Технология • 07 Қазан, 2020

ZOOM-ға балама жасалды

613 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пандемия басталғалы өмір сүру тәртібіміз өзгеріп, қашықтан қарым-қатынас орнататын күнге жеттік. Жаңа жағдайда түрлі жиындар мен білім беру саласы онлайн форматқа көшіп, дамудың жаңа деңгейіне қадам басқандай болдық. Осы бір сәтте ZOOM платформасының игілігі кім-кімге де тиген болар. Алысты жақын етіп, мыңдаған қашықтықты жалғаған бұл қосымшаға алғашында балама жоқтай көрініп еді. Енді міне, павлодарлық өнертапқыш америкалық қосымшаға балама болар платформа жасап шығарыпты.

ZOOM-ға балама жасалды

Бұған дейін бірнеше әлеу­меттік жобаларды дүниеге әкел­ген павлодарлық өнер­тапқыш Әл-Фараби Ұзақ жұмыс істеу тәртібі ZOOM-ға ұқсас МееТоU платформасын іске қосты. IT-маманның айтуынша, бұл жү­йенің америкалық платформадан артықшылығы көп. Егер ZOOM-ның тегін жүйесінде адам саны 100-бен, ал уақыт ұзақтығы 40 минутпен шектелген болса, отандық платформа­да мұндай шектеулер жоқ. Мұнда бағдарламаны жүктеп, кей адамдарға әрі қарай нені басу керек, оны қалай жүктеу керек деген сынды мәселелер болмайды, өйткені МееТоU платформасын компьютерге немесе смартфонға жүктеу қажет емес. Қолданушы арнайы сілтеме ар­қылы бейнеконференцияға автоматты түрде қосылады.

Өнертапқыштың айтуын­ша, аталған қосымша бір адам­ды екінші адаммен видео ар­­қылы байланыстыруға мүм­­кіндік беретін WebRTC тех­нологиясымен жасалған. Қо­сымшаның жұмыс істеу принципі кез келген адам үшін қо­лайлы әрі оңай. Мұнда да аме­рикалық платформадағыдай микрофоныңыз бен камераңызды қажет уақытында өзгелерге бө­гет жасамас үшін өшіре аласыз. Спикермен интерактивті байланыс орнату үшін қажет болатын функциялардың барлығы қарастырылған.

«МееТоU қосымшасын жа­сау кезінде ең әуелі түрлі бейне­байланыс орнатушы бағ­дар­ламаларды зерттеп шықтым, оған бір жарым айға жуық уақыт кетті. Зерттеу жұмыстарының қорытындысы нәтижесінде бір ай ішінде өзіндік артықшы­лықтары бар отандық платформа дүниеге келді. Қазір адамдарға бағдарламаны қолдану жеңіл болуы үшін iOS және Android-қа арналған жүйе жасалды. Ен­ді мобильді қосымшаны App Store және Play Маркетке салуды жос­­парлап отырмыз», –  деді Ә.Ұзақ.

Бүгінде МееТоU қосымшасы арқылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік уни­верситетінің студенттері онлайн білім алуда. Сондай-ақ плат­форма көмегімен университет педагогтерінің жиналысын онлайн-форматта өткізу тестіленіп жатыр. Әзірге оған бір уақытта әрқайсысында 100 адам бар 4 лек қосыла алады. Ал­дағы уақытта олардың санын арттыру көзделген.

It-Hub директорының міндетін атқарушы Дария Әбікенова қазір аталған сервис апробациядан өткенін және оны оқу үрдісіне енгізу үшін жұмыстар сәтті жүзеге асырылып жатқанын айтады. Әл-Фараби Ұзақ платформа тестілеу деңгейінен өт­кен соң, толықтырулар мен өзге­рістерден кейін қосым­ша­­ны еліміздің басқа да оқу орындарына ұсынуды жоспарлап отыр.

Жас маманның бұған дейінгі ауыл шаруашылығы өнімдері тауарларын бір жүйеге байланыстырушы KazAgroTrade және түрлі тауарларды жет­кізу қызметін ұсынушы GreenMart қосымшалары қолдану­шылар­дың жұмысын жеңілдетіп, уақытын үнемдеп, әлеумет арасында кең қолданысқа енген еді. Ендігі ішкі байланыс құралы ретінде жасалған дүниесі де қоғамға пайдалы болады деп сенеміз.