Кеше Экономикалық даму және сауда министрлігінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен “Кеден одағы: мүмкіндіктері мен перспективалары” атты дөңгелек үстел отырысы болып өтті. Оған Кеден одағы комиссиясының жауапты хатшысы С.Глазьев, Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев, Парламент Мәжілісінің депутаты К.Сағадиев, сол сияқты Р.Алшанов, М.Махмұтова, К.Берентаев, С.Байзақов сынды ғалымдар қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Басқосуда бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Кеден одағы аясындағы әрбір келісім бойынша жұмыс тобын құруды ұсынды. “Жұмыс тобының құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерінен бөлек, депутаттарды және ғалымдарды қосу қажет, бұл ретте Кеден одағы аясындағы әрбір келісім бойынша қатысушы барлық елдер қандай да бір ымыраға келулері тиіс”, деп атап өтті Өмірзақ Естайұлы. Сондай-ақ темір жол тарифтеріндегі кейбір аса маңызды мәселелерді де назардан тыс қалдырмау керектігін тілге тиек ете келе “Бұлар іргелі мәселелер, сондықтан да әрбір келісім бойынша жұмыс тобын құрып, оның құрамына депутаттар мен ғалымдарды кіргізіп, талқылау қажет. Біз талқылауға мүдделіміз. Бұл соншалықты күрделі әрі терең іс болғандықтан, бір жерлерде келеңсіздік жіберіп алу ықтималдығы жоғары”, деді өз сөзінде бірінші вице-премьер.
Ө.Шөкеев осындай басқосулардың алда тағы да өтетіндігін хабарлады.
“Дөңгелек үстел” басындағы әңгіме жөнінде таяу күндері толығырақ сөз ететін боламыз.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.