Аймақтар • 06 Қазан, 2020

Қарағанды облысында жалғызбасты әкеге баспана сыйлады

427 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұра ауданындағы Көбетей ауылының тұрғыны Серік Бәкіровтің тұрып жатқан баспанасы саман кірпіштен соғылған ескі үй-тұғын. Таяуда, қайырымды жандардың қамқорлығының арқасында төрт баласы бар жалғызбасты осы азамат жаңа үйге ие болып, қоныс тойын тойлады, – деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысында жалғызбасты әкеге баспана сыйлады

Жақсы іске мұрындық болған "Харекет" қайырымдылық қоры екен. Аталған қордың өкілі Азамат Мұқашев отбасының екі бөлмелі ескі саман үйде тұрып жатқанын естігеннен кейін, өзі бас болып, жаңа баспана алуға қаражат жинаған. Соның нәтижесінде Бәкіровтер отбасы бес бөлмелі жаңа үйге қол жеткізді.

Жалғызбасты әке Серік Бәкіровтің үлкен ұлы жиырмаға биыл келген. Кенжесі тоғыз жаста.

"Қорға және бізге қол ұшын беріп, көмектескендердің барлығына рахмет. Ең бастысы, үйдің жанында бау-бақша өсіретін үлкен жер телімі бар екен. Балаларым көкөніс егіп, еңбектің қадірін жасынан түсініп өсетін болды", – дейді қуанышы қойнына сыймаған жалғызбасты әке.

Бұдан бөлек, облыстық қайырымдылық қорының бөлімшесі хабарлағандай, ізгі ниетті жандардың көмегінің арқасында биыл "15 күнде 30 үй" акциясы аясында қарағандылық тағы да төрт отбасы қоныс тойын тойлады.

 

 

Қарағанды облысы