09 Қараша, 2013

Талан-тараж қашан тыйылады?

373 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

ЖемкорлыкМемлекеттік сатып алу заңдылықтары жариялылық пен ашықтықты, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсауды, адал бәсекелестікті, әріптестерге тең мүмкіндіктер беруді көздейді. Әйткенмен, мемлекеттік сатып алуға қатысушылар тарапынан заңды белден басу, бюджет қаржысын бүйідей жымқыру фактілері жиі көрініс беретіндігі жасырын емес. Мәселен, Ақмола облысында аталған сала бойынша жыл басынан бері 40 қылмыс анық­тал­ған. Бұл былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 3,6 есе көп.

 

Мемлекеттік сатып алу заңдылықтары жариялылық пен ашықтықты, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсауды, адал бәсекелестікті, әріптестерге тең мүмкіндіктер беруді көздейді. Әйткенмен, мемлекеттік сатып алуға қатысушылар тарапынан заңды белден басу, бюджет қаржысын бүйідей жымқыру фактілері жиі көрініс беретіндігі жасырын емес. Мәселен, Ақмола облысында аталған сала бойынша жыл басынан бері 40 қылмыс анық­тал­ған. Бұл былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 3,6 есе көп.

Жемкорлык

– Негізінен мұндай қылмыстар сеніп тапсырылған ақша мен мүлікті қымқыру немесе талан-таражға салу, алаяқтық, билік пен лауазымдық қызметті асыра пайдалану, пара алу сияқты келеңсіздіктерден көрініс береді, дейді ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Ақмола облыстық департаменті (қаржы полициясы) бастығының орынбасары Еділ Бейсеков. Мынаны қараңыз, Зеренді ауданындағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мен «Зеренді-Сервис» мемлекеттік-коммуналдық кәсіп­орнының бұрынғы басшыларының үстінен бір мезетте 14 қылмыстық іс қозғалып отыр. Олар аудандық аурухананың қазандық жабдықтарын орнату кезінде, бірқатар ауылды сумен қамту барысында және аудан орталығына кіреберіс қақпаны жабдықтауда атқарылмаған жұмыстарды жалған актілермен қабылдап алған. Аталған басшылардың ашкөзділігі салдарынан мемлекетке 12 миллион теңгеден астам шығын келтірілді. Қазір арнайы прокуратура қылмыстық істі тергеу амалдарын жүргізуде.

Соңғы жылдары Бурабайда респуб­ликалық деңгейдегі конференция, жиын-мәслихаттар жиі өткізіледі. Журналистік міндет бойынша, соның бәріне болмаса да аракідік қатысып тұрамыз. Жергілікті халық мұны удай қымбат қонақүйлердің қызметін қаржылай жабудың амалы деп қабылдайтыны жасырын емес. Жиналысқа арнайы шақырылғандар болмаса, ресторандарға тісі батпайтындар екі-үш күндік басқосуда ашқұрсақ отырады. Қазақстанның жалғыз курорты Бурабай кентінде де осы жағдай. Ал, Астананың мәртебелі қонақтары тақтайдай айналма жолдармен еш қиналмастан дік ете түседі. Осы жол мәселесінен шығады. Үстіміздегі жылдың наурыз айында Бурабай ауданының «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол Бурабай кентіндегі жол құрылысы тендерін өткізу барысында атқарылған жұмыстың құны 20 миллион теңгеден астам қаржыға асыра бағаланған қабылдау актісіне қол қойған.

Жоғарыда айтылғанмен өзектес мына жағдайды Үкімет назарына ұсынғанды жөн санаймыз. Іргедегі Астанадан келетін ірі басшылардың Бурабай ауданының орталығына бас сұққаны некен-саяқ. Ол ауданның жыл аралатып ауысатын әкімдеріне де тиімді сияқты. Өйткені, облыстың үшінші қаласы саналатын Щучинскінің орталығындағы төрт-бес көше болмаса, басқаларының көше сықпыты жоқ. Тіпті, облыс орталығына қалай шығуды білмей, жан-жағыңызға қарап басыңыз айналады. Сырт жақта жаяу жүргіншінің жіңішке жолы деген болмайды. Атам заманда төселген асфальттың әр жерден қараятын жырындысына секірген адамдарды көресің. Ал, көлік жүргізушілердің азабын тәптіштеудің өзі артық. Есесіне, мұнда техникалық көмек көрсету стансалары көп. Солардың бірінде болғанымызда жүргізушілердің «Бүгін қар жауып тұр ғой. Көп ұзамай шұңқыр-жыраларды мұз қатырып тастайды», деп бір-бірін жұбатып тұрғанын естідік.

Жауабы қиын сұрақтар баршылық. Өйткені, тендердегі алауыздыққа жаппай кіріскендей екенбіз. Айталық, ізгілік ордасы есептелетін «Зеренді аудандық мәдениет және тілдер бөлімі» ММ басшысы А.Кемелов алаяқтығы мен пара алғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Тіпті, мемлекеттік сатып алудағы дәрменсіздікті ұтымды пайдаланған Б.Қасымовтың қылмыстық тобы ортақ қазынамыздан 11134700 теңгені оп-оңай қалтасына салған.      

Елбасы Н.Назарбаев Үкіметтің қазан айындағы кеңейтілген мәжілісінде былай деді: «Қуаты да, көлемі де бірдей екі нысанның бағасы екі түрлі болатынына неге шүбә келтірмейсіңдер? Мәселен, Ақмола облысында 1200 орындық мектеп дәл сондай 900 орындық мектептен 219 млн. теңгеге арзанға түскен». Ақтөбе, Атырау облыстарына да дәл осындай сын айтылды. Қазір облыс басшылығы, тиісті ведомстволар мәселеге қатысты қатаң тексерістер жүргізіп жатыр.

Жалпы, қылмыс анықталғаннан кейін аласұру емес, оның алдын алып, келеңсіздікке жол бермеген жағдайда тиімділікке қол жеткізілетіні түсінікті. Олай дейтініміз, облыстық қаржы полициясының араласуымен, биылдың өзінде мемлекеттік сатып алу барысында 1107282000 теңге бюджет қаржысы үнемделіп қалды. Мысалы, алдын ала жүргізілген мониторинг нәтижесінде «Степногорск-водоканал» кәсіпорнының дизель отынын сатып алу құны 6065591 теңгеге, Бурабай аудандық орталық ауруханасының «С» сыныбындағы жедел көмек көлігіне жұмсамақ қаржысы 13216000 теңгеге артық есептелгені анықталған. Ал, Сандықтау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынас­тары бөлімі электрондық сатып алу кезінде 1 тонна бензинді 148610 теңгенің орнына 440000 теңгеге сатып алуға мәміле жасай жаздаған. Конкурсты тоқтату және мемлекеттік сатып алу жоспарларын қайта қарау сияқты фактілер өзге аудандарда да орын алуы мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктің тиімді пайдаланылмайтынын айғақтаса керек.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.