Аймақта Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында «Маңғыстау туристік аймағы» іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2018 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Ақтау заманауи теңіз курортына айналуы тиіс деген тапсырмасынан кейін, туризм дамуына аса зор көңіл бөлініп, өңірдің инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілуде.
Маңғыстау облыстық инвестициялар және туризмді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Т.Едігеевтің айтуынша, 2020 жылдың 1-жартыжылдығының қорытындысына сәйкес Туризм саласы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 67,0 млрд теңгені құраған. Әлемдік брендтердің қызығушылығын, мемлекеттің қолдауын сезінген жергілікті кәсіпкерлер «Жылы жағажай» аумағында инвестиция көлемі 30,5 млрд теңгені құрайтын жаңа «Фламинго Резорт» демалыс базасын қайта құрылымдау, «Нұр» 5 жұлдызды көпфункционалды емдеу-диагностикалық және сауықтыру кешені құрылысы, «Assyl Aktau» термалды жылы суымен демалыс базасының құрылысы және «Seaside Palace» демалыс аймағының құрылысы сынды төрт туристік жобаны іске асыруға кірісті.
Сонымен қатар демалуға келген қонақтар тек қонақүй аумағында қалып қоймай, өлкенің көз тартымды жерлерін, табиғатын, тарихи-мәдени, туристік нысандарын тамашалау үшін туристік маршруттар анықталды. Өлкенің көркін тамашалаушылар үшін бірінші Қарақия ауданы бойынша «Бозжыра» шатқалы бағыты, екінші Түпқараған ауданы бойынша «Сартас» бағыты ұсынылса, үшінші бағыт болып Маңғыстау ауданындағы «Көгез этноауылы» бағыты таңдалды.
Қазіргі таңда Ақтау қаласының «Жылы жағажай» ауданындағы теңіз курорттық аймағын электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес бірінші кезекте 2020 жылы ПС-110/10кВ «База отдыха» қосалқы стансасындағы 1х2,5 МВА қуаттық трансформаторларын 2х16 МВА трансформаторларына ауыстырылып, ұзындығы 10,5 км 10кВ электр желісінің құрылысы аяқталды. Екінші кезекте 2021 жылы оңтүстік бағытта ПС-110/10кВ «Демалыс аймағы» қосалқы стансасынан ұзындығы 10,3 км 10 кВ электр желісі салынады.
Ақтау қаласының «Жылы жағажай» ауданындағы теңіз курорттық аймағының сумен, газбен жабдықтау жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Сумен жабдықтау бойынша жобада жалпы ұзындығы 56 шақырым су құбырлары желісінің және 65 құдықтың құрылысын салу қарастырылған. Қазіргі таңда 48 шақырымына траншея қазу жұмыстары жүргізілді, 48 шақырымына су құбыры желісі жүргізілді.
Ақтау қаласынан Каспий теңізінің жағалауы бойындағы Құрық паром кешеніне дейінгі учаскедегі теңіз курортын дамыту жұмыстары жүруде. Жобаға сәйкес теңіз жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту бойынша жалпы құны 17,8 млрд теңгені құрайтын 70,8 шақырымды қамтитын 5 жоба жасақталды. Бүгінгі таңда жалпы құны 11,2 млрд теңгені құрайтын үш жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Өңірдегі туризм саласын дамыту үшін өзекті мәселелер, ұсыныстар мен ескертулер бойынша жасалатын жұмыстар анықталып, аймақта туризм саласын дамытудың Жол картасын жасақтау қажеттігі туындап отыр.
Маңғыстау – туризмді түлету үшін мүмкіндігі мол өңір. Бірақ туризммен тарту үшін де, туризм саласын дамытқан өңір ретінде танылу үшін де әлі талай жұмыс, әлі талай уақыт қажет екендігі де белгілі.
Маңғыстау облысы