Қоғам • 06 Қазан, 2020

Интернет пен ұялы байланыс қызметтерінің тарифі қымбаттады

1012 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде өткен айдың басында 24,2 млн ұялы байланыс абоненті болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі абоненттер санынан (25,9 млн абонент) 6,5%-ға аз. Тұтынушылардың 63,3 пайызы интернет желісіне қосылған. Finprom.kz-тің ақпараты бойынша бір жыл ішінде интернет тарифі 2,6%-ға, ал ұялы байланыс қызметі 1,7%-ға қымбаттап, 2,5 млн абонентке дейін қысқарған, деп хабарлайды Egemen.kz

Интернет пен ұялы байланыс қызметтерінің тарифі қымбаттады

Қазақстанда ұялы байланыс және интернетке тіркелген абоненттер санының азаюына қарамастан, байланыс қызметтерінің көлемі айтарлықтай өсті. Мысалы, ағымдағы жылдың қаңтар-тамызында еліміздің телекоммуникациялық компанияларының байланыс қызметінен алған кірістері 8,3 пайызға ұлғайып, 574,2 млрд теңгені құрады. Өткен жылы ол 519,9 млрд теңге болған еді. Кірістер өсімінің негізгі себептерінің бірі − интернет-провайдерлер мен ұялы байланыс операторлары тарифінің көтерілуі.

Интернет ұсыну қызметі саласындағы телекоммуникациялық компаниялардың кірістері бір жыл ішінде 13,2%-ға өсті және 213,4 млрд теңгеге жетті. Бұл телекоммуникация нарығындағы қызметтердің жалпы 37,2%-ға құрайды. Сонымен қатар ұялы байланыс қызметтерінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5%-ға артып, 151,7 млрд теңгені құрады. Соның ішінде халыққа көрсетілген ұялы байланыс қызметтері ақшалай мәнде бір жылда бірден 5,1%-ға, яғни 108,1 млрд теңгеге дейін өскен.

Сондай-ақ өңірлік бөліністе байланыс қызметтері көлемінің 80%-ы Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі. Ұлттық Экономика министрлігіне бағынысты Статистика комитетінің мәліметінше, ұялы байланыс көлемі ұялы байланыс операторлары тіркелген мекенжайы бойынша бөлінген. Мәселен, Алматыдағы байланыс қызметтерінің көлемі 336,6 млрд теңге болса, ал Нұр-Сұлтанда 121 млрд теңгені құрайды. Бұдан бөлек, сектордағы қызмет көрсету көлемі бойынша Қарағанды (13,8 млрд теңге), Шығыс Қазақстан (13,2 млрд) және Алматы (9,9 млрд) облыстары көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгертулер енгізді. Енді мобильді операторлар абоненттерге өзге тарифтік жоспарлармен қатар, төлем бір күнтізбелік айға жасалатын тарифтік жоспарды да  ұсынуы тиіс. Енгізілген өзгертулердің арқасында абоненттер тарифтік жоспарлардың ішінен өзіне қажетін таңдай отырып, оны толық бір ай пайдалана алады. Мысалы, егер абонент тарифтік жоспарға айдың соңғы күні қосылса, оның жеке шотынан байланыс қызметі үшін төлем келесі айдың соңғы күні шегеріледі.

Мұнымен қоса,  ережеге "базалық тарифтік жоспар" ұғымы енгізілді. Аталған тариф абоненттік төлемді талап етпейді, тек нақты пайдаланған минут немесе SMS санына ғана төлем жасай отырып, қоңырау шалуға және SMS жіберуге мүмкіндік береді. "Базалық тарифтік жоспар" абонент нөмірді басқа ұялы байланыс операторының желісіне ауыстырғанда (MNP қызметі), жаңа тарифтік жоспарды таңдап үлгермегенде, сондай-ақ қолданыстағы тарифтік жоспар әрекет етуін тоқтатқан жағдайда ғана қосылады.

Айталық, бұған дейін ұялы байланыс операторы абонентте қандай да бір тарифтік жоспар болмаса, оны өздері абоненттің келісімінсіз кез келген тарифтік жоспарға қоса алатын. Енді олар өзгерісті жылына бір рет қана енгізе алады және бұл туралы абонентті нақты өзгерістерге дейін күнтізбелік отыз күн бұрын хабардар етуге міндетті.

"Қазақтелеком" АҚ 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3499 теңгеге жаңа "Бастапқы" пакеттік тарифтік жоспары енгізілді. Бұл топтама қолданыстағы ең төменгі тарифтік жоспардан (3 550 теңге) 5,5% төмен және оған 10 Мбит/с дейінгі жылдамдықпен Интернет қызметтері және Қазақстан бойынша лимитсіз қоңыраулармен телефон байланысы мен Алтел/Теле2 желісіне қоңырау шолу кіреді.

Ал "Қазтранском" АҚ абонентті байланыс қызметтеріне қосу бойынша жұмыстарды жүргізуге 50% жеңілдік, сондай-ақ телефонның абоненттік төлеміне ай сайынғы 10% жеңілдік және интернет қызметтерінің абоненттік төлеміне 15% жеңілдік ұсынады. "Транстелеком" АҚ ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген тұлғалар үшін интернет желісіне қатынау қызметіне 5% жеңілдік ұсынады.

"Кар-Тел" ЖШС жаңа "Әлеуметтік", "Әлеуметтік плюс" тарифтік жоспарларының желісі және "Мұғалімдер мен оқушыларға арналған" тарифтік жоспары әзірленді. Тарифтік жоспар бойынша абоненттер ұялы байланыс қызметтерін айтарлықтай төмендетілген бағамен (590 теңгеден бастап) алады.

Сонымен бірге "Ерекше" ТК "Кселл" АҚ-да "Кселл" абоненттері үшін қазір де қолжетімді болмақ. Тарифтік жоспар бойынша 1 және 2 топ мүгедектері мен есту қабілеті нашар мүгедектер желі ішінде 1 теңгеден, басқа операторлардың желісіне 9 теңгеден, басқа операторлардың желісіне 1 SMS үшін 2 теңгеден шығыс байланыс алады.

Айтылған мәселелер әлемдік мінберде де шешімін таптай келеді. Себебі жаһанды жаулаған пандемияның әсері роумингтік байланысқа да зардабын тигізуде. Роумингті тұтынушылар санының өсуіне қарамастан, операторлар халықаралық роумингтен жоспарланған кірісті жыл соңына дейін қалпына келтіргісі жоқ.