Футбол • 06 Қазан, 2020

«Тобыл» алдыңғы топқа қосылды

156 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен аптада футболдан Қазақстан чемпионатының 12-тур ойындары мәресіне жетті. Бұл тур «Астананың» сенсациялық жеңілісімен, «Ақтаудың» чемпионаттағы екінші жеңісімен және «Ордабасы» мен «Қайраттың» ұпай жоғалтуымен есте қалды. Бүгін осы және басқа да қызықты мәліметтер туралы сөз қозғаймыз.

«Тобыл» алдыңғы топқа қосылды

«Астана» – «Каспий» – 1:2

Турдың алғашқы ойыны «Астана» мен чемпионат дебютанты «Каспий» арасындағы сенсациялық матчпен басталды. Футбол мамандары, тіпті қарапайым жанкүйерлер бұл турда еліміздің алты дүркін чемпионы еш қиындықсыз жеңіске жетеді деп ойлаған-ды. Өйткені өткен турда «Астана» 3:0 есе­бімен Талдықорғанның «Жетісу» командасының тас-талқанын шығарған. Ал «Каспий» «Шах­терден» 2:1 нәтижесімен жеңілген. Бірақ футболда бәрі күткен нәти­же бола бермейтіні тағы бар. «Каспиймен» болған ойында матч бойы үстемдік танытқан «Астана» бірінші тайм­ның 37-минутында Рунар Мар Сигурьонссон соққан голдың арқасында есепте алға шықты. Матчтың екінші бөлігінде де ойын елорда клубының бақы­лауында болған. Алайда екінші таймның орта тұсына жеткенде «Каспий» айналдырған 4 минутта «Астана» қақпасына екі гол соғып, биылғы біріншілікке тек ұпай тарату үшін қатысып жат­­пағанын дәлелдеді. Матчтың 71-минутында Биляль Себахи есепті теңестірсе, 75-минутында Максим Марусич командасына маңызды үш ұпай сыйлады. Жанкүйерлердің есінде болса, бірінші айналымда да «Каспий» өз алаңында «Астанаға» оңай­лықпен ұпай бермейтінін аңғарт­қан-ды. «Астана» сырт алаңда 3:2 есебімен әрең жеңіске жеткен еді.

«Қайрат» – «Шахтер» – 1:1

«Астана» ұпай жоғалтқан соң чемпионатта топ бастап келе жатқан «Қайратқа» турнир кестесіндегі ең жақын бәсе­келесінен ұзай түсуге тамаша мүмкіндік туып еді. Бірақ Алматының командасы оңтайлы сәтті тиімді пайдалана алмады. «Шахтермен» сынға түскен «Қайрат» 1:1 есебімен тең ойнады. Бірінші таймда екі команда да гол соғуға тырысқанымен, бірде-бір футболшы қақпа саңлауын таба алмады. Тек екінші таймның 64-минутында ғана алғашқы гол соғылды. Бұл жолы 36 жас­тағы бразилиялық ардагер фут­болшы Вагнер Лав есепті ашты. «Қайраттың» жеңісімен аяқталуға жақын қалған ойында «Шахтер» құрамынан Айдос Тәттібаев мер­гендігімен көзге түсіп, 82-минутта есеп айырмасын теңестіріп кетті. Осылайша, екі клуб бір-бір ұпай олжалады.

«Қайсар» – «Оқжетпес» – 0:0

Кейінгі төрт турда бірдей нә­тиже көрсетіп келе жатқан (4 ойынның екеуінде тең түсіп, екеуінде жеңілген) «Қайсар» мен «Оқжетпес» клубтары бұл жолы да статистикаларына пәлендей өзгеріс енгізген жоқ. 90 минут бойы үш ұпайға тайталасқан екі клуб матч соңында 1 ұпайға разы болып, тең тарқасты.

«Ордабасы» – «Тараз» – 1:1

Биылға жоспарланған оңтүстік дербиінің екінші кездесуінде же­ңімпаз команданың есімі анық­­талмады. «Ордабасы» мен «Тараз» арасындағы матчта гол саны аз болды демесеңіз, ой­ын әдеттегідей тартысты өт­ті. Кездесудегі есепті 56-ми­нут­­­та «Тараз» ойыншысы Го­ран Бркич ашты. Ал 77-минут­та «Ордабасының» қорғау­шы­сы Виктор Дмитриенко есеп­ті те­ңестіріп, командасын жеңі­ліс­тен құтқарып қалды. Бұл матчта «Тараздың» шабуылшысы Серж Нюядзи да гол соққан, бірақ Ай­дын Рахымбаев бастаған тө­ре­шілер гол ойыннан тыс жағ­дайда соғылды деп есептемей қойды. Екі ұжымның арасында өткен алғашқы кездесуде «Тараз» 3:2 есебімен басым түскен-ді.

«Тобыл» – «Жетісу» – 2:0

«Қайрат» пен «Ордабасының» ұпай жоғалтқанын, «Астананың» жеңілгенін Қостанайдың «То­былы» тиімді пайдаланып кетті. «Жетісу» командасымен өткен ойында 2:0 есебімен жеңіске жет­кен Григорий Бабаянның шә­­кірттері 20 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орынға көте­­ріліп, чемпиондық таласқа қо­сылды. «Тобылдың» екі голын екін­ші таймда легионерлер Джаба Канкава мен Жереми Манзорро соққанын айта кетейік.

«Қайрат» – «Астана» – 3:0

Жексенбі күні ел чемпиона­ты­ның алтыншы турында ке­йінге шегерілген «Қайрат» пен «Астана» арасындағы «Ел-кла­сико» матчы өтті. Кездесудің алғашқы 20 минутында «Астана» фут­болшылары тәуір ойын көр­сетті. Бірақ мүмкіндіктерін сәтті пайдаланған «Қайрат» ойыншылары бірінші болып есеп ашты. 24-минутта қырғызстандық Гүл­жігіт Алықұлов гол соғып, ко­мандасын алға шығарды. Ал­матылықтар екінші таймды да қарқынды бастады. Алғашқы бес минуттың ішінде екі гол со­­ғып, ойын тағдырын шешіп тас­тады. Алдымен 46-минутта Айбол Әбікен Алықұловтың пасынан кейін көзге түссе, 49-минутта «Астана» қорғаушысы Ра­дакович өз қақпасына гол соғып алды. Бұл сәтте де соққыны Гүл­жігіт жасаған еді. Осылайша, бі­рінші «Ел-класико» матчы «Қай­раттың» жеңісімен ақталды. Бұл ойыннан кейін «Қайрат» турнир кестесінде 29 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Ал екінші орында тұрған «Астананың» еншісінде 21 ұпай бар.

1