09 Қараша, 2013

CӨЗ СОЙЫЛ

317 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

ҚЫРҒИҚАБАҚ СОҒЫСТЫҢ БӘСІ

Студент күндері Кәкен екі сабақтан азарда-безер болатын. Бірі – «Азаматтық қорғаныс», екіншісі – «Әскери дайын­дық». Кеңес Одағы мен АҚШ арасындағы жанталаса қарулану бәсекесі қызып тұрған шақта бұл пәндердің түкірігі жерге түсе ме. «Азаматтық қорғанысты» жүргізетін отставкадағы полковник студентінен сынақ алып отырып:

– Атом бомбасы жарылғанда не істейсің? – деп әдеттегі сұрағын қояды. Сонда Кәкен:

– Екі табыт сатып аламын, – деп жауап беріпті. Мұндай оқыстықты күтпеген оқытушы:

– Е-е, неге екеу? – деп қалыпты.

– Біреуін – сізге, біреуін – өзіме, – деген екен екінші курстың студенті Кәкен Қамзин.

 

Әзіл - оспақ, сын - сықақ

 

БІРДЕ...

 

ҚЫРҒИҚАБАҚ СОҒЫСТЫҢ БӘСІ

Студент күндері Кәкен екі сабақтан азарда-безер болатын. Бірі – «Азаматтық қорғаныс», екіншісі – «Әскери дайын­дық». Кеңес Одағы мен АҚШ арасындағы жанталаса қарулану бәсекесі қызып тұрған шақта бұл пәндердің түкірігі жерге түсе ме. «Азаматтық қорғанысты» жүргізетін отставкадағы полковник студентінен сынақ алып отырып:

– Атом бомбасы жарылғанда не істейсің? – деп әдеттегі сұрағын қояды. Сонда Кәкен:

– Екі табыт сатып аламын, – деп жауап беріпті. Мұндай оқыстықты күтпеген оқытушы:

– Е-е, неге екеу? – деп қалыпты.

– Біреуін – сізге, біреуін – өзіме, – деген екен екінші курстың студенті Кәкен Қамзин.

 

БІР ЖАПЫРАҚ ҚАҒАЗ

1973 жыл. Азия-Африка жазушыла­ры­­ның Алматыдағы бесінші конференциясы. Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов Кәкенге үлкен мәжіліске арнайы шақыру билетін береді. Алдын­да ғана Азат Сүлеев, Төлеу Шаха­нов, Ермұрат Жармұхамедов сияқты са­баздармен түскі тояттан оралған Кәкен рақметтің орнына Әнуар Тұрлы­бекұлына:

– Олжас Сүлейменовтің кітабына алғысөз сүйкеп тастайсыз, Шоқан Әлім­баевқа пәтер алып бересіз, Мұқағали Мақатаевты Мәскеуге Литинститутқа оқуға жібересіз, Мұрат Әуезовті Делиге ағылшын тілін үйренуге аттандырасыз, ал мына мені бір жапырақ қағазбен алдандырасыз, – деп базынасын айтып қалыпты.

 

ЕСЕКДӘМЕ

Кәкеннің Қазақ КСР Телевизия және радио хабары мемлекеттік комитетінде қызмет атқарып жүрген кезі. Бір күні басшылар оны сол кездегі Целиноградқа іссапарға аттандырады. Оқиға оны аңди ма, әлде ол оқиғаның үстінен түсе ме, әйтеуір сол уақытта қалада неміс автономиясының құрылуына қарсы бас көтеру бұрқ ете түседі. Сапардан оралған қызметкерді дереу комитет төрағасының орынбасары Әнуарбек Шманов шақырып, жағдаяттың егжей-тегжейіне қанығады да:

– Шерушілердің ортасында өзің болдың ба? – дейді.

– Қалай болмайын? Болдым. Со­ларға қосылып, айғайлатып, ұрандатып алаңды үш рет айналып шықтым. –

Кәкеннің мынадай сөзіне іші қылп ете қалған Әнекең:

– Бұныңды менен басқа ешкім естімесін! – деп шыр-пыр болады.

– Әнеке, сізге сенгеннен кейін айтып отырмын. Алда-жалда жиырма бес жылға айдалып кетсем, артымда естелік жазар біреу қалар деген үміт қой, – деп Кәкен төмен қарайды.

 

АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫНЫҢ АЖАЛЫ

Жас қаламгердің «Жазушы» баспа­сы­ның проза бөліміне қызметке орналасқан кезі. Төлен Қаупынбаев, Берік Шаханов, Алдан Смайылов сынды белгілі жазушылар – бәрі бір бөлмеде отырады. Құмалаққа солай түсті ме, әлде басқа себептер болды ма, әйтеуір оның қолына Ғабит Мүсіреповтің «Жат қолында» романы тиеді. Бас редактор Мұхтар Мағауин көп созбауды, тездетіп өндіріске жіберуді мықтап тапсырады. Бір күні жұмыстың қызып жатқан шағында баспа директоры Сайын Мұратбеков Ғабеңнің келіп кетсін деген сәлемін жеткізеді. Кәкеннің жүрегі зырқ ете қалады. Осының алдында ғана лито қызметкерлері шығармадағы Торғай және Семей алашордасы туралы беттерді алдыртып тастаған-ды. Ғабең «Космос» сигаретін будақтата отырып, ана тараушалардың қайда кеткенін сұрайды. Сонда Кәкен аспай-саспай:

– Ғабе, Алаш ардақтылары жат қолында опат болды, – дейді.

 

АЙДАРЫНАН ЖЕЛ ЕСКЕН

Тоқсаныншы жылдары бірінші курстың бір қызы доцент Кәкен Қамзиннің таңертеңгі сегіз жарымдағы сабағына күнде кешігеді. Ұстаздың алдын ала келісілген қатаң тәртібі – бір минут қаза қылсаң, аудиторияға кірмейсің. Әлгі шәкірттің әдеттегі сылтауы – автобус кептелісі, қоңырау сағатының шырылдамай қалуы. Күндердің күні әбден шыдамы таусылған оқытушы көпшілік көзінше сол ұйқылы-ояу сылқымға кесек ақша ұсынады. Ана шәкірті майысып:

– Ағай, мұны қайтемін? – дейді. Сонда Кәкен мырза оның әлем-жәлем макияжына қарап тұрып:

– Айналайын, осыған айдарынан жел ескен, дауысы, зор өзіңе лайық бір әтеш сатып алшы, – дейді.

Көрген БІЛГЕНОВ.

АЛМАТЫ.

________

«СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРҒА» ҚАРҒЫС

Бір кейуана жылап отыр,

Құдайдан сауға сұрап отыр,

«Сыбайлас жемқор» қарғағаны,

Бірді-бірге жалғағаны:

– О, бастан ақ «злой» қасқыр едің,

Қас албасты басқыр едің.

Ұрлықпен-ақ байып кетіп,

Өзгелерді ұстатып, айыпты етіп,

Өзің былай тайып кетіп,

Сосын лауазымға ие болдың.

Бірде түйе болдың, бірде бие болдың,

Қызыл сөзге машықтандың,

Ауызды кеңге ашып қалдың.

Сен сайрап тұрғанда,

Көзің ойнақшып қайнап тұрғанда,

Жұрты құрғыр сиқырланды,

Тендір болса жеңісті едің,

Тірі жанға беріспедің.

Еңбегін жеп талайдың,

Ішінде талтаңдайсың,

Алтын күмбез сарайдың.

Сен «сыбайлас жемқордың»

Жеті мүшеңе құрт түсіп,

Бес бүктеліп бүк түсіп,

Қол арбаға таңылып қал.

Елден ішкен-жегенің,

Мұрныңнан шықсын,

Жер астындағы құрдымнан шықсын.

Ішкенің ірің, жегенің желім болсын,

Кигенің тірілей кебін болсын.

Сотқа тартылып, түрмеге түс,

Кандала бит пен бүргеге түс,

Бірақ, заңға да сенім жоқ,

«Общем» жемқор итке өлім жоқ.

Осы қарғысымның бірі болмаса

Бірі келіп,

«Сыбайлас жемқор» біткен,

Жаназаңа келсін күңіреніп.

Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ.

Маңғыстау облысы.

_________________

МҰНДАЙ ДА БОЛАДЫ

Әдемі «Ферраримен» жүйткіп келеді екенмін, бір кезде... сағаттың қоңырауы шырылдап оятып жіберді!

* * *

Күнделіктегі жазба:

«Алты жыл сыра ішкен жоқпын, шылым шеккен жоқпын, қыздарға бармадым. Содан кейін анам мені мектепке апарды».

* * *

Көше бойында отырған қайыршының мойнындағы жазу:

«1, 2, 5, 10, 20 теңге­лік­терді қабылдамаймын!»

* * *

Сайлау жақындағасын әйелдер де өз партиясын құрса керек. Құрылтайда олар «ең жасы үлкеніміз партия төрайымы болсын да, ең кішіміз оның хатшысы болсын» деп келіседі. Сонда «қане, кімнің жасы үлкен?» дегенде, ешкім орнынан тұрмапты. Ал, «жасы ең кішің қайсы?» дегенде, қатысып отырған екі мың әйел түгелдей атып тұрса керек.

 

Әзілің жарасса...

Соз сойыл-08-11

 

ӘЙЕЛДЕР «ӘЛДИІ»

– Күйеуім маған күн көрсетпейді.

– Қол жұмсай ма?

– Жоқ, үйден шығармайды...

* * *

– Мен қартайып бара жатырмын.

– Кім айтты?

–Бұрын бәрі «тұрмысқа қашан шығасың?» дейтін. Қазір «тұрмысқа неге шықпадың?» дейтін болды...

* * *

Құрбылар үйде шүйіркелесіп отыр:

– Мына балаң тура әкесінен аумай қалыпты...

– Ақырын, мына сөзіңді күйеуім естіп қоймасын...

* * *

– Сенің күйеуіңе не болды?

– Қайтыс болған, көп ішетін еді...

– Жұрт не деген бақытты, байлары өліп қалады, біздікі тастап кетіп тайраңдап жүр...

 

ҚҰРДАСЫҢЫЗБЕН ҚАЛЖЫҢДАСА БІЛЕСІЗ БЕ?

Құрдастардың қалжыңы дегенде есіме Сламбай атам түседі. Біздің Майбұлақ ауылы екі құрдас, Сламбай мен Сейфолла аталарымыздың қалжыңын әлі күнге жыр қып айтады. Сламбай Тоқбергенұлы 1989 жылы қайтыс болып кетті. Сейфолла Әшірбекұлының о дүниелік болғанына екі-үш жылдың жүзі болды. Жатқан жерлері жәннат болсын. Осы екі атамның қызық уақиғаларын естіген сайын құрдас болып қалжыңдай білу де бір өнер екенін сеземін.

Қойшы мен дүкенші

Ауылдың қақ ортасында жәпірейіп, іргетасы жерге кіріп кеткен жаман дүкен болатын. Сламбай атам сол дүкенде сатушы. Дүкеннің іші тар болғандықтан жәшіктер, тай-тай мата, май құйылған темір бөшке, темір-терсек, басқа да тауарлар араласып, сығылысып тұрушы еді. Ал, Сейфолла атамыз тауда қой бағады. Қойды ауысыммен бағады. Яғни, екі күн тауда, екі күн үйінде болады. Кім ойлап тапқанын қайдам, әйтеуір, тауда екі қойшы кезек ауыстыратын кезде міндетті түрде бір шиша арақ ішу дәстүрге еніп кетіпті. Яғни, ауылдан барған қойшы қоржынға екі шиша арақ сала барады, біреуін екеуі қақ бөліп ішеді, қалған біреуін тауда қалған қойшы екі күн бойы «талғажау» етеді. Әр екі күн сайын араққа ақша таба беру оңай емес. Содан Сейфолла атамыз тоғайдан сары жылан ұстап алып, дүкенге келеді екен. Жаратылысынан жорғалаған нәрседен қатты қорқатын Сламбай атамыз ысылдап, ирелеңдеген жыланды көргенде көзі бақырайып, қабырғаға жабысып қалатын көрінеді. Сейфолла бір қолында жылан, екінші қолымен жақын тұрған жәшіктен екі шиша арақты іліп алып, қарқ-қарқ күлген күйі шығып кетеді екен. Осы жағдай бірнеше мәрте қайталаныпты.

Бірде тағы да араққа ақша таппай қалған қойшы атамыз жылан ұстап дүкенге кіреді ғой. Жайлап жәшікке қол созып жатса, Сламбай атамыз «Әй, Сейфолла сен өзі бала болып кеткенсің бе? Біз құрдас емеспіз бе, сұрасаң, екі шиша арақты әшейін-ақ беремін ғой», депті. «Ойпырмай, сенің ақылың кірейін депті ғой. Осы сөзді қашан айтар екен деп жүр едім. Әкел, арағыңды...», дейді мынау елп етіп. Дүкенші екі шиша арақты алдына қоя салады. «Е, бәсе, осылай болуы керек қой, маладес...», деп Сейфолла атамыз арақты кұшақтаған күйі қарқ-қарқ күліп дүкеннен шыға береді.

Тау алыс. Жол бойы дүкендегі әлгі жағдайды қайта-қайта есіне алып, іштей мырс-мырс күлген Сейфолла қойға түс ауа жетіпті. Сонадайдан оны көрген қойшы алдынан жүгіріп шығады. Сәкең аттан түсіп, амандасып болған соң, қоржындағы арақтың біреуін қойшыға ұстатып, «ашып, стаканға құя бер» дейді ғой. Екі күн тауда жатқан қойшы да осы сәтті қатты күтсе керек, апыл-ғұпыл тісімен арақты ашып жіберіп, стаканға толтыра кұяды. Аттың тартпасын босатып жатқан Сейфолла атамыз анаған «алдымен өзің тартып жібер» дейді. Стаканды басына бір-ақ көтерген қойшы көзі бақырайып тұрып қалыпты. Сөйтсе, шишаның ішіндегі арақ емес, кәдімгі су екен. Жапатармағай екінші шишаны ашады. Ол да су. «Әп, бәлем, Сламбай... Бәсе, екі шиша арақты қалай ғана тегін бере салды деп едім, қатырған екен ғой» деген Сейфолла атамыз сылқ етіп отыра кетіпті. Сөйтсе Сейфолланың жылан ұстап әйтеуір, дүкенге бір бас сұғатынын сезген Сламбай атамыз екі шишаға су құйып, аузын қолмен бекітіп, арнайы дайындап қойған екен. «Сөйтіп, Сламбай атаң мені қатырған, екі күн бойы тауда боқтап жаттым», деп Сейфолла атамыз мені көрген сайын жыр қып айтып беретін.

 

ОЛ ҚАЙ НАТАША?!

Бір жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Сламбай ата, ол кісінің жұбайы Мәрия апа және менің әкем Әбдіраш үшеуі Торғай жаққа сапарлап барады. Ол кезде інісі Есілдің бойында тұратын. Шу стансасынан түскен бұлар әрі қарай басқа пойызға отыруы керек. Перронда пойыз күтіп отырғанда Мәрия апамның ойына бір қулық келе қалады. Мария апамыз орыс мектебін бітірген, бір кісідей орысша сауаты бар. Сол жерден бір «открытка» сатып алып, Наташа деген қыздың атынан Сейфоллаға құттықтау жібереді. Жаңа жылмен құттықтай отырып, Сейфолладан баласы бар екенін, баласы тура өзіне ұқсайтынын, жасы жетіге келіп қалғанын жұқалап жеткізеді ғой. Ол жылдары Сейфолла атамыз ауылдан қалаға қатынап, үлкен зауытта жұмыс істейтін.

Арада бір апта өткенде көкемдер Торғайдан оралады. Ол кезде көкем колхозда санақшы, жұмыс бабымен әр үйге кіреді. Содан таңертең Сейфолла атамыздың үйіне бас сұғады. Баласы, кемпірі үшеуі шай ішіп отыр екен, «кел-кел, жоғары шық» деп Сәкең бәйек бола кетеді. Шай үстінде байқайды, үшеуінің де көңіл күйлері жоқ, бір-бірін жақтырмай отыр. Тіпті, кемпірі атамызға теріс қарап отырған көрінеді. Соған қарағанда үйде бір ұрыс-керіс болғаны анық. Шайдан кейін апамыз самаурынды көтеріп сыртқа, баласы басқа бөлмеге кетеді. Осы кезде Сейфолла атамыз терең бір күрсінген көрінеді. Сонда әкем түк білмегенсіп «Көке, не болды, қатты күрсіндіңіз ғой?..», деп сұрайды ғой. Сонда Сейфолла атамыз «Мына бір Наташа деген біреу бәле болды, балаң бар деп хат жазыпты. Қай Наташа екенін есіме еш түсіре алмадым. Жұмыстағы анау қыз ба деп қоямын... Содан бері үйде береке жоқ, күнде ұрыс-керіс. Бала жүр қырын қарап, апаң жүр теріс қарап... Атаңа нәлет, ол қай Наташа болды екен, ә?» деп бұрқылдай жөнеліпті.

«Сейфолла көкемнің үйінен күлкіден жарылатын болып әрең шықтым» деп айтып жүруші еді осы оқиғаны көкем марқұм.

Оралхан ДӘУІТ.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

ШЫМШЫМА ШУМАҚТАР

Жоққа жүйрік жетпейді,

Бар жоғалып кетпейді.

Киімдері Қытайдың

Базарда тұр, өтпейді.

* * *

Қаладан да, даладан,

Дүңк-дүңк дабыл қағады.

Естісе де естімей,

Емексітті жоғары.

Бәтуасыз бағаны,

Тәртіпке кім салады!?

Антимонополияңыздың,

Таусылған ба, амалы.

Әкімдерге айтқанмен,

Шарапаты шамалы.

Олардың да бар дейді

Білетіндер тамағы.

* * *

Қатқан Қақпыш,

Табыс тапқыш.

Өзі мерген,

Өзі атқыш.

Жаман жері,

Жала жапқыш.

* * *

Күні түссе құлың,

Күнің түссе пірің.

Жеткерген ӘБДІРЕЙҰЛЫ.

Қызылорда облысы.

_______________

Мүйісті жүргізетін

Берік САДЫР