Хоккей • 06 Қазан, 2020

СКА-ның тізе бүгетін сәті жетті

144 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барыс» клубы екі апталық карантиннен шығып, мұзайдынға оралды. Үзілістен кейінгі бірінші ойында Санкт-Петербургтің СКА клубын қабылдап, буллит сериясында басым түсті.

СКА-ның тізе бүгетін сәті жетті

Осыдан екі апта бұрын «Ба­рыстың» бірқатар ойыншысы мен бапкерлер құрамы коронавирус індетіне шалдығып, екі ап­та­лық карантинге жабылған еді. Осылайша, 14 күндік «демалыс» алған елорда командасы «Барыс Арена» мұзсарайында өткен ойынға өте тың және жақсы дайындықпен келгені байқалды. Бәсеке басталған бетте ойын тіз­гінін қолға алған «Барыс» са­йып­қырандары бірінші кезеңнің өзінде СКА қақпасына қатарынан екі шайба соқты. Гол авторлары – Антон Сагадеев (14-минут) пен команда капитаны Даррен Диц (19-минут). Үзіліске дейін Санкт-Петербург ұжымы есеп айырмасын қанша қысқартуға тырысқанымен, оған «Барыстың» қырағы қақпашысы Хенрик Карлс­сон мүмкіндік берген жоқ.

Екі шайба айырмашылығымен алға шыққан соң аздап еркінсіп кеткен «Барысты» СКА хоккей­шілері екінші кезеңде сабаларына түсірді. Ойынның 29-минутында Иван Морозов мергендігімен көзге түссе, үшінші 20 минуттықта да екі дүркін Гагарин кубогінің иегерлері бір шайба соғып, таб­ло­дағы көрсеткішті 2:2-ге жет­кізді. Шайба авторы – Евгений Тимкин.

Негізгі уақыт пен овертаймда тең түскен соң, жеңімпаз коман­даның есімі буллит сериясында анықталды. Бес шайбаның үшеуін қақпаға дәл бағыттаған «Барыс» хоккейшілері жеңіске жетті. Тағы бір айта кетерлігі, «Барыс» кейінгі бес жылда бірінші рет СКА клубынан басым түсіп отыр. Бұған дейін жерлестеріміз 2015 жылдың 28 қазанында елордада өткен бәсекеде Санкт-Петербург командасынан 4:2 нәтижесімен басым түскен еді. Осы уақытқа дейін «Ба­рыспен» өткен барлық матчта СКА-ның мерейі үстем болған.

Матчтан кейін ойын туралы пікір білдірген «Барыстың» бас бапкері Юрий Михайлис үзі­лістен кейін ойнау қиын болса да, хоккейшілер мұзайдынға тек жеңіс үшін шықты дейді.

– Ойын біз үшін қиын болды. Бірінші кезеңде басым түс­ке­­німізбен, екінші және үшін­ші ке­зеңде қарсыласқа есе жібер­дік. Әрине, қашанда үзілістен кейін матч өткізу қиын. Соған қара­мастан та­бандылық көрсе­тіп, жеңіске жеткен командама ризамын. Жігіттер көп күш жұм­сады. Мұзайдынға шыққан бар­лығына көңілім толды, әсіресе Хенрик Карлссонды ерекше атап өткім келеді. Ол бүгін өте жақсы ойнады. Десе де, ойын­да тех­никалық қателік көп бол­ғанын жасырмаймын. Алдағы уа­қытта осы қа­телікпен жұмыс істейтін боламыз. Әр ойын сайын жақсы қырымыздан кө­рініп, жанкүйерлерді жеңісімізбен қуантамыз деген ойдамын.

Биылғы тұрақты біріншілікте «Барыс» осымен үшінші жеңісіне қол жеткізді. Жеті турдан кейін елорда командасы ҚХЛ-дың «Шы­ғыс» конференциясындағы турнир кестесінде 9 ұпаймен тоғы­зыншы орында келеді. Ал СКА биылғы маусымда бесінші мәрте жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. Десе де, 8 ойында жеңіске жеткен Санкт-Пе­тербург ұжымы «Батыс» конфе­рен­циясында екінші орында тұр.

«Барыс» келесі ойынын ертең сырт айдында Екатеринбургтің «Ав­то­мобилист» клубымен өт­кізеді.