Руханият • 05 Қазан, 2020

Ғибратты ғимарат, шежірелі шаңырақ

494 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен аптада Елбасы кітапханасының музейі жаңа ғимаратқа көшті. Есілдің сол жағалауындағы Елбасы кітапханасымен жапсарлас орналасқан салтанатты ғимаратқа арнайы барып, сәулет симфониясы іспетті келісті музейді аралап көрдік. Азат елдің айғағындай әрбір құнды жәдігерге тоқталған сайын өткенімізді ойша саралап, тәуелсіздігімізге тағы бір тәубе дедік.

Ғибратты ғимарат, шежірелі шаңырақ

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Музей мекеннің ішкі көрінісі ұлттың ұлағатты бітім-болмысын бір арнаға тоғыстырғандай таным мен тәлімнің таралғысы іспетті екен. Қазақтың тәуелсіздік жолында қаз-қаз басқан қарлығаш қадамы сәулетшінің қиялымен астасып, көзкөрген естеліктермен көмкеріліпті. Заман талабына сай инновациялық технология­лар­мен қамтылған ғибратты ғи­­марат тәуелсіз еліміздің тари­­­хын Елбасы тағдырымен сабақтас­ты­ра көрсетуге тырыс­қан. Сон­дық­тан шежірелі шаңы­рақ­ты Ел­­басы еңбегінің жылнамасы ға­на емес, егемен еліміздің де та­­ғы­лымды тауарихы деп қабыл­дадық. 

Әсем қаламызда жаңа ғима­рат бой көтерген сайын осынау құйқалы жер, қасиетті өңір­ге келешек ұрпақтарының қамын күйттей қоныс тепкен бай­рақ­ты бабалардың рухына мың да бір тағзым етеріміз бар. Жа­расымды жұрттың дәуірнама көкжиегіндегі салтанатты көші уақыт тезінде сағым қуып қала бер­мей, болашақпен астасып, бағын тапты, тың өріс ашты. Жол білгеннің керуенге жалтақ­тамасын айғақтаса керек мұның өзі. Қол жетерді ғана місе тұтпай, көңіл шарлар көп шаруаларды шырайландырып кете барар небір атпал азамат, ардақ бейнелер жүрекке қонды. Ұршықтай айналған дүние уысымыздан сыр­ғып кетер сын сағатта жүрек құты­сында өнген үкілі үміт желкенін қайта көтерді.

Бір адамның ғұмырында халық үшін істеген, өзінің арман мұраты жолында тындырған шаруаны сырт көз болып саралайтын болсаң кез келген халық құрметіне бөленген тұлғаның табандылығын, зор мүмкіншілігі мен күш-қуатын аңдап, еріксіз таңданасың. Тұғырлы тұлғаның қырық қатпарлы, алуан астарлы адамгершілік қасиеттерін, азаматтық ажарын, кісілік келбетін ашу үшін теңіздей терең ойдың өткелін кешесің. Жүріп өткен өмір жолдарының сүрлеуі, еткен еңбек, төккен терінің дере­гіне көз жүгіртесің. Білгенің мен көңілге түйгеніңді ой таразы­сында салмақтайсың. Сосын барып босағасына қарлығаш ұя салғанда самырсынның тамырындай білеуленген салалы саусағын көкке жайып, ұлтын ұлық­тайтын перзент тілеген дана­гөй халықтың дұғасының қабыл болғанына сүйінесің. Бұл – тұлға пәлсапасын төбеге көтер­ген текті ұлттың саясат сах­насындағы тарихи рөлі.

Кең залдарға көшкен бірегей жәдігерлерге қарап, туған жердің саумал самалымен тыныстап, асқар таулардың мұсатыр мұзы­на мейірлене қарап, сол мұздақ­тардан жылыстап шыққан мөл­­дір суға жүз шайып, емін-ер­кін арқаны кеңге салғандай күй­ге бөленесің. Кең даланың қасиет­ті пұшпағына табан тіреп тұ­рып өт­кен өмірге, ел дегенде ерен күш­пен іс тындыруға ұмты­лып, қа­сиетті Отанның текті тегер­ші­гі­не айналуды мақсат тұтқан со­нау жылдарға ойша сапар шеге­сің...

Өмір өткелдерінен өнегемен өту үлкен жауапкершілік пен ауыр міндет жүктейтіні белгілі. Мәңгілік ел боламыз деп белді бекем буып, сан ғасырғы тарихымызды түгендеп, алмастың жүзінде, найзаның ұшында жар­қыл­даған рухымызды мың тү­леткен бүгінгі шақта Алаш­тың ардақтысы осындай парасатты пайым жасаса керек. Өйткені ол аманат арқалап, туған елдің түтінінің түзу ұшып, тұрмы­сының жандануына, ел еңсе­сінің тік келіп, рухының бекем, Отанының тәуелсіз де ғұмырлы болуы үшін аянбай тер төкті. Екі ғасыр айрығында қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін салтанатпен жариялап, азат елдің берік негізін қалады. Тарау-тарау тарих толқынында текті жұрттың көшін бастап, қиындығын кәтепті қара нардай қайыспай көтерді. Келелі кешеннің әр баспалдағы содан хабар беретіндей.

1

Кітапхана музейінің алғашқы қабатында түрлі экспозиция­лар, көрме залдары, музей қорының қоймалары, архив, кітапхана мен интерактивті оқу залы орна­лас­қан. Бұл көпшілікке көмес­кі-ау деген сондай бір қаға­бе­ріс қалтарыстарға әлсін-әлсін үңіліп, әр кезде оған жақын жүргендердің жадысын қайта жаңғыртып, азаматтық ой-пікір­лерді толықтыра түсуге ұрпаққа өнеге, ұлттық ғибрат сыйлайтын құндылықтар коллекциясы. Екінші қабатта конференция залы бар. Бұл зал музей кеңіс­тігінде әлемнің ірі музейлері мен Еу­ропа мен Азиядағы белгілі гале­реялардың көрмесін астанада ұйымдастыруға жол ашып тұр­ғандай. Ал соңғысында ковор­кинг орталығы мен әкімшілік кең­селер топтасқан. 7 бөлімнен құрал­ған экскурсия туры инстал­ля­цияларды, 3D голография мен электронды карталарды, map­ping-шоу мен touch-монитор­ларды, медиа үстелдерді қам­тиды. Электронды экрандар ар­қылы елордамыздың 25 жыл бұрынғы келбетін көріп, бүгіні­мен салыстыра қарауға болады.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде президенттік кітапхана мен мұражай құру кеңінен тарал­ған игілікті іс. Мәселен, алпа­уыт Американың билігін қолы­на ұстаған мемлекет қайрат­кер­лерінің ел басқарудағы сара жолынан сыр шертер кітап­ханалары бар. Еуропада да осын­дай ғиб­ратты ғимараттар аз емес. Ал пост­кеңестік кеңістікте мұн­дай мекемені Ресей мен Әзер­бай­жанда кездестіруге болады. Атап айтқанда, Ресейде Борис Ельцин орталығы, ал Әзер­бай­жанның Бакуде 1993-2003 жыл­дары ел Пре­зиденті бол­ған Гейдар Әлиев­тің мәдени орта­лығы, қоры және музейі жұмыс істейді.

 Күрсініспен өткен күннің бәрі жылдар алмасқанда өмірің­нің толғана отырып термелей жет­кізер ең нұрлы естеліктері емес пе? Кімде-кім сол тарихтың бал тұнбасына бас қойса, онда өмір­лік рухани шөлден ада болары хақ. Содан ба, мұражайда адам бойына жан бітіріп, ішкі толға­ныстарын тудыратын үлкен құбылыс бар. Құдды жер ғалам­шарының магнитті өрісі тәрізді. Өзіне қарай тартады да тұрады.

Елбасы «Ұлы дала ұла­ғат­тары» атты кітабында: «Өткен күн­дердің жылнамасы да адам­дар­дың өмірбаяны секілді. Шат­танған шағың, ренжіген сәттерің, үкілеген үміттерің мен асқақ армандарың, міне, осының бәрі – ғұмырнама тарихы. Еліңнің тарихы. Мемлекетіңнің тарихы. Сол тарихқа тікелей өзің ара­ласқаның, сан қилы сын сағат­тарда шешім қабылдағаның, талай іс-шараларға куә болып, халқың үшін қуанғаның, елің үшін еткен еңбегіңнің нәтижесін көргенің – бәрі жадыңда жатталып, санаңда сақталып, жүректің жазбасына түседі», деген болатын. Елбасы кітапханасындағы музей де осы жүрек жазбасындағы тәуелсіздіктің тағылымды тарихы іспетті көрінді бізге.

Ақиқаты сол, тәуелсіздік біз­ге оңай келген жоқ. Елбасы әр сө­зінде бұл ойын түрлі мысалдармен сабақтастырып, өзінше өрбітіп отырады. Мәселен, елдің іргесін бекемдеп, қабырғасын қатайтып, мәртебесін мойын­дату үшін Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев әлемнің 71 мем­ле­кетіне барып, жалпы саны 534 шетелдік іссапарға шығыпты. Жеті жүзден астам халықаралық беделді форум мен алқалы жиынға қатысып, баяндама жасапты. Бұлардың арасында әрине Біріккен Ұлттар Ұйымы сынды биік мінберлер мен мемлекет басшыларының саммиттері де бар. Айтуға ғана оңай, әйт­песе әр сапардың салмағы мен әрбір кездесуде көтерілетін күр­меуі қиын сұрақтарды есепке ал­сақ, ел мүддесі жолында жасал­ған бұл жүздесулердің жеңіл бол­мағаны әмбеге аян. Міне, мұра­жайды тамашалаушы­лар сыршыл суреттерге үңілгенде алдымен осыған көз жеткізері шүбә­сіз шындық. Сол сияқты музей­де тәуелсіздіктің тартуын – бай­рақты бәсекелерде топ жар­ған спортшыларымыз бен елі­міздің даңқын асырып, абы­ро­йын асқақтатып жүрген тұғыр­лы тұлғаларымыздың мерейлі мезеттерінен сыр шертер жә­ді­герлерді көріп, көңіл марқайды.  

Ғасырлар бойы қасірет пен қайғының кермек дәмін татып, андағайлап келген дұшпанына аруақтанып қарсы тұрған, сан шайқаста бел бермей бәсі жо­ғары түскен, айбыны асқан қа­зақ халқының рухани шөлін қандырған бір ұлы құндылық бар. Қай ғасырда болмасын біздің жоралғы жұрт сол құндылықтың өрісін алысқа тартып, шет кетпеген. Кешегі найза ұшында намы­сы жарқылдаған дәуірлерді шол­ғанда, орта ғасырларда Отырар­дан шыққан ойшылдар мен одан бергі алмағайып тұсты сөз етерде, Абай мұңы мұздақ­тар­ды жібіткенін жарыса жаз­ғанда, Елбасының ұлы мұрат жо­лын­дағы еңбегін ойға алған сәтте де мазмұнды мұражай өмір ұзартар Әбілхаят суындай рух пен ру­ханиятқа қызмет етері сөзсіз.

1