Руханият • 07 Қазан, 2020

Мәдениет министрі "Рухани қазына – 2020" байқауының жеңімпаздарын марапаттады

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтоты Райымқұлова "Рухани қазына – 2020" байқауының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәдениет министрі "Рухани қазына – 2020" байқауының жеңімпаздарын марапаттады

"Мәдениет және спорт министрлігі осымен қатарынан үшінші жыл республикалық "Рухани қазына" фестивалін ұйымдастырып келеді.

Жаһандану заманында рухани құндылықтардың маңызы мен мәні бұрынғыдан да арта түсті. Өйткені, бүкіл әлем заманауи нанотехнологиялардың тілін меңгеруде. Біздің ел де бұл үрдістен қалыс қалып жатқан жоқ. Осындай кезеңдерде мәдениет пен өнер саласы да тыс қалмауы тиіс. Себебі, рухани азықтың қайнар бұлағы білім мен әдебиетте, өнер мен мәдениетте жатыр.

Дәл осы мақсатпен елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып тұңғыш рет онлайн форматта фестиваль өткіздік. Нәтижесі де жаман емес. Яғни, белсенділік, қатысушылар жағынан қызығушылық басым. Биыл номинация саны да біршама артты. Жеңімпаздарды ынталандыратын қаржылай жүлде қоры да аз емес.

Алайда, ең басты мақсат бұл емес. Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен мәдениет жанашырлары атсалысты. Алыс ауыл, аудан, моноқалалар мен ірі қалалардағы мәдени ойын-сауық ошақтары, кітапхана, музей қызметкерлері қатысты. Яғни, бәрі бір ортаға, бір алаңға жиналып пікір алмасып, біреуі білмегенін екіншісінен сұрап, тәжірибе жинақтады. Министрліктің ең басты көздегені де осы болатын.

Қазылар алқасы үш күн қатарынан онлайн форматта жіберілген жұмыстарды қарады. Үздігін сараптады. Бүгін соның нәтижесін жариялар сәт туды. 

"Ел іші – өнер кеніші" дейді дана халқымыз. Ұлттық мұраларымыздың ұмыт болмауы жолында, бар салмақ Өздеріңізге түседі. Сондықтан еліміздің әр өңірінен келген мәдениет жанашырларына мың алғыс!", деді Ақтоты Райымқұлова.

Айта кетейік, осымен үшінші рет өткен байқауға мемлекеттік музей, кітапхана, мәдениет үйлері мен ауыл клубтарынан жалпы саны 259 өтінім түсті. Оның ішінде 119 – кітапхана, 90 – мәдени ойын-сауық ошағы мен 50 музей бар.

Әр номинация бойынша жеңімпаз ұжымға 1 000 000 теңге, әр номинация бойынша жеңген жекелей азаматқа 500 000 теңге табысталды. Жалпы номинация саны 50.

Сондай-ақ үздік деп танылған өзге де өнерпаздарға "Арнайы жүлделер" қарастырылған. Марапаттау рәсіміне өңірлерден барлық жеңімпаз қатысты.