Саясат • 07 Қазан, 2020

Ымыраласудың лаңы қазына қаржысын қымқыруға жол беріп отыр

243 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жоғары деңгейде жүріп жатыр. Бұл істе атқарушы билік сатысындағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты талап күшейді. Алайда қазына қаражатын қымқыруға бейім лауазымды тұлғалар қатары азаймай отырғаны өкінішті. Әсіресе жең ұшынан жалғасу мен пара алу әрекеті аймақтарда байқалуда.

Ымыраласудың лаңы қазына қаржысын қымқыруға жол беріп отыр

Жемқорлыққа қатысты жаманатқа ілігу жағдайы Жетісу өлкесіне де жат болмай тұр. Оның ішінде шенеунік­тер тарапынан мемлекет қаржысына қол сұғудың дерегі жиі анықтала бас­тағаны қынжылтады. Бұл мәселеге жа­қында Алматы облысына арнайы сапармен келген Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері де алаңдаушылық білдірді. Дерек бойынша жемқорлыққа қатысты заң бұзу дерегі облыстың жер қатынастарына жауапты мекемелер арасында жиі байқалған. Бұл салада жыл басынан бері 47 факті тіркелген. Осының кесірінен Алматы облысы жер қатынастары саласындағы жемқорлық бойынша екінші орынға шығып отыр. Заңды белден басуға жиі жол беретін саланың екіншісі мемлекеттік сатып алу жүйесі екен. Биыл бұл бағыт бойынша 60 дерек анықталыпты. Нәтижесінде, миллиондаған теңгені құрайтын бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілген. Қазына қаржысын оңды-солды жұмсау бойынша Еңбекшіқазақ ауданы озып тұрған көрінеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республи­калық қоғамдық кеңестің анықтаған дерегі бойынша осы ауданда 485 млн теңге бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалған.

Жең ұшынан жалғасу мен ымы­раласудың зияны өңірдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген мол қаражаттың тиімді жұмсалуына да кедергі болып отыр. Бұл бағытта облыстың жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өнімді жұмыс істеп отыр. Өткен бір айдың ішінде Алматы облысы бойынша Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы қызмет өкілдері бірнеше лауа­зымды тұлғаға қатысты тергеу жұ­мысын бастады. Мысалы, Қапша­ғай қаласы аумағындағы жолдарды жөндеуге бөлінген қаржының 14 млн теңгесі қолды болған. Бұл қылмыс бо­йынша Қапшағай қаласы­ның автокөлік жолдары және жолау­шылар көлігі бөлімінің лауазымды қызметкерлері күдікке ілінді.

– Шенеуніктерге «Жұмыспен қам­тудың жол картасы» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында бөлінген қара­жатты жымқырды деген айып тағылып отыр. Олар Заречный ауылдық ок­ругі көшелерінің ағымдағы жөндеу жұ­мыстарын жүргізуге міндеттелген ЖШС басшысымен жасалған шарт бойынша мемлекетке 14 млн тең­­­ге­ден астам залал келтірген. Яғни, іс жүзінде орындалмаған жұмыс көлемі үшін қабылдау актісіне қол қо­йып, сол үшін пара алған, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ күні кеше ғана жем­қор­лыққа қарсы қызмет облыстың ішкі мемлекеттік аудит департаменті бас­шысының орынбасары мен осы ме­кеменің бас маманына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Лауазымды тұлғалар бұл жолы Жамбыл ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысынан 1 миллион теңге көлемінде пара алған.

Жалпы, жемқорлыққа қатысты ұс­талып, сот шешімімен жазаланған ше­­­неуніктер жоқ емес, бар. Алайда ар жолынан айныған адамдардың ісі өзгелерге сабақ болмай отыр. Тіпті қол астындағы қызметкерінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікке ілі­­нуінен кейін жұмыстан өз еркімен кетуге арыз жазған Текелі қаласы­ның экс-әкімі Бақтияр Өнербаевтың өнегесі де ешкімге сабақ болмапты. Өйткені жақында кеншілер қаласының тағы бір мемлекеттік қызметшісі пара алды деген күдікке ілінді. Анығында, Те­ке­лі қалалық жұмыспен қамту орта­лығының директоры жекеменшік оқу орынымен ымыраласып, «Еңбек» бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаржы­сын игеруге қатысты жалған құжатқа қол қойған. Шенеуніктің ісі қазір тергеуде.

Айтпақшы Алматы облысында мем­лекет қаржысын талан-таражға салу қылмысы пандемияға қатысты жа­рияланған төтенше жағдай кезінде де толастамаған. Тіпті облыс тұрғын­да­­ры коронавирус індетінің зардабын ше­­гіп отырған шақта, облыстың денсулық сақтау саласының шенеуніктері қал­тасын қампайтуға жол берген. Мә­селен, өңір халқына дәрі-дәрмек пен ауруханадан орын табылмай жатқан қы­сылтаяң кезеңде облыстық жедел жәрдем стансасының басшылығы «Денсаулык» бағдарламасы аясында бөлінген 2,55 млн теңге қаражатты өңештен өткізіп үлгерген көрінеді. Ал іс бойынша айыпты деп танылған «Облыстық жедел жәрдем стансасы» мекемесінің директоры Қ.Қалдыбаев 30 240 930 теңге айып төлеп жазадан құтылса, мекеменің бас инженері Д.Туғамбаев 3 жарым жылға бас бос­тан­дығынан айырылған болатын.

 

Алматы облысы