Аймақтар • 07 Қазан, 2020

Өліммен ойнаған өрескелдік

664 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының 48 жасар әйел тұрғыны полицияға қоңырау шалып, үйінде кісі өлтірілгенін хабарлаған. Мұндай төтенше оқиға елдің бәрін елең еткізіп, оқиға орнына Екінші полиция бөлімінің қызметкерлері шұғыл жіберіледі, деп хабарлайды Egemen.kz

Өліммен ойнаған өрескелдік

Адам өмірімен ойнауға болмайды. Оның үстіне кісі өлтірілуі қылмыстық кодекс бойынша ең ауыр қылмыс болып саналады. Қасақана кісі өлтірушілердің жазасы да ең ауыры. Алайда Петропавл қаласында осындай қылмыспен ойнайтын бір әйел шығыпты.   

Құрамында тергеуші, криминалист т.б. бар жедел топ төтенше оқиғаның себебін анықтау, кісі өлтіруші қылмыскерді ұстау, текргеу мақсатымен барлық жұмыстарын тастап, шұғыл жолға шыққан. Алайда олар орта жолға барғанда дабыл беруші әйелдің өзі хабарласып, шақыртудан бас тартатынын айтқан.

"Әйел өзі қоңырау шалып, ақпаратты жоққа шығарған. Аталған мекенжай бойынша учаскелік полиция инспекторы жіберілді", деді Петропавл қаласы ПБ Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.

Полиция капитаны Жанат Мұхамеджанов пәтерде масаң күйдегі әйел мен екі ер адамның болғанын анықтаған. Әйел отырыста адам өлімі туралы әзілдеп, көңіл көтермекші болған. Әйелдің мұндай әрекетке бұған дейін де барғаны белгілі болды. Наурыз айында да ол осылай "әзілдемек" болып, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің "Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру" бабы бойынша жауапқа тартылып, 80 мың теңгеден астам айыппұл төлеген екен. Ендігісі не екенін полиция біле алмай отыр. Оған полиция ойыншық болып көрінетін болуы керек.

Жас бала емес, жасамыс әйелдің осындай қылықтарға баруының өзі – түрлі күдіктер тудырады. Әлде оған мұндай бұзушылық үшін төлеген айыппұл аз көрінді ме екен? Шынында, мұндай бұзушылықтарды ұсақ демей, тиімді жаза қолдану керек қой. Полициямен әзілдеп, мазақ қылып, өтірік айтып, ойнамақ болғандар демократиялық дамуы барынша жоғары дамыған елдерде де қатаң жазаға тартылады. Мәселен, осындай өтірік дабыл үшін Германияда адам екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал Америка мұндайды "сватинг" деп атайды, ондайды жасағандар 10 мың доллар көлемінде айыппұл төлейді. Ал ізгілендіруді пір тұтқан біздің елдегі айыппұл долларға шаққанда бар болғаны 200 болып отыр. Осы мәселені заңдарға толықтырулар мен өзгерістер енгізгенде ескеру керек сияқты.