Экономика • 07 Қазан, 2020

Қазақстанның WGI-дегі көрсеткіші жақсарды

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік банк жыл сайынғы Мемлекеттік басқару индикаторлары (Worldwide Government Indicators WGI) есебінің жаңартылған нұсқасын жариялады. Бұл – Дүниежүзілік банк тобының мемлекеттік басқарудың сапасы мен тиімділігі саласындағы әлем елдерінің жетістіктерін бағалайтын кешенді зерттеу.

Қазақстанның WGI-дегі  көрсеткіші жақсарды

Зерттеу әдістемесінде мемлекет­тік басқару сапасының негізгі көр­­сеткіштерін кешенді түрде айқын­­дайтын 6 негізгі индикатор қол­данылады. Жаңартылған есеп­те Қа­зақстан 5 көрсеткіш бойын­ша оң нә­тиже байқатқан. Атап айт­қан­да, үкімет жұмысының тиім­ді­лігі, рет­теушілік климат сапасы, саяси тұрақт­ылық, заңның үстем­дігі, сон­дай-ақ жемқорлықпен күрес­те жақсы көр­сеткіш тіркелген. Дүние­жүзілік банк үкіметтің билік институттарын күшейту, олардың тиімділігін, ашық­тығын және болжамдылығын арттыру бағытындағы жүйелі жұмы­сын жо­ғары бағалады.

Зерттеуге сәйкес, Үкімет жұмы­сының тиімділігі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасы мен саяси-экономикалық бағыттағы тұ­рақ­тылық, сондай-ақ халықтың не­гізгі мемлекеттік қызметтерді (көлік, инфрақұрылым) тұтыну деңгейін арттыру есебінен жақсарса керек.

Реттеушілік климатқа тоқталсақ, еліміз бірнеше жылдан бері қалған өлшемдермен салыстырғанда, ең үздік нәтижені көрсетіп келеді. Был­тыр Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін бизнес жүргізудегі тәуекелдерді төмендету бағытында тиімді жұмыс жүргізу арқылы өз орнын көтерді.

Дүниежүзілік банк есебінде би­ліктің сабақтастықты қамтамасыз ету­де, сондай-ақ ішкі және сыртқы жан­­жалдарды болдырмау есебінен елі­міздегі саяси тұрақтылық көрсет­кіш­­терінің жақсарғаны туралы ай­тылған.

Заң үстемдігіне келсек, дауларды баламалы реттеу жүйесін дамыту, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сол секілді азаматтық және қыл­мыстық заңнамаларды жақсарту есебі­нен ілгерілеу байқалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес бойынша халықтың парақор­лықты қабылдау субиндикатор­ла­рының жақсаруы негізінде және биз­нес жүргізуде жемқорлық тәуе­кел­­дерінің төмендеуі есебінен артты.

WGI есебін озық халықаралық қар­жы ұйымдары, даму институттары және рейтинг агенттіктері ұлттық эко­номикалардың болжамдары мен несиелік бағалауларын қалыптастыру үшін кеңінен қолданады.

Зерттеу нәтижелері бойынша Fitch рейтинг агенттігі де ұлттық эко­но­миканың кредиттік бағасын «BBB» деңгейінде нығайта отырып, Үкімет жұмысының оң динамикасын атап өтті. Биыл тамызда пандемиядан туындаған әлемдік экономикалардың кредиттік бағалауларын қайта қа­растыру арқылы Fitch Қазақстан эко­номикасының «BBB» деңгейіндегі пандемияға дейінгі бағалауын растады. Демек болжам тұрақтылықты көрсеткен.