Руханият • 06 Қазан, 2020

Тән азығы – таңғы серуен

1477 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жып-жылы төсектен жылыстап, тәтті ұйқыны тәрк ету көп адамдар үшін оңай болмауы мүмкін. Алайда таң алакеуімнен тұрып, таза ауада серуен­деу талай дерттің таптырмас емі. Осы бір істі өмірлік дағ­дыға айналдырған жан­ның тәні мен жаны ұшан- теңіз пайдаға кенеледі.

Тән азығы – таңғы серуен

Таңғы жұпарды тамсана жұтып, таза ауада жарты сағат серуен құру жүрек ауруының алдын алады. Статистиканы сөйлетсек, жыл сайын жер ша­­рында 18 млн адам дәл осы  дерттің салдарынан өмірмен қош айтысатын көрінеді. Ал Қазақстан тұтас ТМД ішінде жүрек қан-тамырлары ауруына шалдыққандардың саны бо­йынша көш бастап тұр.

Таңертеңгілік серуен ағза­ның зат алмасуын қалыпқа түсіріп, жүрек жұмысын жақ­сартады. Ағзадан эндор­фин, яғни қуаныш пен ләззат алу гармоны мен пайдалы ақуыз­дар түзіліп, жүйке жүйелері мен миға тарайды. Сол арқы­лы бойдағы уайым мен мазасыз­дықтан арылуға болады. Бұл өз кезегінде есте сақтау қабілетін жақсартып, ой ұшқырлығын да дамыта түседі.

Ғалымдар таңертеңгі күн сәу­лесінің дене сымбаты үшін пайдалы екендігін әлде­қа­шан дәлелдеген. Тәуліктің ал­­ғашқы бөлігінде денеге тараған күн сәулесі тәуліктің екінші бөлігіндегі күн сәуле­сіне қарағанда ағзадағы мето­бализмді жақсартуға бейім. Әсіресе шығармашылық адам­дары үшін таңғы серуен нағыз шабыт сыйлайтын ерекше сәт.

– Таза ауада жаттығу мен серуен біздің рухани өміріміз үшін аса маңызды. Сыртқы сауыты мен ішкі жан дүниесі үйлесім тапқанда ғана адам өзін шынайы бақытты сезіне алады. Күйзеліске ұшыраған жан ерте тұрып серуен құрып, жаттығу жасаса жаңа күннен жаңа құлшыныс пен тың серпін алады. Өзіне деген сенімділігі артады. Көңіл күйі көтеріліп, айналасына нұр-шуақ себеді. Өйткені барлық тіршілік таңғы уақытта қайта тіріліп жаңа өмірге бет алады. Бұл кезең адам­ға рухани қуат береді. Алуан түрлі идеялардың тас­қын­дайтын шағы да осы кез. Өкінішке қарай, ұйқыны жақсы көретіндер бұл олжадан құр алақан қалып жүр. Жаратушы адам баласына зор қабілет пен шексіз мүмкіндіктер сыйлаған. Таңғы жаттығудан қапы қалған жанның ағзасындағы зат алмасу үдерісі баяулап, иммунды жасушалардың құрылуы бә­сеңдейді. Түрлі ауруларға тө­теп беру қабілеті төмендейді. Жан мен тәнді баптаудың ең ләззатты әрі арзан түрі – таңғы серуен, – дейді психолог Дина Хасенова.

Дүние жүзінің ғалымдары әлемді әбігерге салған пандемия­дан сақтанудың бірден-бір төте жолы қимыл-қозғалысты үдетіп, таңертеңгі уақытта көбірек серуендеу екенін жарыса жазды. Адамзаттың ардақтысы болған пайғам­барымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Уа, Алла, таңғы уақытта ме­нің үмбетіме береке бер» деп дұ­ға жасаған. Бұл өз кезегінде таң­ғы уақыттың адамға әкелер ырысы мен пайдасын айғақтап тұр. Дені саудың – жаны сау. Әр күнімізді нәтижелі әрі табысты өткізу таңды қалай бас­тағанымызбен тікелей байланысты. Ендеше, таңмен таласа оянып таза ауада серуендеуді дағдыға айналдырайық.

 

АЛМАТЫ