Әлем • 07 Қазан, 2020

Маорилер мұңы

1402 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алғашында Абель Тасман, одан кейін Джеймс Кук келіп, XVIII ғасырда Жаңа Зеландия деп ат қойылған аралға XIX ғасырда еуропалықтар ағылғанға дейін маори халқы дәстүрі, тілі, танымы, өзіне тән бай мәдениетімен жұмақ мекенінде жайбарақат өмір сүріп жатқан-ды.

Маорилер мұңы

Маорилер о баста бұл жерге полинезия­лық көп аралдың бірінен келіп қоныстанған дейді. Өздері Ұзын ақ бұлтты жер деп атап кеткен құтты мекенде олар өзара шарпысып, кейде тату, кейде қату болып мың жылдай тірлік кешіпті. Ал бұл мамыражай өмір еуропалықтардың келуімен өзгере бастады. Тасманды да, Кукты да аралдықтар қабылдағысы келмеді, араларында қақтығыс та болады.

Маорилерде келген қонақты жауын­герлік рухтағы бимен қарсы алу дәстүрі бар-тын. Мейман сонда гүлді алса, бейбіт қонақ болғаны, ал жерден қаруды көтерсе, жаулық пиғылын көрсеткені. Мұны аңғарып үлгерді ме екен, еуропалықтар гүлді алады да, жергілікті халық оларды төбесіне көтеріп, жатып жастық, жайылып төсек болады. Ал ішіне еніп алған соң меймандар менмендікпен жергілікті жұртты өздерінен төмен, жабайы санап, мұндай өр халықтың санасын жауламаса, мойынсұнбасын түсінеді. Сөйтіп олар алдымен маори тілін үйренеді. Үйреніп алған соң ағылшын тілінде мектептер ашады. Мұнымен тоқтамай, маорилер арасындағы ықпалды, беделді кісілерге де тіл үйретеді. Арада шамалы уақыт өткенде ағылшын тілі мен идеологиясы басымдыққа ие болып, бір тілді халық айыр тілді жұртқа айналып шыға келеді. Бара-бара тіл ұмытыла бастайды. Осылайша өткен ғасырда маори тілі жоғалып кететін тілдердің қатарына енді.

Маорилер белсенділері осы сәтте қимылдай бастайды. Бұл 1970 жылдар еді. Олар алдымен өз ішіндегі беделді, көпшілікке танымал кісілерді ана тілінде сөйлетуге жанын салады. Бұл кәдімгідей сәтті қадам болады. Содан кейін балабақша жасындағы балаларға арналған «Ата-әжеден – немерелерге» деген бағдарламаны қолға алады. Сол кезеңде ата жолынан айныған жұрт христиан болып кеткен еді. Енді шіркеулер жанында ата-әжелерден немерелерге жаппай тіл үйрету жұмысы жүреді. Бұл курс та жемісін береді. Енді мектепке дейін маори тілінде сөйлеуді үйренгендер үшін мектептер ашуды ойластырады. Алдымен тек бастауыш сыныптар ашылып, бірте-бірте орта мектеп деңгейіне жеткізіледі. Белсенділер бұл жолда өз қаражаттарын салып, жан-тәнімен беріліп, ана тілін сақтап қалу жолында аянып қалмайды. Ал орта мектептердің саны ұлғая бастағанда билік онымен санасу керегін ұғып, енді мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Сөйтіп 1997 жылы 3 700 оқушы маори мектептерінде оқиды.

Маорилердің тіл үшін күрестегі ерлігін зерттеген Спольский атты ғалым арал тұр­ғындарының ояну құбылысының түп­кілікті жеңіске жетуі үшін орта мектептер аздық етеді, ол үшін жоғары оқу орындарында маори тілінде даярланған барлық саланың мамандары қажет деген ой айтады. Өйткені маори тілі тұрмыста ғана қолданбай, ғылым тілі болғанда ғұмырлы болмақ.

Бұдан кейін Альбюри атты тағы бір ғалым маори тілінің тірілуіне зер салып, арнайы сауалдамалар жүргізеді. Сонда аралдықтардың өз тілінің дамуына өте пейілді екенін бағамдайды. Алайда ағылшын тілінің кеңістігі зор, ал маори тілі ғылым-ілімнің тілі болуы үшін әлі де материалдық база, мықты мамандар керек. Тілін аман сақтап қалу үшін жанталасып күрескен маорилер әлі де үлкен еңбектің үстінде.

Ана тілінің өрісін кеңейтеміз деген маорилер басындағы мұңын ысырып, тілінің қадірін ұғынуымен қатар еуро­па­лықтарға өздерінің төл мәдениетінің жоғары деңгейін де дәлелдеді. Бұған турис­тер мен зерттеушілердің мойындаулары айғақ бола алады. Маорилер ағылшындар есептегендей жабайы емес, биік мәдениеті, туыстық қатынастары, жауынгерлік рухы болған, өте тәлімді ел екен. Ендеше, мұндай мәдениеттің жойылуына жол жоқ екеніне көз жетіп, Те-Вахипоунаму атты маорилер кие тұтатын көне мекен, мәдениет ошағы ЮНЕСКО қорғауына алынған.

Шағын аралдың шағын халқының үлкен ерлігі осындай.