Кино • 05 Қазан, 2020

Құрдымға бет алған кинотеатрлар

555 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елдегі кинотеатрлардың есігі 13 наурызда жабылған-ды. Содан бері ашылған жоқ. Жұмыссыз өткен жеті айда олар шамамен 10,5 млрд теңгеден қағылды. Демек, ел қазынасына салық түріндегі қомақты қаржы да түспей қалды.

Құрдымға бет алған кинотеатрлар

Ескі фильмдер ешкімді қызықтырмайды

Қазақстан кинотеатр иелері қауым­дас­тығының президенті Мунира Ягудинаның хабарлауынша, жағдай дәл осылай жалғаса берсе, еліміздегі әрбір бесінші кинотеатр жабылуы мүмкін. Ал нарықтағы шығын көлемінің нақты ауқымын есептеу қиынға соғуда. Себебі саладағы белгісіздік болжам жасауға мүмкіндік бермей отыр.

– Кинотеатр – кино өндірісі нарығындағы соңғы аялдама. Сондықтан біздің жұ­мыс­қа кірісуіміз үшін ең алдымен контент, са­нитарлық дәрігерлердің нормасы, кино­театр­лардың дайындығы секілді бірнеше фактор сақталуы керек. Үшеуі үш бөлек мәселе, – дейді ол.

Алдымен контент жайлы. Контент деп отырғанымыз – көрерменге ұсынылатын фильм. CINEMAX кинотеатрлар желісінің бас директоры Бауыржан Бисимбаевтың пікір­інше, халық ескі фильмдерге қызық­пайды.

Ал жарыққа шыққан жаңа фильмдер жоқ десе де болады. Себебі пандемия жалпы киноөндірістің қарқынын баяу­латты. Бұл өзекті мәселеге айналуда.

– Қазір ТМД көрермендерінің көңілі­нен шыққан бірнеше жаңа фильм­нің бар екенін білдік. Контент жағынан әзірше сол дүниелер көңілге үміт ұялатуда, – дейді Мунира Ягудина.

 

Белгісіздік болжам жасатпай отыр

Қауымдастық басшысының айтуынша, көршілес мемлекеттер кинотеатр­лар­дың мәселесін реттеуге тырысуда. Өкі­нішке қарай, біздегі жағдай көңілге қуаныш ұялатпай отыр.

– Эпидемияның таралуы тө­мен­деді. Карантин талаптары да біртіндеп жеңілдеді. Бірақ мұ­ның кинотеатрларға қаты­сы жоқ секілді. Наурызда жабыл­ған­нан­ әлі ашылмадық. Бұл жағ­дай­­дың қашанға дейін жалғаса­ты­нын дөп басып болжау да мүм­­кін бол­­май тұр. Сондықтан сани­тар­лық дәрі­гер­лердің әр баян­дама­сын тағат­сыздана күтіп жүрген жай­ымыз бар, – дейді М.Ягудина.

Тауарлар мен қызметтердің сапа­сын және қауіпсіздігін бақы­лау комитеті­нің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуын­ша, сани­тарлық талаптарды қатаң сақтаған жағдайда ғана кинотеатрлардың жұмысына рұқсат берілуі мүмкін. Қазір комитет осыған байланысты бірнеше нұсқаны қарастырып жатқан көрінеді.

– Коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомство­ара­лық комиссияның таяудағы оты­ры­сында кинотеатрлардың қыз­метін қайта іске қосу ұсы­ны­лады. Бірақ залдарды жүз пайыз толтыруға тыйым салына­ды. Сондай-ақ кинотеатр иелері сани­тарлық-эпидемия­лық шараларды қатаң сақтау­ға міндетті. Комитет тиісті нұсқалар­ды ұсын­ғанымен, шешімді комиссия қа­былдайды, – деді ол БАҚ-қа берген сұхбатында.

Мунира Ягудина тұрғындар ара­сында кинотеатрға бару мә­дениеті жақсы қалыптасып келе жат­қанын, пандемия адамдарды осы дағ­дыдан жаңылдырғанын қын­­жы­ла айтты. Оның қалпына ке­луі үшін біршама уақыт керек екен.

– Соңғы екі жылда қалыптас­қан әдет бойынша айына екі мәрте отбасымызбен кинотеатрға барамыз. Өзім бас болып осы дағдыны қалыптастырып едім. Қыздарым бірден үйренді. Келіншегім ар­тық шығын ғой деп қарсылық біл­дір­генімен, ол да көнді. Кейін «жақ­сы фильмдер шығыпты» деп өзі ұсыныс жасайтынды шы­­ғар­­ды. Кәдімгідей демалып қайта­­мыз. Кешкі уақытта аядай ғана Екі­бас­­тұздың кинотеатрын­да 20-30 адам отырады. Міне, кино­театр­дың есігін ашпа­ғалы да жеті айдан асыпты. Ұмы­тыла баста­ған дағ­дыны қайта жаңғыр­тар сәт туа­ры­на сенемін, – дейді Екібас­тұз қа­ласының тұрғыны Ерік Оралбаев.

 

Нарыққа Корея келе ме?

Қауымдастық президентінің айтуын­ша, жеті айлық үзіліс на­рықты бес жыл бұрынғы дең­гейге дейін төмендетіп жіберген.

– Қазіргі ахуалға қарап-ақ жа­қын болашақта бұл нарық­қа жаңа инвесторлар мен ойыншылардың келмейтінін болжауға болады. Жаңа технологиялар енгізілуі де кәдік. Өйткені кино­театр тә­уе­­кел­ге толы бизнес екенін анық бай­қатты. Әлбетте, әу баста жос­­пар­ланған жобалар қалайда жүзеге асырылады. Ал жаңа жобалар туралы әңгіме қозғаудың өзі артық секілді. Оның үстіне кей­бір кинотеатрлардың қаржы тапшы­лығына байланысты жабылатыны қазірден белгілі, – деді ол.

CINEMAX-тың бас директоры Б.Бисимбаевтың айтуынша, Қазақ­станда қалыптасқан ахуалды шетелдік ойыншылар тиімді пайдалануы мүмкін.

– Былтырдың өзінде Оңтүстік Корея инвесторлары Қазақстанға қызы­­ғу­шылық таныта бастады. Ал қазір олардың біздегі кинотеатрларды тиын-тебенге сатып алуға мүмкіндігі бар. Әрине, бұл индустрия үшін жақсы қадам емес. Өйткені отандық өндіріс ауыр соққы алады. Сондықтан мемлекет пайызсыз несие берсе дейміз, – деді ол.

 

Жеті кинотеатр жабылды

Деректерге сүйенсек, Қазақ­станда 92 кинотеатр бар. Бұл нарық­та 5-6 мың адам еңбек етеді. Бел­гілі болғандай, қазір­дің өзінде 7 кинотеатр жұмысын тоқтат­қан. Атап айтқанда, Алматы, Жаңа­өзен қалаларындағы және Шығыс Қазақ­­стан облысындағы кинотеатрлар жабы­лып қалған. Негізінен желілері жоқ кішіг­і­рім кинотеатрлар қауіпті аймақта тұр.

– Кино – өнер мен бизнестің син­тезі. Егер нарықта желілері бар ірі компаниялар үстемдік етсе, кіші ойыншылар құрдымға кете­­ді. Ал бүгінде отандық нарық­тың жар­тысын дәл осы кішігі­рім кино­­­театр­лар құрайды. Бұлар­дың да өз қызығы бар, әрине. Сон­дық­­­­тан бүгінгідей алмағайып ке­зең­­­­де ірі ойыншылар ғана қиын­дық­­­­қа шыдас береді. Алматы мен Нұр-Сұл­тандағы кішігірім кино­театр­­лар пандемияға дейін де қалт-құлт етіп жүрген еді, – дейді М.Ягудина.

Chaplin Cinemas кинотеатрлар желі­сінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенконың айтуынша, отандық нарықты дағдарыс шырмағандықтан, қызметкерлер амалы жоқтықтан басқа жұмыс іздеуде.

– Жылдар бойы іріктеліп, жинақ­талған командадан айырыл­ғалы тұрмыз, – дейді ол.

Қауымдастық тиісті мемлекет­тік органдарға көмек сұрап хат жазған. Бірақ әзірше одан нәтиже болмай тұр.

– Кинотеатрлар жұмысқа қай­та кіріскен соң, салық ұстауды жеңіл­детсе дейміз. Экономиканың елеусіз ғана бөлігі болғандықтан, біз­дің үнімізге құлақ асқан ешкім жоқ. Рас, бізге несиені төлеу мін­­­дет­темесін кейінге қалдыру же­ңіл­­дігі берілді. Алайда басқа да шы­ғы­н­дар бар. Ашылған күн­нің өзінде залды толтырудың өзі қиын­­ға соғады. Тиісінше, сеанс­тар­­дың саны да аз болады. Бірден мол пай­даға кенелеміз деген ой жоқ. Әзірше саладағы кадрлар мен көрер­мен­дерді сақтап қала алсақ, соның өзі үлкен олжа болмақ, – дейді М.Ягудина.

Еске сала кетейік, осы жазда Қазақ­стан кинотеатр иелері қауымдастығы құрыл­ған болатын. Оған еліміздің 14 қала­сындағы 30-дан астам кинотеатр мүше. Мақсат – отандық кинотеатрлар­ды қол­дау, дамыту және ортақ мәселе­лерді бірлесіп шешу. Олар­дың биыл қиын­дықпен бетпе-бет келіп, титықтауы бір тудың астына жиналуға түрткі болды.

Айтпақшы, осы жазда тәртіп сақшы­лары Павлодар қаласында тұрғын үйдің ішінде заңсыз жұмыс істеп тұрған кинотеатрды әшкерелеген еді ғой. Карантиннің күйіп тұрған шағында жұмысын жалғастырған кинотеатрға қатыс­ты келеңсіз жағдай өзгелерге сабақ болған секілді. Осыдан кейін бұл салаға қатысты заңбұзушылықтар тіркелмеген.

Кинотеатрдың ашылғанын көрер­мендер де, иелері де күтіп жүр. Сарыла күткен тағы бір топ бар. Ол – сауда, ойын-сауық орта­лық­тарының өкілдері. Себебі кинотеатр ел қазынасынан бөлек, дәл осындай орталықтарды да шөміш­тен қағып отыр. Олар үшін кинотеатр «зәкірлік» жоба. Өйт­кені келушілердің дені соның айна­ласында топтасады. Корона­вирус инфекциясын таратпау жөнін­дегі ведомствоаралық комис­сияның кинотеатрлардың жұмысына рұқсат бермеуінің бір сыры осында жатқан сыңайлы.