Петропавлдың "Егемен Қазақстан" көшесінің бойындағы жатақхана тұрғындары бірнеше жыл бойы үнемі айғай-шу, төбелес, ұрыс-керістен әбден зәрезап болған еді. Өйткені мұнда жұмыс істемейтін, арақ-шарапқа бұрылып кеткен еркек-әйел көп болатын. Бұларды тек қатаң жауапкершілікке тарту арқылы ғана түзеуге болатын еді.
Тәртіп сақтауға белсене кіріскен учаскелік инспекторлар әрбір шақыру сайын басбұзарларды ноқталаудан жалықпады. Егер олар өз істеріне жүрдім-бардым қарап, көз алдау үшін ғана көрініп, қайтып кететін болса, тәртіпсіздік жалғаса берер еді. Бірақ учаскелік инспекторлар өз істерін түпкілікті орындап, басбұзарлардың емін-еркін ойқастауына жол бермеді. Соның арқасында ақыры тәртіп орнап, қазір тұрғындардың учаскелік инспекторларға айтар алғысы шексіз. «Бізбен бірге болғандарыңызға зор алғыс айтамыз», деп жазыпты "Экватор" ПИК төрайымы Оксана Бабыкпаева қалалық полиция бастығына жазған хатында.
"Учаскелік полиция инспекторы Асхат Дәркеев пен бұрынғы инспектор Елнұрға (тегі есімде жоқ) зор алғыс білдіргім келеді. Біз, бірлесе отырып, үш жыл бойы заңға бағынбайтын азаматтармен күрестік. Түптің түбінде біз жеңіп шықтық. Тыныштықта өмір сүріп жатқанымызға бір жылдың жүзі болды. Қазір бізге жаңа учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді, шақырсаң бірден келеді. Жігіттерге де, басшылығына да рақмет. Адал, тәртіпті инспекторлар тек әділ әрі жақсы басшыларда ғана болады! Бізбен бірге болғандарыңызға зор алғыс", деп жазыпты ол.
ПИК төрайымы полицияның жұмысы туралы өзінің ризашылық пікірін WhatsApp-та құрылған "СҚО аулаларын мониторингілеу" тобына жолдаған екен. Бұл чат ПИК төрағаларын, жергілікті атқарушы билікті және жұртшылықты біріктірді. Соңғы кездері цифрлық ресурстардың көмегімен құрылған мұндай ашық әңгімелесу, көмекке мұқтаж жандарға жедел қол ұшын созуға септігін тигізуде. Білдірілген пікірлер – учаскелік полиция инспекторларының тиімді жұмыс істейтіндерін көрсетеді. Президент өзінің Жолдауында «қолжетімді полиция» қағидатын қамтамасыз етуді тапсырды ғой. Біз осы талапты мүлтіксіз орындауға тиіспіз. Соның ішінде учаскелік инспекторлардың халықпен осындай өзара қарым-қатынасы тапсырманы іске асыруға септігін тигізеді", дейді Петропавл қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Қазір Петропавлда 13 аймақтық полиция пункті жұмыс істейді, онда 97 учаскелік полиция инспекторы қызмет етеді.
"Өз учаскелік инспекторыңыздың байланыс телефонын СҚО ПД ресми аккаунттарынан білуіңізге болады" деген хабарландыруды әрбір үйдің кіреберісіндегі хабарландырулардан жиі көруге болады.