарымыз Сириядағы соғыстағыдай қырылуда. Біз немене осындай жағдаймен келісуіміз керек пе? Ол айтады (Ішкі істер министрі – К.С.) «жол ережесін сақтамаған» деп, ал сонда полиция не үшін тұр?» деген болатын. Елбасының бұл сөзін Ішкі істер министрі де, Жамбыл облыстық ІІД бастығы да естіп, оқыған шығар деп ойлаймыз. Бірақ, өкінішке қарай, адамның етінен өтіп сүйегіне жететін осы сөз айтылған жерінде қалды. Өйткені, жол бойындағы еркінсіген жүргізушілер сол баяғы қарсы бағытқа шығып кету, бір-бірімен жарысу, ішіп алып рөлге отыру сияқты сорақылықтарын әлі де жалғастыруда. Олардың алдында жол полициялары да дәрменсіз. Үстіміздегі жылдың алғашқы 3 айының өзінде Жамбыл облысы арқылы өтетін халықаралық автокөлік дәлізінде жолаушылар тасымалдайтын автокөлік жүргізушілерінің кінәсінен 13 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 14 адам қаза болса, 87 адам жарақат алды. Одан бері, міне, жеті ай өтті. Жол апаты да, кісі өлімі де көбеймесе, азайған жоқ. Елбасы айтса, жер-жердегі осындай жағдайға жайбарақат қарап отырған полиция басшыларына ашынғаннан айтады.

Айтса айтқандай, біз осы мақаланы жазуға кірісер кезде тағы бір жағымсыз жаңалық естідік. Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында жол-көлік апаты орын алып, 3 адам қаза тауыпты. Алматы – Ташкент авто­жо­лының 441 шақырымында Та­раз – Бішкек бағытымен кетіп бара жатқан «Мерседес-Бенс-Д» автобусы «КамАЗ» жүк көлігімен соқтығысқан. Оқиға кезінде автобуста 19 жолаушы болған. Сол жол-көлік оқиғасы салдарынан 3 адам қаза болса, 6 жолаушы ауруханаға жатқызылыпты. Сол күні... тағы бір жаманат хабар жетті. Алматы – Ташкент автожолының бойындағы Меркі мен Қордай ауылдарының арасында «Мерседес Бенс-320 Е» автокөлігімен кетіп бара жатқан 59 жастағы жүргізуші жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан...

Ал, өкінішке қарай, Жамбыл облыстық ІІД басшылығы үшін жол бойындағы апаттардың алдын алудан басқа да жұмыстар жеткілікті сияқты. Сізге өтірік, бізге шын, электронды поштамызға жуырда ғана «Жамбыл облысы МКҚБ ММ-нің 61 жыл мерейтойы тойланды» деген тақырыппен мақала келіп түсті. Той салтанатының түрлі-түсті суреттерімен. Алпыс жылды, мақұл, мерейтой делік. Ал қарбалас жұмысы онсыз да бастан асып жатқан полицейлерге 61 жылды тойлаудың не қажеттілігі болды екен?..

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.