Білім • 06 Қазан, 2020

ЖОО-дарында жан басына берілетін қаражаттың 50%-ы жалақыға жұмсалады

189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Білім сапасын көтереміз десек, онда оның ең басты шарты − оқытушылардың жалақысы. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында айтып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

ЖОО-дарында жан басына берілетін қаражаттың 50%-ы жалақыға жұмсалады

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында оқытушылардың жалақысын көтеру бойынша нақты тапсырма бергенін және бұл тапсырма бойынша нақты қаржымен бекітілгенін атап өтті.

"Жан басына қаржыландыру әдістемесі бар. Сол әдістемеге өзгеріс енгізетін боламыз. Тапсырма бердім. Әдістемеге "Білім және ғылым министрлігіне қарасты ведомстволық университеттер жан басына қаржыландыруға берілген қаражаттың кем дегенде 50 пайызын жалақыға жұмсау керек" деген норма енгізіп жатырмыз. Өйткені білім сапасын көтереміз десек, онда оның ең басты шарты – оқытушылардың жалақысы. Сондықтан бұл мәселе әрі қарай да біздің дербес бақылауымызда болады", деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ министр педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысын көтеру мен шекті баллды көтеру және докторанттардың шәкіртақысын арттыру тапсырмасы нәтижелі орындалғанын тілге тиек етті.

2019 жылдың тамызымен салыстырғанда қазіргі уақытта оқытушылардың жалақысы 40-50 пайызға өскен екен.