Алғашқы таймда қырғызстандық Гүлжігіт Алықұлов гол соғып, командасын алға шығарған. "Қайраттың" толықтай басымдылығымен өткен бірінші таймда алматылық командада гол соғатын тағы бірнеше мүмкіндік болды. Тіпті бір сәтте Абат Айымбетов қақпашымен бірге-бір шығып гол соға алмады.
Алматылықтар екінші таймды да қарқынды бастады. Алғашқы бес минуттың ішінде екі гол соғып, ойын тағдырын шешті. Алдымен 46-минутта Айбол Әбікен Алықұловтың пасынан кейін көзге түсті. Ал 49-минутта "Астана" қорғаушысы Радакович өз қақпасына гол соғып алды. Бұл сәтте де соққыны Гүлжігіт жасаған еді. Осылайша бүгінгі ойында қырғыз ойыншысы үш голға да тікелей әсер етті.
Осыдан кейін «Қайрат» сәл тізгін тарта ойнағандай болды. Бірақ «Астана» мұны пайдаланып, есепті қысықартуға мүмкіндік алған жоқ. Қайта "Қайрат" есеп айырмасын бұдан да ұлғайтуы мүмкін еді. Айымбетов тағы бір мәрте қақпашымен бет-бет шығып, мүлт кетті. Сондай-ақ, Абат тағы соққан тағы бір гол есепке алынбады.
Осы жеңістен кейін "Қайрат" 29 ұпай жинап, турнирлік кестеде жеке дара көш бастады. Ал "Астана" екінші орында тұр (21 ұпай).