09 Қараша, 2013

Белсенділік – береке бастауы

286 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Н.Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сындарының шапағаты биліктің заң шығарушы тармағына да тиіп жатыр. Бұған дейін парламентарийлердің бастамашылығымен әзірленіп, елге, халыққа аса қажетті, қандай да бір пайдасын тигізуге қабілетті заң жобалары мемлекеттік шығыстарды орынсыз ұлғайтады деген сылтаумен Үкімет тарабы өзінің оң қорытындысын бермегендіктен аяқсыз қалып жататын.

 

Президент Н.Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сындарының шапағаты биліктің заң шығарушы тармағына да тиіп жатыр. Бұған дейін парламентарийлердің бастамашылығымен әзірленіп, елге, халыққа аса қажетті, қандай да бір пайдасын тигізуге қабілетті заң жобалары мемлекеттік шығыстарды орынсыз ұлғайтады деген сылтаумен Үкімет тарабы өзінің оң қорытындысын бермегендіктен аяқсыз қалып жататын.

Мәселен, «Ардагерлер туралы», «Қо­­ғам­дық бақылау туралы» және т.б. заң жобалары осындай себептер­мен бәлен жылдан бері қаралмай ке­леді. Өздерін мемлекет қаражатын ша­шау шығармайтын, үнемшіл, мем­лекетшіл етіп көрсетуге тырысатын ат­қа­рушы билік мұндайда белсенді бола қалып, парламентшілердің игі қа­­дамдарын тұсап тастайтын. Енді әсі­реүнемшілдігінің арты қайыр бермеген Үкімет миллиардтаған қара­­­­жат желге ұшып жатқаны әшкере бол­­­ған­да депутаттардың орынды баста­­­ма­шылығына кедергі келтірмейтін сияқты.

Өткен жолы депутаттардың баста­ма­шылығымен әзірленген тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заң жобасы Мәжілістің қарауына бірінші оқылымда ұсынылып, мақұлданған болса, палатаның соңғы жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» депутаттардың өздері әзірлеген заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Екеуіне де Үкімет өзінің оң қорытындысын берген болып отыр, әйтпесе, миллиардтаған шығысты қа­жет ететін заң жобасы Мәжі­лістің қарауына ұсынылмас еді.

Сонымен, Қ.Жақыпов, С.Біләлов, Ж.Дүйсебаев, Р.Ким, С.Үмбетов, Р.Шаекин сияқты агроөнеркәсіп саласын жетік білетін маман әрі басшы болған депутаттар әзірлеген заң жобасы нені көздейді дегенге қысқаша тоқталайық.

«Медицина адамды, ал ветери­нария адамзатты емдейді» деген қа­­­натты қағида бар. Қазақтың өзін­де: «Ауру – астан, дау – қарын­­­дас­­­­тан» деген де нақыл барын білеміз. Адам­ның денсаулығына ең бірінші әсер ететін сапалы ас тұ­тасымен ветеринария қызметінің жітілігіне тәуелді. Күнделікті іше­тін асымыз, жейтін дәміміз негі­зінен мал мен құс өнімдері болған­дықтан, олардың аурудан ада, сау болғандығы халықтың ағзасын да аман сақтайды. Сондықтан да ветери­­­­нария қызметінің барлық талаптарына жүрдім-бардым қарамай, тыпыр ет­­­­кіз­­бей орындататын заң ауадай қажет-ті.

Аталған заң жобасы нақ осы мәсе­­­лені қарастырған. Мәселен, осы уа­қытқа дейін ветеринарлар жұқ­­­­па­лы, қатерлі ауру­­­лары болғаны се­бепті жойылған (күйдірілген) мал­дардың қаңқаларын вирустары тарамас үшін арнайы, аузы мұқият бекітілген жертөледе жасырылуы керек десе де, соны жасатуға қол жеткізе алмай жүретін еді. Шала көмілген қалдықтарды аш иттер жұлмалап, ауру жұқтырып, артынан оларды ұстаған, сипаған иелері де ауырып жататыны жоққа шығаруға болмайтын фактілер. Ал мына заң жобасында ветеринарлық-санитарлық қағидаларды, яғни олардың талаптарын орындамаған лауазым иеле­­рі­­нің жауапкершілігін қатаңдату көз­делген. Демек, енді аудан, ауыл әкім­дері ветеринарлық нормаларға атүсті қара­майтын шығар деген үміт бар.

Заң жобасы туралы баяндама жасаған Роман Кимге берген сұрағында депутат Шалатай Мыр­захметов жобаны әзірлеу барысында басқа елдердің осы тәріздес заңдары зерттелді ме, тәжірибелері қарастырылды ма деген сұрақ берді. Оған басқалардың тәжірибелері ескерілгені, соның ішінде Кеден одағындағы әріптестеріміз Беларусь пен Ресейде де осындай заң бар екендігі айтылды. Депутат Ирина Аронова заң жобасын іске асыру үшін бюджеттен нақты қанша қаражат қажет екенін білгісі келді. Оған ауыл шаруашылығын дамытудың «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасы шеңберінде 7 жылға шамамен 534 млрд. теңге қажет екендігі есептеп шығарылғаны жеткізілді.

Сонымен қатар, заң жобасы ауыл ша­руашылығы тауар өнді­­ру­­­­ші­лері­нің қаржы институт­тары алдын­да­ғы қарыздарын кепілдендіру мен сақ­тандыру, өңдеуші кәсіп­орын­дар­­­дың шикізатты (қант қызыл­ша­сы) сатып алу шығындарын суб­сидия­ландыру және т.б. сияқты норма­ларды да қарас­тырған. Ауыл тұрғындарын қолдау мақса­тымен қорадағы жануарларына сырға тағу, оларды біріздендіру, вете­ринарлық анықтамалар мен пас­порттар беру сияқты шығындар да бюджет есебінен болатыны көзделіпті. Осы шығындарды да ауырсынатын ауылдың кейбір тұрғындары малдарын жасырып, санын айтпай жүретін. Енді бұл шығынды да өкімет өз мойнына алмақшы.

Бүгінгі күндері, жиі болмаса да, ауыл тұрғындарының жұқпалы ауру та­былғандықтан, көздері жойылған малдары мен құстары үшін қазынадан өтемақы ала алмай дүрлігіп жататынын естіп қаламыз. Әрине, бұл шығындар бүгін де бюджет есебінен өндірілетіні туралы ережелер бар. Алайда, ереженің бәрі бізде еш кідіріссіз орындалмайды ғой. Ал мына жоба соны барынша нақтылап, өтемақы төлеуді заңнамалық нормамен қатаң негіздеген. Енді ешкім де (шенеуніктерді айтамыз) бұлтармай, бұлталақтамай көзі жойылған мал үшін иесіне өтемақы төлейтін болады. Егер тағы да түрлі кедергілер ойлап тапса, мына заңның талаптарына сәйкес жауап береді

Әрине, біз заң жобасы Мәжіліс тарапынан екінші оқылымда да, Сенат тарапынан да қабылданатынына сенімдіміз. Өйткені, ол еліміздің аграрлық секторын дамытуды, сондай-ақ Қазақстанның БСҰ-ға енген жағдайында бәсекелестікке қабілеттігін арттыруға игілікті ықпал етеді деген үміт бар. Әзірге ол Мәжілістегі бірінші оқылымда бірауыздан мақұлданды.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар