Бизнес • 07 Қазан, 2020

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасымен 106 жоба қаржыландырылды

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасымен 106 жоба қаржыландырылды

"Облыс экономикасы мұнай өндірісіне тәуелді екені білгілі. Өткен жылы мұнай өндірісі көлемінің 13%-ға төмендеуі өнеркәсіптік өнімнің 10,7%-ға азаюына алып келді. Жалпы, соңғы 7 жылда облыста мұнай өндірісі екі есеге дейін азайған. Биыл да 1 млн тоннаға кемиді деген болжам бар. Сондықтан өндеу өнеркәсібі бағытында облыс экономикасын әртараптарандыру бүгінгі күн талабы. Оны тек шағын және орта бизнесті дамыту арқылы қол жеткізе аламыз", деді палата директоры.

Соңғы мәлімет бойынша өңірде 46 647 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасауда. Бұл салаға биылғы пандемия ауыр тиді, ахуал әлі де болса күрделі.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан кәсіпкерлер арасында сауалдама жүргізіліпті. Оған облыс бойынша 11 064 қызметкері бар 3680 кәсіпкерлік субъектісі қатысқан. Сауалдама нәтижесіне сәйкес облыс бойынша кәсіпкерлік саласындағы қызметкерлердің 31% немесе 3 мыңнан астамы қысқартылғаны және 32 пайызы жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілгені белгілі болды.  

Қазір кәсіпкерлер қызметін Info Kazakhstan порталы арқылы жандандыруда. Бүгінгі күнге дейін портал арқылы 12000 кәсіпкер өтінім берді.  

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша бүгінгі күні жобалық кеңсенің қарауында жалпы сомасы 13,6 млрд теңге болатын 162 жоба бар. Оның ішінде 106 жобаны  банктер мен Аграрлық несие корпорациясы мақұлдап отыр. 14 жоба қаржы институттарының қарауында. Қалған жобалар бойынша құжаттар жинақталып жатыр.

"Бизнестің жол картасы" бағдарламасы шеңберінде құны 4 млрд теңге болатын 109 жоба субсидияланды.  

460 кәсіпкерлік субъектісінің несиелері бойынша төлемдер кейінге шегерілді және 49 кәсіпкерлік субъектісі шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие беру бағдарламасы шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға 8 пайызбен бір жылға 5 млрд теңгеге жуық несие алған.